Қойшы көп болса...
Иә, қой арам өледі. Әлемдік тәжірибеге жүгінсек, шенеуніктері неғұрлым аз елдерде соғұрлым өмір сүру деңгейі жоғары екен. Елімізде жыл сайын шамамен 13 мың адам әскерге шақырылады. Демек, офицерлерді ескермесе, бар әскеріміздің саны осы шамада. Ал шенеуніктеріміз бұдан он есе көп. Әскер елді қорғайды, отаны үшін жанын беруге дайын солдат айына 3 мың теңгеден сәл асатын айлық алады. Ал шенеуніктер не бітіреді? Қанша жалақы алады?
Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда мемлекеттік қызметкерлердің санын қысқартуға пәрмен берді. Биыл мемлекеттік қызметкерлердің санын 10 пайызға, келесі жылы – 15 пайызға, жалпы 25 пайызға дейін қысқартпақ. Алдымен жауапты хатшылар қызметімен қош айтысатын болды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Ералы Тоғжанов келтірген деректерге сүйенсек, 15 министрлікте жауапты хатшылар жұмыс істейді екен. Олардың қызметін енді аппарат жетекшілері атқарады. «Аппарат жетекшісінің қызметі мен функционалды міндеттері мемлекеттік қызмет туралы заңда көрсетілген. Ол жауапты хатшы өкілеттілігіне сәйкес келеді. Мәседе күн тәртібінде тұр. Шешім жақын күндері қабылданады», – деп мәлімдеді Ералы Тоғжанов.
Рас, бюрократиялық мәшине болмаса, мемлекет те болмайды. Дегенмен де, ол өте ұшқыр және ықшам болуы тиіс деп есептейді саясаттанушы Ерлан Сайыров.
«Біздің елімізде отыз жыл ішінде біраз қысқартулар болды. Бірақ пандемия кезінде шенеуніктердің сексен пайызы қашықтан жұмыс істеді. Осы кезде көптеген шенеуніктерді қысқартуға болатындығы, мемлекеттік функцияларды жекеменшікке немесе қоғамдық секторларға беруге болатындығы көрініп қалды», – дейді сарапшы.
Мұнай бағасы судан арзан. Пандемия. Мемлекеттік қызметкерлерді қысқартуға экономикалық қиындықтардың мұрындық болып отырғаны анық. Елімізде бұған дейін де қаншама қысқарту жүргізілген. Десе де, мұнай-доллар ағылып жатқанда, артынша-ақ таз қалпына қайта орала берген-ді. Бұл жолы қалай болмақ? Кейбір сарапшыларда күмән жоқ емес.
«Біз үлкен мемлекет емеспіз. Алматы басқаратын бір үйде бүкіл Қазақстанды басқаратын халық отыр. Тым көп. Шенеуніктердің ешқайсысы материалдық, рухани игіліктерді өндірмейді, тек басқарумен айналысады. Осындай жағдайда мемлекеттік қызметкерлерді 25-30 пайызға азайту қажет нәрсе. Осы уақытқа дейін санын азайтқанымен, артынша қайта көбейіп кетеді», – деп, тұспал жасайды саясаттанушы Сайын Борбасов.
Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік былтыр мынадай қызық деректерді жария еткен. Бізде 17 министрлік, 7 бақылау және қадағалау органдары бар. Бір ғана Нұр-Сұлтанда 14 441 адам мемлекеттік қызмет атқарады. Ең азы Шымкентте, небәрі – 2090 адам. Тіркелген мемлекеттік қызметкерлердің ұзын-саны – 98 726. Қаржы министрлігінде 17,7 мың адам жұмыс істейді екен. Орташа жасы – 38,7.
Әңгіме болсын деп айта кетсек, Швейцарияда министрлер кабинеті небәрі 7 адамнан тұрады. Канадада – 27, Жапонияда 14-17 адам. Бізде 17 министрлікте 100 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер бар.
«Негізі, 75 пайызын қысқартып, 25 пайызын қалдырса да болады. Шенеуніктер бізде тым көп. Мен қызмет істеп жүрген кезде, Алматы қаласында идеология саласында екі адам ғана бар еді. Соның бірі – мен едім. Кейін бүтін бір департаменттер құрылды. Барлық аудандарда бөлімдер ашылды. Оған қоса, министрлік құрылды. Екі адам істейтін жұмысты екі жүз адам істейтін болды. Шынтуайтында, Алматыға идеология жұмысына екі-үш адам жетеді. Біз әлемді билеп, өзге елдерге саяси ықпалын жүргізіп жатқан АҚШ секілді алпауыт ел емеспіз», – дейді қоғам қайраткері Кенесары Қаптағаев.
Шенеуніктердің жалақыларына келсек, әкімдердің айлығы 515 149 теңге мен 1 миллион теңге аралығында. Ал қысқартылғалы отырған жауапты хатшылардың орташа жалақысы – 685 мың теңге мен 830 мың теңге аралығында. Еңбек өтіліне қарай. Ештеңе өндірмейтін жүз мыңға жуық адамды жоғары жалақымен қамтамасыз ету – бюджетке өте ауыр салмақ. Оның үстіне, мемлекеттік қызметтегі өлшеусіз бонус, сыйақы және тағы да үстеме төлемдерді, парақорлық жолмен табылған табыстарды есептемеген кезде.
Қысқарту жөнінде сөз болған кезде, еске бірінші болып бірінің қызметін бірі қайталап отырған мекемелер түседі. Бір сөзбен айтқанда, оларлың бір-біріне сілтеп, халықты әуре-сарсаңға түсіргеннен басқа тындырымды жұмыс істеп жатқаны шамалы.
«Мәселен, министрліктердің жергілікті жерлерде бақылау функциялары бар басқармалары бар. Жергілікті әкімдіктің де дәл сондай департаменттері бар. Бұл медицина, әлеуеттік, білім салаларында осындай басқамалар көп. Меніңше, бірін бірін қайталайтын органдарды да қайта қарастырған жөн», – дейді сарапшы Ерлан Сайыров.
Яғни, шенеуніктерді былай қойғанда, бюджетке салмақ түсіретін басқа да мемлекет тарапынан қаржыландыратын мекемелер аз емес. Ол жерлерде штат сағызша созылып жатыр.
«Мысал ретінде, Жоғары оқу орындарын алып қарайық. Ректордың төрт-бес кеңесшісі, одан бөлек, төрт-бес проректорлары болады. Олар неге керек? Түк бітірмей, босқа ақша алады. Дені кабинетіне келіп, тек қана газет оқиды, әңгіме айтады, жиналыста төбе көрсетіп отырады. Не тікелей тәрбие жұмыстарымен айналыспайды, не лекция оқымайды. Не практикалық сабақ жүргізбейді. Бірақ профессорлардан екі есе көп жалақы алады. Министрліктерде де, әкімшіліктерде де басшылардың орынбасарлары мен кеңесшілері бар. Бір кеңесшіні мақұл дейік. Бес-алты кеңесші неге керек?», – деп сауал тастайды ғалым Сайын Борбасов.
Жоғарыда аталған жайттарға құқыққорғау саласы қамтылмаған. Күштік құрылымдардың сапасына да, санына да қатысты сын көп айтылып жүр.
«Біз әлемдегі полициясы көп мемлекеттің бірі болып отырмыз. Құқық қорғау саласына үлкен реформа керек. Полицияның сапасын арттырып, санын азайту ләзім. Қазір полиция митингіге шыққандарды қуалаумен ғана айналысып кетті. Бұл ұят нәрсе! ҰҚК биылғы жылдық бюджеті 100 млрд теңге екен. Бұған қандай қажеттілік бар? Бұл қаражатты әлеуметтік салаға бөлсе, қоғамдағы кикілжіңдер де басылар еді. Мәселен, наразылық акцияларына шығып жүрген көп балалы аналардың реніші тарқар еді. Бұл орган мемлекеттің қауіпсіздігімен емес, басшыларды күзетумен ғана айналысады», – деп қорытындылайды Сайын Борбасов.
Мемлекеттік қызметтің ардагері Кенесары Қаптағаевтың айтуынша, Кеңес одағы тұсында Алматы қаласының бір ауданында екі-ақ участкелік милиция болыпты. Бөлімшелерде он шақты милиционер ғана жұмыс істеген. Қазір бүтін бір полктар бар.
«Қазір күштік құрылымдардың саны жиырмаға жетті. Соның екі-үшеуі ғана жетеді. Жемқорлыққа қарсы күресеміз дейді. Сонда мемлекеттік органдар бірімен бірі күреседі. Айтыңызшы, журналист, базардағы сатушы, зейнеткер және басқа да қарапайым азаматтар қалай жемқор бола алады? Жемқорлар мемлекеттік қызметкерлерден ғана шығады емес пе? Коррупционер – қолында билігі бар адам. Пара алатын да солар. Олар бірімен бірі күресуі үшін құрылған. Бұлардың түкке де керегі жоқ. Мемлекеттік қызметкерлердің сапасы артып, саны азайған сайын жемқорлық та азаяды», – дейді Кенесары Қаптағаев.