29 Қазан 00:23
...

МИТТАЛ 100 млн доллар ПАРАНЫ кімдерге берді?

Фото:

Саясаткер Болат ӘБІЛЕВ бұрынырақта журналист Вадим БОРЕЙКОҒА берген сұхбатында миллиардер Лакшми МИТТАЛҒА қатысты аса қызық деректер айтқан-ды. Алайда сол кезде бұған көпшілік аса назар аудара қоймады. Ал бүгін – Қарағанды облысындағы шахтада болған апаттан соң «Миттал Қазақстанға қалай келді?» деген сұрақ алдымыздан тағы көлденең шықты.

Б.Әбілевтің «Гиперборей» youtube арнасына берген сұхбатының Митталға қатысты тұсын NEGE оқырмандарына ықшамдап ұсынуды жөн көрдік.

«Оны жетектеп келген – Машкевич»

– Жуырда «Машкевичтің тобы Ақтөбеде жел электр стансасын салады» деген хабар тарады. Салыстыру үшін айта кетейін, Шығыс Қазақстан және Алматы облысында құны 150 млн доллардан сәл асатын 150 мегаваттық жел электр стансасын салдық. Ал Машкевич өзінің тобымен бірге Ақтөбе облысында 155 мегаваттық дәл сондай стансаны 250 млн долларға салмақшы. Айырмашылық – 100 млн доллар. Міне, ақша елден осылай кетіп жатыр.

– Машкевич «Еуразиялық топ Қазақстан экономикасына 7 млрд доллар инвестиция салады» деп мәлімдеді. Олар мұнша ақшаны қайдан алады? Сол сияқты Миттал да президент Тоқаевты «Қазақстанға 1 млрд доллар инвестиция саламын» деп сендірді.

– Бұлар тіпті цифрдан шатыса бастады. Жалпы, Миттал Қазақстанға Машкевичтің арқасында келген.

Коллаж NEGE

– Осы тұсты толықтырып айтыңызшы.

– 1995 жылы аустриялық Voestalpine («Фест Альпине») компаниясымен бірге бізді («Бутя капитал») «Карметкомбинаттан» қуып шықты. Комбинатта бізден бөлек «көлденең көк атты» Григорий (Гарри) Лучанскийдің Nordex деген жалған компаниясы болды. Жоғарыдағылар комбинатқа алдымен ақша салып, кейін жекешелендіріп алу үшін тағы біреулерді іздеген болуы керек.

Осы кезде Миттал пайда болды. Оны жоғарыдағылармен таныстыру үшін Қазақстанға Александр Машкевич ертіп келген. Миттал ВВС-ге берген сұхбатында мұны өзі мойындайды.

Бізді «Қарметкомбинаттан» қуып шығатынын сездім. Сол тұста Қажыгелдинмен де, Назарбаевпен де кездесу мүмкін болмады. Маусым айының басында Назарбаевпен сөйлесудің сәті түсті ақыры. Мен оған: «Нұрсұлтан Әбішұлы, біз Қазақстанға әлемдегі үздік әрі таза компаниялардың бірін алып келдік. Жекешелендіру осылай жүруі керек. Ертең хромға, темірге, көмірге ешкімге белгісіз, күмәнді компаниялар кіріп кетуі мүмкін. Сондықтан сіз бізге «Қарметкомбинатты» беруге тиіссіз», – дедім.

Ол менен: «Неге саған беруім керек?», – деп сұрады. «Өйткені біз – қазақпыз, қазақстандықпыз. Бұл жерден ешқайда кетпейміз. Мұнда біздің ата-бабамыздың сүйегі жатыр. Ал шетелдіктер ертең бәрін тасып әкетеді», – дедім. «Не ойларың бар?», – деп сұрады. «Әділ тендер өткізу керек», – деп жауап бердім.

Тендерге үш компания қатысты. Біз, Лучанский және белгісіз тағы бір компания. Тендерде біз жеңдік. Бірақ сол кездегі вице-премьер В.Метте келісімшартқа қол қоюдан бас тартты. Шартта көрсетілмесе де, 20 млн долларды бірден комбинатқа салуды талап етті. Біз аустриялық ең мықты банктерінен кепілхат әкелсек те, Метте көнбеді. Өйткені біз жоғарыдағыларға үлес беруден бас тарттық.  

Ақыры «Карметті» Лучанскийге берді. Оның ақшасы жоқ еді. Комбинатты алғанымен, аяғынан тозып ақша іздеп жүрді. Лучанскийді біраз ел табалдырығынан аттатпайды екен. Мәселен, оны Ұлыбританияға кіргізбей қойған. Сәйкесінше, оған ешкім ақша бермейді. Кейін бізге Лучанскиймен әріптес болуды, ақша салуды ұсынды, бірақ біз келіспедік.

Фото: видеодан

– 90-жылдардың басында Қазақстанда неге жүліктер қаптап кетті?

– Өйткені олар Қазақстандағы жекешелендіруден бір сәтте миллиардер болып шыға келетінін білді. Өйткені Қазақстанда парламенттік қадағалау да, қоғамдық бақылау да болған жоқ.   

– Сонымен, Миттал Қазақстанға қалай келді?

– 1995 жылы күзде үндінің әлдебір компаниясымен келіссөз жүріп жатқанын естідік. Оның Үндістанда шағын зауыты барын, сосын Мексикада қаусаған ескі зауыты бар екенін және оны Қазақстанға Машкевич ертіп келгенін білдік. Сол үндіс «Қарметкомбинаттан» үмітті екен.

Біз оның қолма-қол ақшамен келетінін және үлес бөліп беруге дайын екенін де сездік. Бірақ беретін ақшасы да, салатын инвестициясы да жоқ. Сонда да онымен масқара келісімшарт жасады.

«Митталды миллиардер жасаған – «Қарметкомбинат»

– Ол кезде қазіргідей алпауыт «АрселорМиттал» емес қой?

– Әрине, ондай емес. Үндістанда және Мексикадан шағын зауыты болған. «Қарметкомбинатты» жекешелендіріп алған соң Миттал сұхбаттарының бірінде: «Менің металлургиялық компанияларымның ішіндегі жауһары – «Қарметкомбинат», – деп мойындады. Яғни оны миллиардер жасаған – қазақстандық компания.

– Сол кезде «Қарметкомбинаттың» құны кемі 2 млрд долларға бағаланғанымен, Миттал оны бар-жоғы 220 млн долларға сатып алды ғой. Осындай зауытты Миттал Украинадан 5 млрд долларға сатып алды және сол көлемде инвестиция салды.

Л.Миттал мен Н.Назарбаев. Фото: Ақорда

– Дәл солай. Бірақ 220 млн доллардың өзін Миттал бірден төлеген жоқ. Комбинаттың өнімін сатып, содан түскен пайдамен есептесті.

– Егер ол сол кезде асқан бай болмаса, 100 млн доллар «комиссионныйды» қайдан алды? Және бұл не қылған ақша?

– 1998 жылы Англиядан ВВС журналистері келіп: «Қарметкомбинатты» екі апта басқарғаныңызды, сіздерді ол жерден қуып шыққанан білеміз», – деді де, маған қызық жайтты айтты.

ВВС каналына берген сұхбатында Миттал бұл ақшаны «комиссионный» деп атайды. Ол 100 млн долларды Машкевичке берген. Ал Машкевич оны жоғарыда отырғандарға үлестірген.

Мен мұны жоғарыдағылардың үлесі деп білемін. Өйткені комбинатты алмақ болғанымызда Мұхтар Жәкішев екеумізден де үлес сұраған.          

– Сұхбатты өзіңіз көрдіңіз бе, әлде сізге ауызша айтты ма?

– Алдымен айтты, сосын сұхбаттың үзіндісін көрсетті. Ағылшыншам керемет болмаса да, 100 млн доллар мен Машкевич туралы анық түсіндім.

– Сонда сіз мұны ВВС-ге сүйеніп сенімді айтып отырсыз ба?

– Мен мұны бұған дейін де бірнеше мәрте айттым. Мұны Машкевич пен Миттал жоққа шығарған жоқ терістеуді талап етпеді. Қазір талап етемін десе де, кеш емес. Мұны ВВС-ге сұрау салып анықтауға әбден болады. Бұл сұхбат олардың мұрағатында сақталып тұр деп ойлаймын...

Коллаж NEGE

Редакциядан: Телеграм каналдардың бірі кеше Митталдың Қазақстанға келуі туралы былай деп жазды: «Металлургиялық өндіріс орнын жекешелендіру жөніндегі жабық тендердің нәтижесі Назарбаевпен келісілген және оны Қажыгелдиннің үкіметі берген. Келісімнің шарты 90 млн доллардан асқан. Мұның көп бөлігін сол кездегі Қазақстанның президенті алған, 30 млн доллар Қажыгелдинге тиген, ал ғалған 30 млн доларды делдал болған Машкевич алған».

Айтпақшы, Қарағанды облысындағы шахтада жарылыс болып, ел жанталасып жатқан кезде миллиардер Лакшми Миттал Адитья деген еркетотай ұлын үйлендіріп, құдалықтың қамымен жүрген екен. Бұл туралы  үнді басылымы DNA жазды.       

Тегтер: