19 Желтоқсан 16:35

«Келіндер көтерілісі»: 132 млн теңге қайдан шықты?

Фото:

  Түркістан музыкалық драма театры 21 қазан күні кезекті үшінші маусымын «Келіндер көтерілісі» қойылымымен ашқан болатын. Театр екі айға жуық уақыттың ішінде көрермен мен касса жинаудан оқ бойы озық тұр. 

«Әлемнің 14 елінің театр сахнасында, тіпті кино өндірісінде айтулы туындыға айналған шығарма 40 жыл өтсе де мән-мағынасын жоғалтқан жоқ. Тұңғыш рет сонау 1978 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының да сахналағаны бекер емес» деген премьераның алғашқы күнінде театр басшылығы. 
Өзбекстанның көрнекті жазушы-драматургі Саид Ахмадтың бұл пьесасын қазақ тіліне аударған – Асқар Сүлейменов. Инсценировка авторы және режиссері – Дәурен Серғазин көрші екі мемлекеттің ортақ құндылықтарын тиімді пайдаланып, жаңаша сипатта  музыкалық комедия жасауға тырысқанын айтты. Сценографы – Олжас Дарубаев, хореграфы – Мадина Мұратбекова, көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова.

Әрине, Түркістан театры сахналаған қойылымды тамашалау әзірге бұйырмаса да, даңқы мен дақпырты жетіп жатты. Тіпті, әлеуметтік желіде осы спектакльге бөлінген қаржыны талқылаған отырыстың бейнежазбасын да көзіміз шалды. Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Дулат Әбіш бастаған жергілікті атқамінерлер облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевты сұраудың астына алып жатыр екен.

 «Келіндер көтерілісі» қойылымына 132 млн теңге бөліпсіңдер. Бұл не өзі? Бұл қандай көтеріліс?!» деді мәслихат депутаты әзіл-шыны аралас. Оған Мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев: «Бұл жерде «Келіндер көтерілісіне» – 90 млн, ал «Түркістанды түлеткен» салтанатты шарасына 42 млн теңге сұралды. Екеуін қосқанда – 132 млн теңге. Осы сессияда біз 42 млн теңгені сұрап отырмыз. Бірақ қойылым апта сайын аншлагпен өтіп жатыр. Өздеріңіз де барып көрсеңіздер болады» деп жауап берген. 
 Шын мәнінде, «Келіндер көтерілісі» спектакліне қанша қаржы бөлінген? Бұл шығын өзін-өзі ақтап жатыр ма? Мәслихат депутаттары «көп» деп таңырқаған сома расында артық па?

NEGE тілшісі әуелі театрдың көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарованың пікірін білді. 

«Мен көркемдік жетекші ретінде қойылымның көркемдік жағына, мағынасына жауап беремін. Ал қаржы жағына қатысым жоқ. Бәрі де ашық. Өз орнымен жұмсалып жатыр. Театрдың сахнасын, қойылымды көру керек. Жаман нәрсені желеулетіп кез келген адам жаза береді. Куәлі сөз бар, шүбәлі сөз, күнәлі сөз бар. Ақ пен қараны ажырата алу керек. Осыны шығарып отырған адамдардың өзі ешқашан театрға бас сұғып көрмеген шығар.

Сондықтан кез келген дүниені сараптап, таразылау қажет. Мәдениет пен білімді қалыптастырмай әйтеуір бір дүниеден хайп жасасақ, ел ретінде өспейміз. Қойылым басталғалы бері аншлагпен өтіп жатыр. Орын жоқ. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп көретін театр туралы бұлай айтудың өзі күнә. Қаржы туралы театрдың ішкі асханасын білмейтін, өмірі театрға келмеген адамдар айта береді. Бізде грим деген нәрсе бар, оны бірнеше ай бұрын алдын ала сатып алу керек.

Түркістан қаласы Алматы, Астанадан қаншама шақырым қашықтықта жатыр. Ол жерде атақты, қымбат актерлерді шақырып, ұстап отыру мүмкін емес. Бұл әртістер ақша табу үшін тек театрда ғана емес, киноға түседі, дубляж жасайды, той жүргізеді. Біз де Түркістандағы туризмді, халықтың мәдениетін көтеру үшін шетелдің концепциясы бойынша басқа театрлардан шақыру моделіне көштік. Бүкіл әлемде сондай», – деді Айнұр Көпбасарова. 

    Бұдан кейін Түркістан музыкалық драма театрының директоры Әлімхан Мырзаханмен аз-кем әңгіме өрбіттік. 

          Әлімхан Мырзахан: 

Бес қойылымның өзі бір жарым айда 9,5 млн теңге қаржы түсірді

     – Әлімхан мырза, «басқа театрлармен салыстырғанда Түркістан музыкалық драма театрына қаржы көп бөлінеді» деген әңгіменің шеті шығып еді. Осы пікірге не дейсіз? 

      – Бізден көп немесе аз қаржы бөлінетін театр бюджеті бар. Соны қарап, салыстырып, спектакльді, декорацияны, тігілген киімдерін көріп, музыкасын тыңдап пікір айтқан дұрыс. «Келіндер көтерілісіне» басында сметада 110 млн-ға жуық қаржы қарастырылған. Бірақ бюджеті қысқартылып, қойылым 90 млн-ға түсті. Бұл қойылымда 70-ке жуық актер ойнайды. Балет әртістері, драма актерлері, сырттан шақыртылған актерлер екі-үш мәрте киім ауыстырады. Одан кейін өзімізде микрофон жоқ. Оны жалға алдық. Сосын театрда ұсақ-түйек реквизит деген болады. Сөмке, дастарқан, пышақ, қасық, бәрін сатып аламыз. Оған қоса декорация материалдары қымбат. Біз кәдімгідей байқау жарияладық. Нәтижесі бойынша әділ түрде ұтып алған фирма жасап берді. Өйткені, біздің театрда цех жоқ, декорацияны жасайтын мүмкіндік жоқ. 31 млн теңге декорация, киім тіктіруге кетті. Мұнымен қоса музыка жазған авторларға төленеді. 

   – Жан-жақтан шақыртылған әртістердің де қаламақысы жоғары шығар... 

  – Жалпы, Саид Ахмадтың пьесасында 70 жастағы ана мен ата бар, ең үлкен баласы 50-де. Ал біздің театр 2021 жылы ашылды. Енді ғана үш жыл болды. Біздегі актерлердің ең үлкені 25-30 жаста. 70-тегі кемпірді, 50-дегі баласын кімге ойнатамыз? 70 жастағы шалдың рөлін 25-тегі жігітке берсек, көрермен күліп кетпей ме? Сол сияқты режиссерді де шақырттық. Себебі, театрда режиссер жоқ. Ал енді оларға төленетін қаламақы да асып бара жатқан жоқ. Әр қойылым үшін 40-50 мың теңге алады. Одан бөлек тәулікақысы, жол шығыны, қонақүйге жатын орынға төленеді. Бір айта кетерлігі, құрылымдағы актерлердің 80 пайызы – өз театрымыздың әртістері. 

 – Осы қойылымдар сахналанғалы бері аншлагпен өтіп, шығынды ақтап жатыр ма?

 – Бұған дейін өткен бес премьерада зал лық толды. Бесінші күні халықтың сұрауы бойынша күндізгі 14.00-ге және кешкі 19.00-ге қоюға тура келді. Өйткені, Тикетонға салынған билет сол заматында сатылып кеткен. Себебі, біздің көрермен – жергілікті тұрғындар ғана емес, Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Батыс өңірінен ұшақпен ұшып келеді. Бір жағы қыдырып, екіншіден қойылымды тамашалауға арнайы сапарлайды. 14-15 желтоқсан күні тағы қойдық. Билет сатылымға шыққан күні өтіп кетті. Осы айналдырған бес қойылымның өзінен 9,5 млн теңге ақша түсірді. Көрерменнің сұрауы бойынша 14-26 қаңтар аралығында Алматыға гастролдік сапармен барамыз. Репертуарымыздың 90 пайызы қойылады. Бірақ әзірге қай театрда өтетіні белгісіз. Өйткені, қазір театрлармен келісім жүріп жатыр.

   – Сіздер 40 жыл бұрын жазылған «Келіндер көтерілісін» бүгінгі күнге лайықтадыңыздар ма?

   – 1960-70 жылдары жазылған Саид Ахмадтың пьесасы қазіргі заманауи өмірге лайықты етіп жазылды. Арнайы шақыртылған режиссер Дәурен Серғазин инсценировка жасады. Бұл комедия болған соң жастарға өтімді етіп, қазір трендте жүрген дүниелерді кіргіздік. Ең бастысы, пьесаны қазақиландырдық.    

  – Жергілікті тұрғындардың театрға бару мәдениеті қалыптасып, қызығушылығы артып келе ме?  

– Халық бірте-бірте үйреніп келе жатыр. Бірақ әлі де көрермен мәдениетін қалыптастыру үшін әлеуметтік желіде де, былай да барынша түсіндіреміз. Бес саусақ бірдей емес. Кейде кешігіп келеді, енді бірде дресс-кодты сақтамайды. Көрерменнің де қойылымның аншлаг болып өтуіне септігін тигізіп, оларды фан-клуб алаңына тарту үшін әлеуметтік желіде бар амалымызды жасап жатқан жайымыз бар.  

 –  Бес қойылымның ішіндегі ең табыстысы қайсы? 

– Ең табыстысы – «Бөрте», «Мағжан», «Беу, қыздар-ай», сосын «Келіндер көтерілісі» қойылымы. Әлгінде айттым, бізде режиссер жоқ. Біз сырттан шақыртамыз. Бір режиссермен отырса, бір бағытта болып қаламыз. 

– Сіздің де бұл қызметке келгеніңізге көп уақыт болған жоқ қой. 

   – Бір жылдан асты. Өткен жылы қыркүйекте келдім. Оған дейін Қостанай театрында 23 жыл жұмыс істедім. Оның жиырма жылы актер, үш жылында директор болдым. Сосын ұсыныс түскен соң Түркістанға келдім.

 P.S: Түркістан облыстық мәслихат депутаттары тілге тиек еткен қаржының жай-жапсары осы. Ал театр басшылығы «​көрермен үшін театр ұстап отырмыз, сұранысын неге қамтамасыз етпеске?», – деді. 

Тегтер: