9 Желтоқсан 17:06
...

«Мұхаммед Нұран баб» кесенесі жаңа ғылыми зертеулерге жол ашты

кесене
Фото: baribar.kz

Жуырда Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданының Абай ауданында халықаралық ғылыми конференция өткені белгілі. Жоба «Мұхаммед Нұран баб»  қабірі кесенесінің ашылуына орайластырылған болатын. Аталған кесене бабтар дәуірінен жеткен жалғыз жазба ескерткіш саналады. 

Түркістан, NEGE. Өзгеше форматта өткен жиынға көршілес елдердің бірқатар ғалымдары қатысып, тақырып аясындағы сүбелі еңбектерін таныстырды. Атап айтар болсақ, Қырғызстан Президентінің кеңесшісі, халық жазушысы Арслан Қойчиев және профессор, түркітанушы Қадырали Конкобаев бастаған арнайы делегация мен  іргелес жатқан Жамбыл об­лысы, Шым­кент қаласының зиялы қа­уым өкіл­дері қатысты. Оқытушы-профессор, ғалымдар, археологтер мен тарихшылар, ауыл тұрғындары белсенділік танытқан жиында Парламенті Сенаты­ның депутаттары Дархан Қыдырәлі де төбе көрсетті.

қазына
"Білім қазына" ютуб жобасынан скриншот

Айта кетейік, осыдан алты жыл бұрын Абай ауылынан «баб» сөзі қашап жазылған құлпытас табылып, біраз ғалымның назарын аударған еді.  Арада уақыт өтпей қазба жұмыстары қолға алынып, нәтижесінде «Мұхаммед Нұран баб» атты тұлғаның құлпытасы анықталды. Бұдан соң еңселі кесенені қазба жұмыстарының қорытындысы есебінде түрлі ғылыми жобалар жазылды.

Өткен ғылыми конферен­цияда ­Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев тарихи ескерткіштер­дің туризмді дамытуда алар орны ерекше екенін айтып өтсе, сенатор Әлішер Сатыбалдиев Нұран баб кесенесін ғылыми айналымға енгізу керектігін алға тарты. Құлпытасты алғаш оқыған белгілі түрколог әрі дінтанушы-ғалым Зәріпбай Оразбайұлы «Нұран» – Алланың «Нұр» пайғамбардың нұрын жеткізуші, ал «баб» сөзі «дін қақпасы, яғни руханият есігі» деген мағынаны беретіні айтқан. Ал Археолог-ғалым Марат Тұяқбаев осы күнге дейін «баб» сөзі қашалған бірде-бір құл­пытас кездеспегенін тілге тиек етіп, құлпытастың бізге жеткен құнды жәдігер екенін жеткізді.

Ғалымдардың айтуынша, құлпытастың ерекшелігі – ондағы жазба төте жазумен жазылған, бұл эпиграфиялық түрғыда өте сирек кездесетін дүние болып табылады. Зерттеу қорытындысы бойынша, құлпытас 9-10 ғасырға тиесілі. Нұран баб өз заманының силы әрі беделді кісісі болған деген дерек бар. Қабірден табылған көне бұйымдар осыны аңғартады.

Белгілі археолог Нұрболат Ерденұлы құлпытас жанынан диірменнің табылғанын тілге тиек етті. Бұл әулиенің қасына жұбайы да жерленген болуы мүмкін деген болжамға жетелеп отыр. Сондай-ақ маман Абай ауылының үлкен қала болғанын айтады. Бұған қазба жұмыстары барысында табылған керамикалық құмыралар, түрлі темір бұйымдарының табылғаны дәлел бола алады. Бұл алда тағы терең зерттеулерді қажет етеді.

өазына
"Білім қазына" ютуб жобасынан скриншот

«Нұран баб» бабамыздың өмір сүрген уақыты 10-шы ғасырларға келеді. Себебі сол дәуірде Түркістан түркі дүниесінің алтын бесігіне айналды. Соның негізінде ғылым, ислам діні және билік дамыған»,– дейді белгілі шығыстанушы Зәріпбай Оразбай.

Абай ауылында өткен ғылыми жиында тарихи ескерткіштің маңыздылығына назар аударумен бірге оның сақталуына, насихатталуына үлес қосудың жай-жапсары талқыланған еді. Сондай-ақ алда кесене төңірегінде түрлі ғылыми еңбектер жазылатыны айтылды.

Айта кетейік, мемлекет қорғауына алынған «Мұхаммед Нұран баб» кесенесі келушілердің танып-білуіне қолайлы әрі ерекше әсер қалдыратындай заманауи үлгіде бой көтеріп, жабдықталған.