2 Сәуір 09:33

«Кім маньяк?». Агрессордың психологиялық портреті

Фото:

Күн сайын түрлі сұмдықты естіп жаға ұстағанымызбен, оған етіміз үйреніп кеткен. Жанымыздағы адамның, тіпті өзіміздің психологиялық ауруға шалдықпауымызға ешкім кепілдік бере алмайды. Адам өзге түгілі өзін де түсіне алмайды екен.

Бөтен адаммен танысқан жағдайда оны бірден тани алмаймыз. Оның санасында не бар екенін түсіну мүмкін емес. Болып жатқан қатыгездіктерді бағамдай отырып, тәжірбиелерге сүйенетін болсақ, агрессияға бейім, жауыздыққа баратын адамдардың 70%-ы өздерін кез келген ортада сабырлы ұстайды. Тіпті, олардың жақсы қызметі, отбасы мен бала-шағасы болуы да ғажап емес.

Мұндай адамдарды өз ортамыздан анықтау мүмкін бе? Жақын досымыздың, тыныш өмір сүріп жатқан танысымыздың психикалық ауытқушылығы барын анықтай аламыз ба? Кісі өлтірушінің, не болмаса адам зорлаушының психикалық портреті қандай? Біздің бұл сауалымызға психолог Тәуекел Ақнұр Ғанижанқызы жауап берді.

Ақнұр Ғанижанқызы

 Адамдар не себепті қатыгездікке барады? Ол туралы психология не дейді?

– Қатыгез адамдарды психологияда «агрессорлар» деп атайды. Агрессия дегеніміз – біздің ішімізде болып жатқан имульстар. Агрессияның өзі белсенді және пассивті болып бөлінеді. Агрессияны кейде позитивті агрессия деп те атайды. Өйткені ол ішкі дүниеміздегі алға қойған мақсатымызға жету жолындағы қару ретінде қарастырылады. Ең қорқыныштысы – пассивті агрессияның көріністері. Мұны біз өз қоғамдан көріп отырмыз.

Пассивті агрессия кезінде адамдардың өмірге деген реніші, өкпесі, ашуы болуы мүмкін. Олар өз эмоцияларын ашық білдіре алмайды, қорқақ келеді. Қатты ашуланып тұрса да, ашуын қоғамдық ортада көрсете алмайды. Ондай пассивті агрессорлар өзінің нақты не қалайтынын және неге көңілі толмайтынын тікелей айтпайды. Өйткені, өз ойын жеткізуден қорқады.

Керісінше, өздерін кез келген ортада байсалды, сабырлы ұстайды. Осылайша, адамның сеніміне кіреді. Сол сенімге кіру арқылы сізге жақсы серіктес ретінде көрінуі мүмкін. Ол – ұрыспайды, айғайламайды. Сіздің айтқаныңызға оңай келіседі. Былайша айтқанда, өзі туралы жағымды пікір қалыптастырады. Бірақ кейін өзінің нақты ойын, өзін еркін ұстай алатын аумаққа келгенде өзінің агрессиясын көрсете бастайды. Яғни, ондай адамдар өзінен кіші, өзінен физикалық тұрғыдан әлсіз келетін адамдарға қатыгездік көрсетеді. Кез келген адамның бойында агрессия бар. Ал оның қатыгездікке айналып кетпеуі үшін бір уақыт эмоцияны сыртқа шығарып тұрған дұрыс.

– Кісі өлтіруші немесе зорлаушының психологиялық портреті қандай? 

– Қылмыскердің портретін жасаумен сот психологтары айналысады. Зерттеулер ол адамның туыстарымен, жақындарымен, жәбір көрушімен қарым-қатынасын зерттей келе жасалады. Яғни, психологиялық портрет жасау көптен пайда болған ұғым емес. Нақты мына адам кісі өлтіруші немесе зорлаушы деп айта алмаймыз. Себебеі, ол кез келген адамнан шығады. Мысалы, кісі зорлаушы 10 жас пен 60 жастағы еркек немесе әйел болуы мүмкін. Яғни, жыныстық толыққанды жетілген азаматтарды қарастырады. Сол себепті жалпылама алғанда қыз зорлау фактісі ер жігіттің бірінші сексуалды тәжірибесі емес. Ол азамат бұрын да сондай әрекетке барған болуы мүмкін.

Мысалы, соңғы жаңалықтар бәріміздің зәремізді алды. Психология тұғысынан алып қарайтын болсақ, нақты сол оқиғада жігіт қызды жыныстық қатынасқа мәжбүрлеуі мүмкін. Мәжбүрлеу барысында қыз бас тартып, қашып кетуге тырысқан жағдайда ол адам өзінің қалаған жоспары іске аспай, көңілі толмай, агрессиясын көрсеткен болуы мүмкін. Яғни, сол қылмыс агрессивті жағдайда жасалған.

Бұған қарама-қайшы келетін нұсқа бар. Егер ол қылмысты жоспарлы түрде жасаса, онда оны «маньяк» деп атай аламыз.

Олар қатыгездікпен адам өлтіруге құмар болып тұрады. Біреудің өзіне жалынышты сөйлегенін қалайды, «аяушылық танытшы дегенді айтуы керек» деп есептейді. Олар – психологиялық тұрғыдан әлсіз адамдар. Яғни, тұлға ретінде қалыптаса алмағандықтан, өздерін осылайша мойындатып, жариялағысы келеді.

– Қатты ашуланғанда адамдар өз іс-әрекеттеріне жауап бере алмай қалады. Осындай кезде кісі өліміне дейін барған жағдайлар кездескен. Оның алдын алуға бола ма?

– Ашу үстінде адамдар өз әрекеттеріне жауап бере алмай қалатыны рас. Ашулы адам ойлап үлгермейді. Сол себепті бұл жағдайда жәбірленуші тарап өзін-өзі қорғағаны жөн. Ашуланып тұрған адамды барынша сабырға шақыруға, барынша есін жиғызуға талпынғаны дұрыс. Ашу-ыза адамның көзін байлайды.

Менің кеңесім, егер жаныңыздағы адам дәл сондай жағдайда болса, оған бір стакан су беріңіз. Ашу – біздің ішіміздегі тулап жатқан өрт. Өртті басу үшін су керек. Бұл да сабырға шақырудың бір тәсілі.

– Әлеуметтік желі арқылы танысатындар көп. Оған шектеу қою мүмкін емес. Дегенмен осындай кезде маньякпен сөйлесіп отырғаныңды қалай анықтауға болады? Олардың психологиясын анықтауға бола ма?

– Қазір әлеуметтік желіде танысу белең алып кетті. Желі арқылы бақытын тауып, бақытты болып жатқандар да бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Әлуметтік желіде танысқанда қыз бала өз тарапынан сөйлесіп отырған адамының жеке басын анықтауы керек. Аккаунттың фейк болмауын қадағалағаны жөн. Махаббат деген таза, пәк ұғым. Нағыз махаббат 7 сатыдан өтеді. Ал тек әлеуметтік желіде отырып сөйлесу, танысу адамды қоғамнан алшақтатады.

Жазбасы арқылы адамды толық тану мүмкін емес. Адамды шын өмірде көрмей жатып, сенім білдіру ағаттықа алып келеді. Қыздар осы жағынан көп қателеседі. Арам пиғылы бар адамдарды әлеуметтік желіден жыға тануға болады деп айта алмаймын.

– Психикалық жағдайы тұрақсыз адаммен бетпе-бет келгенде не істеу керек? Ондай қасиет жақын адамыңыздың бойында болса ше? Ондай адамдарды емдеуге бола ма?

– Егер жақын адамыңыздан немесе өзіңізден агрессиялы жағдайларды байқасаңыз, барынша ойды жақсы жаққа бұруға тырысыңыз. Мұндай мінез пайда бола бастаса, өзіңізге жағымды әсер сыйлайтын іспен айналысқан дұрыс. Агрессияға бейім адаммен байланысқа түскен жағдайда оның ашу-ызасына барынша мән бермеуге тырысу керек. Өйткені, ол да сенің ашуланғаныңды күтеді.

Агрессияның алғашқы 12 минутына шыдасақ, содан кейін ол бірте-бірте басылады. Бұл – ғалымдардың нақты зерттеген уақыты.

Адам кез келген жағдайда ашық болып үйренуі керек. Айналаңдағы құбылыстардың жақсы жағын көруге талпыныс жасағаны жөн. Өйткені миымызды қандай ақпаратқа толтырсақ, сол ақпарат бойымыздан шығады. Агрессормен бетпе-бет келгенде ақталмауға тырысыңыз. Өйткені, сіз өзіңізді ақтаған сайын, ол өзінің басымдығын көрсеткісі келеді. Ондай адамға шабуыл жасамаған дұрыс. 

Мұндайларды емдеуге болады. Біздің елде жаңадан енгізілген жүйе бойынша, барлық мекемеде психологтар бар. Бойыңыздан қандай да бір психикалық ауытқушылықты байқасаңыз, маманға жүгінгеніңіз дұрыс. Негізі, мұндай жағдайда айналасындағы жақындары тез арада дабыл қағуы керек. Егер психикалық ауытқушылықтары айқын байқалса және ол анықталса, онда арнайы психикалық ауруларды емдейтін мекемелерге жатқызылады. 

Тегтер: