«Медицина мықты болса, жұрт бақсы-балгер, құшынаш араламас еді» – МӘМС-ке НЕГЕ халықтың көңілі толмайды?

Жуырда Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова МӘМС-тің денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бөлігіне айналғанын айтты. Осы ретте тілшіміз ел алдында жүрген танымал адамдарға хабарласып, елдегі медицинаға қаншалықты сенім артатынын сұрап көрді.
Шахизада БАЙПАТШАНОВА, әнші:
Құдай ауыртпасын!

– Өз басым медицинаға көп жүгінбеймін. Дәрілік шөптермен ем жүргізуге тырысамын. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге тырысатын адаммын. Түрлі дәрумендер ішіп, спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтанып, дұрыс ұйқы режимін сақтаймын.
Ал аяқасты суық тиіп қалып, медициналық көмек қажет болған жағдайда ақылы клиникаларға барамын. Себебі оларда талдама тапсырып, оның нәтижесін алу процесі анағұрлым жылдам жүреді.
Дегенмен, ел қатарлы мен де заңды түрде медициналық сақтандыру жарнасын төлеймін. Бірақ оны қолданбаймын. Себебі мемлекеттік емханалардың қызметіне жүгінетін таныстарым тегін ем алудың қиын екенін алға тартады. Ал бізде кезек күтіп отыратын уақыт жоқ. Сондықтан ол мекемелердің жағдайы, қызмет көрсету сапасы жайлы ештеңе айта алмаймын. Құдай ауыртпасын!
Сембек ЖҰМАҒАЛИЕВ, әнші:
Ақысыз ем қабылдаймыз

– Мен 2016 жылдан бері бұрынғы «Совминнің» ауруханасына тіркелгенмін. Жұбайым да сонда қаралады. Ақысыз ем қабылдаймыз. Ондағы қызмет көрсету сапасы тамаша. Талдау жасаудан бастап, санаторийге дейін тегін жолдама беріледі. Скринингтен де уақытылы өтіп тұрамыз. Бармасаң, өздері телефон шалып, шақыртып алады.
Бейбітгүл НҰРЫМҒОЖИНА, дәстүрлі әнші:
МӘМС не үшін керек?

– Біздің елдегі медицинаға көңілім толмайды. Білікті дәрігерлердің дені ақылы емханаларға кетіп қалған. Сондықтан Үкіметке қарасты мемлекеттік емханадан гөрі, жеке клиникаларға қаралғанды жөн санаймын. Ал қаражаты барлар шетелде емделеді. Өйткені біздегі медицина себеппен емес, салдармен ғана күреседі.
Мысалы, мен МӘМС-ке жұмыс істеп жатқан мемлекеттік мекемем арқылы да, жеке кәсіпкерлік арқылы да сақтандыру жарнасын аударамын. Бірақ соған сай тегін емхананың көмегіне жүгінбеймін.
Өткенде басым ауырғанда невропатолог дәрігерге барайын десем, «талон май айына ғана бар» деді. Одан өзге эндекринолог, уролог деген сияқты мамандар тапшы болғандықтан, арнайы жолдама арқылы өзге емханаларға жібереді екен. Жолдама арқылы да қабылдау уақыты қашан келетінін бір Құдай біледі. Ал сырқаты жанына батқан адам оны қашанғы күтіп отырады? Сонда МӘМС деген не үшін керек, түк пайдасы жоқ.
Басшы-қосшылардың есебіне құлақ түрсең, денсаулық саласы керемет дамыған. Медициналық мекемелерге барсаң, соның бірін көре алмайсың. Дәрігерлер де күніне кезекпен-кезексіз бірнеше адам қабылдайтын болған соң ба, әйтеуір қашан көрсең шаршап, ашуланып отырады. Мұның бәрі жүйесіз жұмыстың белгісі деп білемін.
Хамит ШАҢҒАЛИЕВ, композитор:
Жемқорлық тоқтаса, МӘМС-тен түскен қаражат жүйелі түрде жұмасалар еді

– Егер медицина мықты болса, жұрт бүгінгідей бақсы-балгер, құшынаш араламас еді. Бұл медицинаға деген сенім қалмағанын білдіреді.
Мысалы, біздің елде қант диабетінен жан тәсілім ететіндер көп екен. Ал тәті сусын ішіп, шоколад жейтін балаларға «тәйт» демейміз. Алкоголь мен шылымға тиым салған сияқты балаларға да тәттіні орынсыз сатуға неге шектеу қойылмайды?
МӘМС дегеннің жарнасын бізден сұрамай-ақ жалақымыздан ұстап қалады. Мемлекеттік емханаға бара қалсаң, айғай-шу, кезекке талас болып жатады. Салдарынан қолды бір сілтеп, ақылы емханаға баруға тура келеді. «Блат-сват», жемқорлық дегенді қойса, МӘМС-тен түскен қаражат жүйелі түрде жұмасалар еді.
Медицинамызда психосаматикамен жұмыс жасау жүйесі жоқ. Неге десеңіз, ауру адамды да сенім беру арқылы аяқтан тұрғызуға болады ғой. Ал біздегі дәрігерлердің дені мұны айтпайды, қышыма-бөртпені басуға ғана дәрі жазып береді де, науқасты қоя береді.
Тіс дәрігеріне барсаң да осындай мәселе, сенен қырық түрлі ауру тауып, ақшаңды сыпырып алмайынша, жібермейді. Осындай медицинаға қайдан сенім болады?!