26 Қараша 16:42
...

2 жыл ішінде Қазақстанда 2,8 мың шақырымнан астам темір жол жөнделді

Теміржол
Фото: ғаламтордан

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында теміржол саласын және транзиттік әлеуетті дамыту мәселесі қаралды. Көлік министрі Марат Қарабаев тасымалдау динамикасы мен инфрақұрылымдық жобалар туралы баяндады.

Алматы, NEGE. Президенттің Қазақстанды толыққанды көлік-логистикалық хабқа айналдыру жөніндегі алға қойған міндеттерін іске асыру шеңберінде елімізде ауқымды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда.

2023 жылдан бастап 2,8 мың шақырымнан астам теміржол жөнделді. Жылжымалы құрамды жаңарту үшін 2024 жылы 185 локомотив сатып алынды, 800 ашық вагон, 143 жолаушылар вагоны пайдалануға берілді. Қызылорда, Шымкент, Павлодар және Түркістан қалаларында вокзалдарға күрделі жөндеу жүргізілді. Премьер-министр қабылданған шаралар нәтижесінде 2029 жылға қарай транзиттік тасымалдау көлемі 28 млн-нан 45 млн тоннаға дейін ұлғаятынын, оның ішінде транзит 2 млн жиырма футтық контейнерге дейін өсетінін атап өтті.

Олжас Бектенов халықаралық көлік дәліздеріндегі қазақстандық маршруттардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және саланы жаңғырту бойынша күш-жігерді арттыру қажеттігіне тоқталды.

Теміржол саласын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде келесідей жұмыстар жоспарланған:

– 11 мың шақырым теміржол учаскелерін жөндеу, 5 мың шақырымға жуық жаңа және екінші жолдар салу, 2,6 мың шақырымға автобұғаттау жасау, 184 стансаны жаңғырту; 

– ТХКБ бағыты бойынша контейнерлік поездар санын жылына 400-ден 3 мың бірлікке дейін ұлғайту; 

– 1,2 мыңға жуық жолаушылар вагонын сатып алу; 

– Дарбаза–Мақтаарал және Бақты–Аягөз т/ж желілерін салу, Достық–Мойынты т/ж учаскесінің екінші жолдарын және Алматы айналма желісін салу; 

– жалпы ұзындығы 1,3 мың км болатын 4 теміржол жобасын іске асыру; 

– 2025 жылы 187 локомотив сатып алу, келесі 3 жылда – тағы 257 бірлік жеткізу.