Өзбекстан Еуразиялық одаққа қосыла ма?
Өзбекстан Еуразиялық экономикалық одаққа кіруді ойластырып жатыр.
Алматы, NEGE. Елдің сыртқы істер министрінің орынбасары Ильхом Нематовтың айтуынша, республика қазіргі таңда одаққа кірудің артықшылықтары мен кемшіліктерін таразылап жатыр. Ташкентті мигранттардың «экспортын» көбейту, Ресей мен Қазақстанмен еркін сауда жасау жолдары қызықтырады. Бірақ еуразиялық интеграцияға қарсы Вашингтонның позициясына да алаңдаулы.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Өзбекстанға сапарында Ташкент пен бірлестіктің өзара қарым-қатынасы жөнінде де талқылаған болатын.
Өзбекстан билігі 2019 жылдың қазан айында Еуразиялық экономикалық одаққа кіруге ниет білдірді.
Бұл туралы Ресей Федерациясы Кеңесінің спикері Валентина Матвиенко республика президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесуден кейін айтқан еді.
«Өзбекстан президенті шешім қабылдады, қазір елде Еуразиялық экономикалық кеңеске қосылу туралы мәселе қаралуда», — деп хабарлаған болатын.
Бір қызығы, Мирзиёев Матвиенконың айтқанына түсініктеме берген жоқ. Парламенттің вице-спикері Садық Сафаев мемлекет ұстанымын жаймен түсіндіргендей болды. Ол Ташкенттің еуразиялық интеграцияға қызығушылығын растады, бірақ түпкілікті шешім қабылданбағанын атап өтті.
«Оның жақсы да, жаман да тұстары бар», - деді ол.