«Кубада орташа айлық бар-жоғы 5 доллар» – Сарапшы Филипп Эйси Кубадағы дағдарыс туралы айтты

Канадалық сарапшы Филипп Эйси NEGE тілшісіне өзі жақсы білетін Кубадағы жағдай туралы баянадап берді.
Сарапшының айтуынша, Куба аса ауыр экономикалық дағдарысты бастан кешуде. Бұрын Кубада конвертацияланатын песо болды, ол АҚШ долларына бекітілген еді. Бірақ бұл валютаны үкімет 2021 жылы алып тастады. Дәл осы шешім кубалықтардың жағдайын күрт нашарлатты.
Кубада орташа айлық – 2 000 песо, бұл 5,30 АҚШ долларына тең. Бұл БҰҰ белгілеген «шектен тыс кедейлік» деңгейінен де төмен. Жалақы жағынан кубалықтар Ауғанстан, Пәкістан секілді елдердің халқынан да нашар өмір сүреді. Ең төменгі жалақы – 1 500 песо, бұл шамамен 4 доллар.

Мәселен, Кубада 30 жұмыртқаның бағасы 2 800 песо тұрады, бұл дегеніңіз орташа айлықтан да қымбат, ал кәдімгі тоқаштың құны – 30 песо. Баға қымбат, инфляция жоғары, азық-түлік тапшылығы қатты байқалады. Көп дүкендердің сөрелері бос. Елде әлі де азық-түлік талондары қолданылады. Доллары бар адамға арнаулы дүкендер ашық. Ал кубалықтардың басым бөлігінде таңдау құқы жоқ, дүкенде не бар, соны алады.
Филипп Эйсидің айтуынша, салықсыз жүретін нарық өте кең. Көптеген кубалықтардың шетелде тұратын туыстары ақша салып жібереді. Шетелдіктер долларын айырбастау үшін қара нарыққа жүгінуге мәжбүр. Халық қоқыс ішінен де пайдаға жарайтын заттарды іздейді.

– Елде электр жарығы жиі сөніп қалады. Халық тұрмыстық істерін жарық бар кезде жасауға бейімделген. Кейбір жерлерде жарық 12 сағат бойы болмайды. Жарықтың қашан сөнетіні алдын ала хабарланады. Кубалықтар: «Тез үйге жетуім керек, 18:00-ден 22:00-ге дейін жарық болмайды, кешкі ас пісіріп үлгеруім керек» деп қапылып жүреді. Жанармай тек кезекпен беріледі. Кезек келгенде ғана сатып алуға болады. Мемлекет пен әскери құрылымдардың жеке жанармай бекеттері бар. Автобустар жолға шықпай қалатын кездер болады. Елде көліктердің көбі мемлекетке тиесілі, жеке меншік көлік аз, – дейді Филипп Эйси.
Сарапшының айтуынша, Кубада билік партиясы үстемдік жасайды. Диктатура белең алған. Интернет баяу жұмыс істейді және қырағы бақылауда. Мәселен 2021 жылы бейбіт шеруге шыққандардың кейбірі 30 жылға сотталған. Көшеде полиция көрінбейді, бірақ құпия бақылау күшейген. Әр ауданда «Революцияны қорғау комитеттері» жұмыс істейді, халық бір-бірін аңдиды. «1959 жылғы революцияны қорғау керек» деген ұран әлі бар.

Соңғы жылдары 2 миллионға жуық кубалық елден кетіп қалған, бұл жалпы халықтың 9-18%-на тең. Испания елшілігі алдында күнде кезек. Көпшілігі испан тегі бойынша азаматтық алуға тырысуда. Басқалары Уругвай сияқты елдерге кетіп, босқын мәртебесін сұрайды. Кейбіреулері АҚШ-қа заңсыз өтуге тырысады.

– Қаржылық тұрғыдан Куба күйреудің алдында тұр. Мемлекет кез келген жағдайда шетел валютасын алуға тырысады. Кубалық песо әбден құнсызданған. Жақында елдегі цифрлық валюта – MLC (Moneda Libremente Convertible) жойылады деген қауесет бар. Куба үкіметі 1959 жылға дейін салынған инфрақұрылыммен әлі өмір сүріп келеді. Елде жаңадан салынған үй жоқ, көпшілік 1920-1950 жылдары салынған үйлерде тұрады, – дейді сарапшы.