7 Қараша 18:00

26 жылда 200 қаза. Митталды көндіру үшін НЕГЕ жыл сайын 7 Қазақстан азаматы өлуі тиіс?

Фото:

Болат өндірісінің әлемдегі алпауыты  - «ArcelorMittal» компаниясына бірнеше елдегі металлургия зауыттары қарайды. Оның ішіндегі Қазақстандағы еншілес компаниясы – «Арселор Миттал Теміртау» акционерлік қоғамы трансұлттық компания құрылымында ең қауіптісі болып есептеледі. Теміртаудағыдай Митталдың басқа елдегі фабрикаларында жылына 7 адамнан өлмейді. НЕГЕ?

Миллиардер Лакшми Митталдың Қазақстанға келгеніне 26 жыл болды. 1996 жылы ол Қарағанды металлургия комбинатын сатып алған болатын. Қазір оның Қазақстандағы өндірісі – «АрселорМиттал Теміртау» миллиардерге ең тиімді бағамен металл беріп отыр. Бірақ соның өзінде де, Миттал Қазақстанды өзінің өндірістік империясының шалғай ауданы деп есептейді. Негізгі назарын мен күшін Солтүстік Америка мен Еуропада орналасқан өндірістік қуаттарына беріп жүр. Ал Қазақстан мен Оңтүстік Африкадағы активтеріне аса көп мән бере бермейді.

Бірақ «ArcelorMittal» үшін Жаңа Қазақстан билігі жағынан тықыр таянып қалған сияқты. Бүгін Маңғыстау өлкесіне барған Президент Тоқаевтың өзі, 2006 жылдан бастап металлургия комбинатында 20-дан аса апат болып, 100-ден аса қызметкердің көз жұмғанын айтты. 

“Өкінішке қарай, "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнында апаттар жиілеп, қайталана беретін жағдайға жетті. Бұл – биыл адам өліміне алып келген екінші қайғылы оқиға. 2006 жылдан бері металлургия комбинатында 20-дан астам апат болып, 100-ден аса азамат қаза тапты”

Енді «АрселорМиттал Теміртау» кешенді түрде тексерілетін болады. Оған тіпті сырттан арнайы компания шақырылуы да мүмкін. Президент комбинаттың иесі техникалық жағдайды жақсартуға және жаңғыртуға жеткілікті дәрежеде инвестиция құйды ма, соны білгісі келеді.

«ArcelorMittal» басшылары жыл сайын инвестиция құй, жалақыны көтер дегенде табыссыз отырғандарын, болатқа сұраныс аз екенін айтып ақталуды әдетке айналдырған. Бірақ «ArcelorMittal» халықаралық тобы биылғы алғашқы жарты жылда 8 миллиард доллар таза табыс алды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 28%-ға артық. Тіпті, оның Қазақстандағы кәсіпорны - «АрселорМиттал Теміртау» 2021 жылдың қортындысы бойынша 214 миллиард теңге таза пайда көрді. Биылғы кірісі одан да көп болады.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ 2021 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: Deloitte

Бір қызығы, жұмысының табысты екеніне қарастан, компанияда техникалық қауіпсіздікке жете қаржы бөлінбейтіні байқалады. Мысалы, құрылғыларды жөндеу мен қадағалап отыруға «АрселорМиттал Теміртау» былтыр 41 миллиард теңге құртқан. Мысалы, былтыр транспорт шығындарының өзіне 60 миллиард жұмсалған. Сонда құрылғыларды жөндеу мен тексеріп отырудан үнемдейтінін айтуға болады.

«АрселорМиттал Теміртау» тарихындағы ең ірі апат 2006 жылы орын алды. Ол кезде метан жарылып, 41 шахтер қаза тапқан еді. Сол уақыттан бері жыл сайын бір апаттың болуы әдетке айналып кеткен. Аварияның барлығы дерлік метанмен байланысты болып отыр.

Қазақстан Үкіметі де, басқа да құзырлы мекемелері «АрселорМиттал Теміртауға» қаншама айыппұл салды, қаншама тексеріс жүргізді. Бірақ осы шаралардың барлығы қауіпсіздікті күшейте алмады.

Тегтер: