11 Қаңтар 14:14

ҚЫЗЫЛША қырып барады. Екпе алғандар НЕГЕ ауырып жатыр?

Корь
Фото: Коллаж NEGE

Елімізде жыл басынан бері қызылшамен ауырғандар саны 30 мыңға жуықтады. БҰҰ-ның ЮНИСЕФ балалар қоры Қазақстан қызылшаның таралуы бойынша әлемде бірінші орында тұрғанын мәлім етсе, АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы таратқан деректе алғашқы үштікке енгенін хабарлады. Тіпті, былтыр жыл соңында қызылшадан 1 жасқа толмаған 2 сәби шетінеді.

Денсаулық сақтау министрлігі қараша айынан бастап індетті тоқтатудың жалғыз амалы ретінде халықты екпе алуға шақырған. Себебі, елімізде соңғы 20 жылда баласына қызылшаға қарсы екпе салдырудан бас тартқандар саны күрт өскен. Денсаулық сақтау министрі Ажар ҒИНАЯТТЫҢ айтуынша, Қазақстанда 6 жасқа дейінгі 800 мыңға жуық бала қауіпті инфекцияға қарсы екпе алмаған. Сондай-ақ, ол қызылшамен ауырған 30 мыңға жуық адамның 80 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар екенін, оның ішінде 84 пайызы ешқашан қызылшаға қарсы екпе алмағанын мәлімдеді. Алайда, екпе алуға асығып жатқандардың қарасы да, құлшынысы да байқалмады. Тіпті, бұл мәселеге үкіметтік деңгейде көңіл бөлуге тура келген сияқты.

Қазақстандағы қазіргі санитариялық-эпидемиологиялық ахуалға қатысты өткен Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ: «Соңғы жылы қызылшамен ауырғандардың 80%-ға жуығы – екпе алмаған 14 жасқа дейінгі балалар. Ата-аналардың арасында балаларына екпені әдейі салғызбай, бас тартып отырғандардың қатары аз емес», – деген болатын.

NEGE тілшісі баласына қызылшаға қарсы екпе алмаған ата-аналармен тілдесіп көрді.

карантин
Фото: ғаламтордан

– Балаларыма 1 жасқа дейінгі БЦЖ, полиомиелит екпесін алдым. Тек қана АКДС екпесіне қарсы болып, алмайтыным туралы қолхат жазып бердім. Сосын бізді емханадан шақырған жоқ. 6 жаста алатын қызылшаға қарсы екпені де алмадық. Қазір балам 2-сыныпта оқиды. Мектепте қызылшаға қарсы екпе алмағандарды үгіттеп жатыр. Бірақ «қолхат» жазған соң бұл тізімде біз жоқпыз. Өзім үш ересек балама тиісті екпенің бәрін алдым. Төртінші қызымды өмірге әкелгенде баласы бір жасқа келген ата-ананың жағдайын көзіммен көріп, сөйлескенім бар. Ол баласының аяғына массаж алып жүр екен. Себебі, ДЦП-ның белгісі байқалған. «Балам кәдімгідей өсіп, дамып келе жатқан. Үш айында алғашқы АКДС екпесін алған соң балам бірден азып кетіп, буындары әлсіз болып қалды. 1 жастан асқанда жүрмей қалды. Бұған сол АКДС екпесінің кері әсері болғанын айтсам да, дәлелдей алмадым» деген еді. Соңғы көргенімде баласын 7-8 жыл емдеткеннің арқасында жүргенін, алайда мектепке барса да, басқа әлемде өмір сүретінін айтты. Ол ата-ана баласының осы күйге түсуіне 100 пайыз сол екпенің салдары бар екенін жеткізді. Содан кейін мен де АКДС-тен бас тарттым», – дейді Назгүл БЕЙСЕҚЫЗЫ.

– Жалпы, әр бала дүниеге келгенде иммунитеті өте мықты болатыны ғылыми тұрғыда дәлелденген. Ал біз оны екпемен әлсіретіп алады екенбіз. Әлгінде үш үлкен балама екпе алсақ та, жиі әрі ұзақ ауыратын. АКДС – үш ауруға қарсы ауыр екпе. Яғни, көкжөтел (коклюш), дифтерия, сіреспе (столбняк) екпесін бірден егеді. Кейінгі екі балама алмап едім, олардың иммунитеті өзі күреседі, тез жазылады. Бірақ қызым 4 жасында көкжөтел жұқтырып, ауруханаға жаттық. Дәрігерлер «Әне, екпе алмап едің, балаң ауырып қалды» деп ұрысты. Негізінде жанымда баласы дәл сол аурумен жатқан үш-төрт ата-анамен сөйлескенімде көкжөтелге қарсы екпе алған.

Екпе жайындағы деректі фильмдерді қарасаңыз, медицина мамандарының өзі баласына вакцина салдырмайды. Өйткені, екпенің салдарынан баланың иммунитеті құрып, түрлі асқыну болатынын біледі. Бала 18 жасқа келгенше оның өміріне, денсаулығына ата-анасы жауапты. Сондықтан екпе ала ма, жоқ па, шешімді ата-ана қабылдайды. Меніңше, қорқытып-үркітіп екпе салдыру үшін мәжбүрлеуге болмайды. Өзім танитын бір-екі ата-ана сол кезде «Жарайды, екпе салыңыз. Бірақ «Екпеден балаңызға ештеңе болмайды, кері әсері байқалмайды» деп кепілдік хат жазып беріңіз» деп талап етсе, салмай-ақ жөніне жібере салған. Сонда дәрігердің өзі салып жатқан екпесіне кепілдік бере алмайды. Ал екі немереме ешқандай екпе алмадық. Ата-анасына неше түрлі айтып қорқытқан. Бірақ қазір жастардың көзі ашық. Тілім тимесін, кез келген аурумен баланың ағзасы күресіп келеді. Ешқандай антибиотик алмайды, – деді біз тілдескен ата-ана.

Ал баласы 3-сыныпта оқитын кейіпкеріміз Гүлшара мектептен қайта-қайта қызылшаға қарсы екпе алу туралы мазалап жатқан көрінеді.

Вакцина
Фото: ғаламтордан

  «Сіздер екпе алмапсыздар. Ертең балаңыз ауырып қалса, бүкіл сынып карантинге жабылады» деген. Алайда, Гүлшара «Мен балама екпе салдырмаймын. Мұның зияны қаншалықты екенін білемін. Алматыдағы екпе салатын орталықта туысым жұмыс істейді. Одан неше түрлі деректер естимін. Маман болса да, маған салдырмауға кеңес берді. Сондықтан мүлдем екпе алмадық және болашақта да алмаймыз. Медицина мамандарына өз басының тыныштығы үшін бала саны керек. Тіпті, кезінде екпе алмағандарды балабақшаға да қабылдамайды деген шу шықты. Бірақ біз бірде-бір екпе салмасақ та, баламды алды, – деп жауап берді.

Бұл мәселе жөнінде медицина мамандары не дейді?

Серік ТҰРСЫН, Швейцариядағы қазақ терапевт-дәрігері:

Бәрін дінге жаба салу – қиянат

Тұрсын
Фото: әлеуметтік желіден

– 2012 жылы Денсаулық сақтау министрлігі Алматыда иммунизациялау жөніндегі ұлттық консультативті комитет құрды. Оның құрамында иммунология, эпидемиология, педиатрия саласының жетекші мамандары мен вакцина бойынша эксперт мамандар болды. Сол орталыққа 13 жыл болды. Бүгінгі көрініс – сол екпе орталығының жұмысының нәтижесі. Жалпы, екпе салғанда ұжымдық иммунитет қалыптасады. Математикалық тұрғыдан қарасақ, үш адамның екеуі екпе алса, екпе алмаған үшіншісін қорғайды. Егер елдегі тұрғындардың 70 пайызы екпе алса, ұжымдық қорғану болады. Қазақстандағы көрсеткішке көз жүгіртсек, балалардың 90 пайызы екпе алған. Бұл 100 пайыз деген сөз емес пе?!

Бұл жерде екі жағдай бар. Бірінші, екпенің сапасы жоқ су немесе қағаз бетінде ғана. Мысалы, бала кезімде бір екпе алып, екіншісін салғызбасам, автоматты түрде екеуін де алған болып есептелемін. Әр екпеден кейін адам ағзасында антидене пайда болады. Антидене есте қалатын клеткалар туғызады. Егер бала ауырса, бірден антидене пайда болып, ауруды 24 сағат ішінде жоюы керек. Ал екпе сапасыз болып, антидене шығармаса, демек логикалық тұрғыдан ойлағанда, ол екпе – дәрі емес, су деген сөз.

Екіншіден, тек қағаз жүзінде «екпе салынды» деп жаза салған. Үшіншісі, мүмкін емес. Сондықтан 2012 жылы құрылған орталыққа бюджеттен қыруар ақша бөлген шығар, бірақ жұмысының көрсетіші осы.

– Қазір министрлік «Қызылша өршіп кетті» деп дабыл қағуда. Мұның астарына үңіліп көрдіңіз бе?

– Бірінші – екпе салған жоқ, екінші – екпе сапасыз. Яғни, антидене пайда болмаса, жай «суды» еге салған. Өз басым екпе алу керек деп санаймын. Егер екпе алған адам ауырып қалса, олардың ішінде өлім-жітім болмайды. Антидене тез сауықтырады.

Осыдан бес-алты жыл бұрын Қазақстанда менингиттен бір үйден жас бала, сосын бойжеткен қызы ауырып, қайтыс болды. Өйткені, елде бұл ауруға қарсы екпе салынбайды. Бірақ жылда шығады. Ал екпе қорғайды. Коронавирусты екпенің арқасында тоқтаттық. Екпе салмағанда әр 100 адамнан 4 адам қайтыс болатын еді. Сондықтан өзім Швейцарияда да екпе саламын. Қарсы болғандарға ештеңе дей алмаймыз. Бірақ екпе алмағанның салдарынан туындаған қайғылы жағдайды ашық айту керек. Бір өкініштісі, Қазақстанның қағаздағы көрсеткішінде балалардың 95 пайызы егілген. Бар мәселе, бар өтірік осында жатыр. Егер 95 пайызы егілсе, қызылша ауруы өршімейді.

Вакцина
Фото: Almaty.tv

– «Қазақстанда 6 жасқа дейінгі 800 мыңға жуық бала қауіпті инфекцияға қарсы екпе алмаған» деді. Тіпті, қоғамда «Мұның көбі әсіредіншіл отбасы балалары» деген пікір айтылады. Бұған не дейсіз?

– Ондайлар бар. Бірақ тағы қайталап айтамын, 95 пайызы екпе алса, 800 мың бала ауырмайды. Өтіріктің басы осында ғой. Екіншіден, Қазақстанда қазақтың саны 13,9 млн болса, оның ішінде жұма сайын мешітке баратын нағыз мұсылманы 2 млн ғана. Сондықтан бәрін дінге жаба салуға болмайды. Бұл – қате пікір. Бар қателік министрліктің өзінде. Бәлкім, қағаз жүзінде – 95 пайыз, ал шын мәнінде 40 пайыз шығар. Тіпті, керісінше, «салған екпенің сапасы төмен екен» деп мойындауы тиіс.

– Шын мәнінде, Қазақстанға келетін екпенің сапасы қандай?

– Қазақстанға көбінесе Үндістаннан келеді. Негізі бұл елдің екпесінің сапасы өте жоғары. Дүниежүзі алады. Ал Қазақстан үшін Үндістанда кім жасап жатыр, қай компаниядан сатып алып жатқанын білмейміз. Дәрі-дәрмектің, екпенің сапасын тексеретін комитет бар ғой. Солар тексеріп, «нәтижесі мынандай» деп құжат жүзінде дәлелдеп көрсетуі керек. Ал екпе сапалы болса да, ата-анасы қарсылық танытқан соң «екпе алды» деп қағаз жүзінде жаза салған деген сөз. Не «сапасы жақсы» деп өтірік жазды немесе «екпе алды» деп толтыра салды. Әрине, бұл екеуі де үлкен қылмыс. Ал бәрін дінге жаба салу – қиянат.

Назым БЕКТАР, педиатр:

Уақытты созбай, екпе алған жөн

Бектар
Фото: әлеуметтік желіден

– Дені сау балаға екпе алудан қорқудың қажеті жоқ. Себебі, дәлелденген. Қызылша – өте қауіпті ауру. Тез жұғады, тез асқынады. Егер екпе алса ауру да жеңіл өтеді, қаупі төмен болады.

Екпеге қатысты түрлі мифтік аңыздар шығарып алғандар көп. Қазір екпе алу керек пе, жоқ па деп ойланып жүргенде әр сағат сайын инфекцияның тарау қаупі жоғары болып тұр. Егер балаңыз ауырып қалса, оның жазылғанын күткенше екі апта уақыт өтеді. Ал бұл сөзсіз індеттің өршуіне алып келеді. Бұл ауруға тек екпе ғана көмектесе алады. Сондықтан ата-аналарға айтарым, уақытты созып алмай, екпе алған дұрыс. Бұл – ойыншық емес. Балаңызды дерттен қорғаймын десеңіз, тезірек екпе салғызған жөн.

Заң бойынша 6 айдан 1 жасқа дейін қызылшадан нөлдік доза алады, сосын 1 жаста бір рет, ал 6 жаста тағы ревакцинациядан өтуі тиіс. 2023 жылдан бері бала 1 жасында алса да, 2-ден 5 жасқа дейін қайтадан ревакцинация жасалатын болды. Жалпы, тағы да заңнамада екпе салуды мәжбүрлеу деген жоқ. Сондықтан ата-ана қарсылық өтінішін жазбаша қалдырады. Бірақ ата-ана қарсы болғанға дейін медицина маманы екпенің не үшін керек екенін, баланың дені сау болса жоспарлы екпені міндетті түрде алу қажет екенін ескертеді. Ата-ана осы кеңесті тыңдап болғаннан кейін ғана қарсылығын жазбаша түрде жазуға құқы бар.