Шымкенттегі ауруханада науқастар дәлізде жатқан

Шымкент қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасында дәлізде жатқан науқастар бейнеленген видео тарап, қоғамда қызу талқыланды. Бейнежазбада көрсетілгендей, науқастар тіпті дәлізде төсекте емес, жерде жатқан.
Алматы, NEGE. Қала әкімдігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, мәселе ауруханада жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты екенін хабарлады.
«Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты 10 бөлімшенің 8-і тәулік бойы аса қауіпті және түрлі жұқпалы ауруларға шалдыққан науқастарды қабылдап, медициналық көмек көрсетіп жатыр. Ауруханада 2, 3 және 4 орындық палаталар бар. Әр палата санитарлық бөлмемен қамтамасыз етілген. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес, бөлмелерде ауа алмасуын қамтамасыз ететін терезелер мен ішкі желдету жүйесі орнатылған. Науқастарға ҚР медициналық көмек көрсету стандартына сай уақытылы және толық көлемде диеталық тағам ұсынылады», — делінген Шымкент қаласы әкімдігінің ресми мәлімдемесінде.
Сондай-ақ дәрігерлер мен медицина қызметкерлері бекітілген хаттама негізінде қызмет атқарып, санитарлық нормалардың сақталуын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Төсек-орын жабдықтары эпидемиологиялық маусымға жеткілікті.
Ресми мәліметке сәйкес, соңғы демалыс күндері науқастардың көп түсуіне байланысты палата жетіспеушілігіне байланысты дәлізге орналастырылған.
«Дәрігерлер мен медицина қызметкерлері тарапынан этика мен деонтология қағидаларының бұзылу деректері тіркелген жоқ. Дәрігерлер мен медбикелердің саны ұлғайтылып, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда тұрақты жағдайдағы науқастар амбулаторлық емге шығарылып, палаталар босатылды. Дәрігерлер әр науқасқа ем барысы мен денсаулығына қатысты толық ақпарат беріп отыр», — деді қала әкімдігінің өкілдері.