10 Қаңтар 18:33
...

30 мыңнан асты. Қызылша дерті НЕГЕ өршіп кетті?

Корь
Фото: Фото: ОКҚ

2023 жылы қызылша жұқтырғандар саны 29 648 адам болса, биыл жыл басынан бері тағы 1900 адам қызылша дертіне шалдыққан. Мамандар мұны «соңғы 10 жылда болмаған жағдай» деп бағалады.

Қазақстандық мамандардың айтуы бойынша қызылша дертіне шалдыққандардың басым бөлігі – вакцина салдырмағандар. Яғни, 58 пайыз вакцина алмағандар, 24 пайызының вакцинаға жасы жетпеген. Бұл үгіт-насихат жұмыстарының нашарлығын көрсетпей ме және бұған дейінгі оқиғалардан құзырлы мамандар сабақ алмаған ба? Себебі бұрын да вакцина салуға қарсы адамдар өз наразылығын ашық білдірген кездер болған.

Бұл туралы біз ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» Басқарма төрағасы Манар СМАҒҰЛҒА сұрақ қойдық.

Смағұл
Фото: ОКҚ

– 2018 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцинадан өз еркімен бас тарту мәселесін 10 қауіптің біріне қосқан. 2014 жылдан бастап вакцинадан өз еркімен бас тарту мониторингі жүргізіледі. Жыл сайын біз Еуропалық иммундау аптасы кезінде насихат жұмыстарын жүргіземіз.

Иммундау компаниясының эволюциясына қарасақ, жұқпалы аурулар көптеп тіркелген вакцина жоқ кезде адамдар алғашқыда вакцинаға сеніммен қараған. Ол кезде вакциналау жоғары болды. Одан кейін вакцинаның арқасында бұл аурулар сирек кездесетін жағдайға жеткен кезде, халық оны ұмыта бастады. «Дерт жоқ, өтірік екен» деп ойлай бастайды.

Қызылша, қызамық, паротит вакциналарына қатысты айтсақ, екі мыңыншы жылдары жалған дерек тарап, елде вакцинаға сену төмендеді. Қазір ол жалған дерек екені дәлелденген. Сондықтан бұрқетпе жағдайлар тіркеліп, өлім-жітім көбейіп, аурудың салдары көп тіркелгеннен кейін, халықтың көзқарасы өзгереді», – дейді Манар Смағұл.

Қазақстанда қызылша дертінің өршуі алғаш емес, бұған дейін соңғы он жылда 2019, 2015 жылдары елде қызылшаға шалдыққандар көптеп тіркелгенін басқарма төрағасына еске салып едік, маман «ол кезде ауру көбінесе ересектер арасында тараған және ересектер көбірек иммундалғанын» айтты. Ал Ковид-19 кезінде балалар арасында иммундау күрт төмендеп кетіп, сол себепті қазір көбіне балалар сырқаттанып жатыр дейді.

Қызылша
Фото: Freepik

Елімізде қызылша жұқтырғандардың 79 пайызы балалар екен, мұның 4 пайызы – жасөспірімдер, ал ересектердің арасында бұл көрсеткіш – 17 пайыз.

Манар Смағұл ДСМ, ЮНИСЕФ және egov.kz сайты бірігіп, call-орталық ашқанын айтады. «Вакцинаға қатысты сұрақтар болса, 7701 номеріне хабарласуға болады», – дейді.

Вакцинаға өткен жылдың қыркүйегінде резервтен 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, Қазақстан қызылшаға қарсы вакцинаның қосымша 1,5 млн дозасына тапсырыс берген. Қазіргі уақытта елімізді қызылшаға қарсы вакцинамен «Serum Institute of India» деп аталатын Үндістандық компания қамтамасыз етіп жатыр.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят Қазақстанда Үнді вакцинасы қолданылып келе жатқанына 10 жыл болғанын айтқан.

Естеріңізде болса, 2015 жылы қызылшаға қарсы Үнді вакцинасының сапасына қатысты дау шыққан. Сол кезде Денсаулық сақтау министрлігі «вакцинаның сапасын тексердік, талапқа сай» десе де, қоғамда наразылық тоқтаған жоқ. Ақыры, елде қызылшаға қарсы вакцина салуды уақытша тоқтатқан болатын. Кейін вакциналауды қайта қолға алды. Ол кезде Үндістанның басқа компаниясының вакцинасы сатып алынатыны айтылды. Бірақ елімізде кейін де қызылшаның беті қайтпады. Неге екені белгісіз, біздің мамандар әлі де Үндістанның вакцинасына сенім артып отыр. Неліктен басқа елдердің де екпесін сатып алмай отырмыз?

Шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық Дәрілік заттарды сараптау департаменті мемлекеттік кәсіпорыны сарапшысы Замзагүл Нұрсейітова Үндістандық компания әлемдегі ең ірі вакцина өндіруші деген уәж айтты.

– «Serum Institute of India» – дүниежүзінде вакцина өндіру және сату бойынша әлемдегі ең ірі вакцина өндірушісі. Егер дүниежүзіндегі балалардың санын алсақ, 65 пайызы кем дегенде бір рет Serum Institute-тың вакцинасын алған деп есептеледі. Женевадағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында сертификаттарлаған және шамамен 170 елдің Ұлттық Имундық бағдарламаларында қолданылады», – дейді ол.

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының сайтындағы мәлімет бойынша, әлемде қызылшаны зерттейтін жоғары сападағы 73 зертхана бар екен.