23 Қаңтар 18:42

«Көршілер чатына сеніп, көшеге шығып кетті»: Мамандар НЕГЕ үнсіз?

Алматы
Фото: Фото: әлеуметтік желіден

Алматыда ауық-ауық жер сілкініп тұрады. Мұндағы тұрғындардың еті үйренгеннен бе, онша-мұнша көңіл де аудармайтын. Тумысынан тұла бойын үрей мен қорқыныш билеген кей адам бұл қаладан көшіп те кеткен шығар. Бірақ Алматының сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқанын білсе де, бұл қаланы қимайтындар көп.

Алматы шаһары 1887, 1889 және 1911 жылдары күшті зілзаланы бастан өткеріп, сейсмикалық қауіпті аймақ ретінде танылған. Тарихи деректерге қарағанда, 1911 жылғы жер сілкінісі 9-10 балға жетіп, сол кездегі Верныйда зілзаладан зардап шекпеген бірде-бір үй қалмаған. Кейін табиғи жер сілкінісі 1978 жылы, 1993 жылдары да болды. Соңғы 2013 жылдың 28 қаңтарында болған жер сілкінісі жұрттың есінде. Магнитудасы – 6,6 балл болды. Алматыда 4 балл сияқты сезілген.

Ал кеше түнгі он екіден тоғыз минут өткенде жер сілкініп, эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 251 шақырым жерде Қырғызстан аумағында болған. Алайда, жер дүмпуінің қатты тербелісі Қытайда тіркеліпті. Жер сілкінісінің энергетикалық класы 12.7, магнитудасы – 5.5. Кей деректе Қытайда 30-ға жуық, ал Алматыда 70-тей тұрғынның зардап шеккені айтылды.

Алайда, бұл туралы сейсмикалық болжамдарда ештеңе айтылмады, тым болмаса дабыл да қағылмады. Сейсмолог мамандар «Дүниежүзінде жер сілкінісін қысқа мерзімде 100 пайыз болжайтын ешбір ғалым туған жоқ. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп болжам жасауға құмарлар көп. Содан халықты дүрліктіреді» десе де, сейсмикалық аймақ бойынша жұмыс басқаша жүргізілуі керек сынды. Былтырғы Түркиядағы, таяудағы Жапониядағы жер сілкінісінен қандай сабақ алдық?

землетрясение
Фото: ғаламтордан

2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар сейсмологиялық саланы дамыта ма?

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 7 миллионнан астам адам және Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетінің 50 пайызы жер сілкінісі қаупі бар аймақтарда шоғырланған.

«2023 жылы сейсмикалық қауіпті аймақтарда – елдің шығысында, оңтүстік-шығысында, оңтүстігінде 7 миллионнан астам адам тұрады. Өнеркәсіптің 50 пайызы 400-ден астам қала мен елді мекендер орналасқан» делінген еді сейсмологиялық саланы дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында. Тіпті, сейсмикалық саланы дамыту жоспарын жүзеге асыру үшін Қазақстан бюджетінен 72 млрд теңгеден астам қаражат қажет делінген.

Құжатқа сәйкес, қазіргі уақытта сейсмикалық бақылауды «СОМЭ» ЖШС-нің 69 сейсмологиялық станциясы жүргізеді, оның алтауы жұмыс істемейді және сейсмикалық қауіптің сапалы болжамын жасау мен сейсмикалық қауіптердің алдын алу үшін Қазақстан аумағында қосымша 285 сейсмикалық станция мен 11 биологиялық станция керектігі айтылған.

Зілзала
Фото: ғаламтордан

Айта кету керек, кешенді жоспарда сейсмикалық аймақтар республика аумағының 40 пайызға жуығын алып жатқаны көрсетілген. Ең үлкен сейсмикалық қауіпті MSK-64 (К) шкаласы бойынша 8-10 балдық жер сілкіністері болған оңтүстік-шығыс аумақтары тіркелсе, ал Шығыс Қазақстан облысында сейсмикалық құбылыстар 8 баллға дейін, Оңтүстік Қазақстанда 8-9 баллға дейін бағаланған.

Демек, қазіргі уақытта Қазақстанның бүкіл аумағына сейсмикалық мониторинг салыстырмалы түрде аздаған станцияларды пайдалана отырып жүзеге асырылады. Олардың көбі техникалық жағынан ескірсе де, әлі күнге дейін мемлекеттен қосымша қаржы бөлінбепті. Бүгін ғана Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Сейсмология институтына құрал-жабдық сатып алуға 4-5 миллиард теңге шамасында қаржы бөлінетінін жеткізді.

P.S. Елімізде білікті сейсмолог мамандар да тапшы. Жұртты дүрліктірген жер дүмпуіне қатысты пікір алайық деп сол санаулы сейсмологтарға хабарласып едік, ат-тонын ала қашты. Ал мұндай кезде тұшымды пікір білдіруі тиіс Сейсмология институты да қоғамға ашық емес.

Дәулет Сәрсенбаев, Сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының директоры:

Дәулет Сәрсенбаев
Фото: ғаламтордан

– Халық ресми ұйымдарға сенбей көшеге шыға бастады. Бірақ көршілер чатына сеніп, олар 3:30, 5:00 жойқын жер сілкіністері болатыны туралы хабарламалар жібере бастады. Біз сейсмикалық аймақта тұрғандықтан жер сілкінісі кез келген сәтте және секундта болатынын түсінуіміз керек. Оның үстіне Алматы мен Алматы облысы тарихта бірнеше рет жойқын жер сілкіністерін бастан кешірді. Біз жер сілкінісі кезіндегі әрекет ету ережелерін білгенде ғана өз өмірімізді сақтай аламыз, өзімізден бастау керек.

Түнде болған жер сілкінісінен кейін Қырғызстан аумағында да, ҚХР аумағында да 100-ден астам тербеліс тіркелді. Алматыда 5 тербеліс қана болды. Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан да бұл толқуды сезді.

Алматы мен Алматы облысының тұрғындары, Жетісу облысының бір бөлігінде сезілген сілкіністер «афтершок» деп танылады. Қазіргі уақытта 10-нан астам афтершок тіркелсе, Алматы тұрғындары 2 афтершокты сезінді. Бұл қанша уақытқа созылуы мүмкін дегенге келсек, былтыр Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен кейін тербелістер әлі күнге жалғасып келеді. Біздің болжам бойынша, алдағы уақытта жоғары балды тербеліс болмайды. Тербеліс күші біртіндеп кеми береді.