20 Қараша 00:00
...

Болашақ ұрпақ бетімізге түкірмесін десек...

5 жыл
Фото: Коллаж NEGE

Мүдделес азаматтармен бас түйістіріп, тізе қосып отырып NEGE-ні ашқанымыз кеше ғана сияқты еді, көзді ашып-жұмғанша бес жыл зу етіп өте шығыпты...

Ширек ғасырға татитын осы бес жылда біраз жайтты бастан өткеріп үлгердік: коронавирустың «дәмін» таттық, саудаласқысы келгендермен айқастық, хакерлік шабуылға ұшырадық, Қаңтар дүрбелеңінде от пен оқтың ортасында жүрдік, Назарбаев ескерткішінің екбеттей құлағанын көрдік, бірнеше саяси науқанды бастан өткердік. Абайша айтқанда, «айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік».

Енді осы оқиғаларды шама-шарқымша тарқатып көрейін.

Сайтты ашқанымызға төрт ай өтер-өтпестен атышулы коронавирус елге жетіп (наконец-то...), шекаралар тарс жабылды. Енді-енді еңсе көтеріп келе жатқан сайт үшін бұл сұмдық ауыртпашылық еді. Журналистер айлықсыз қалды, жоспарлар іске аспай, келісімшарттар аяқ асты болды. Әрине, бұған ковидтен басқа ешкім кінәлі емес. Сол бір қиын кезеңде редакцияны иесіз тастамаған, басын бәйгеге тігіп жүріп айлықсыз жұмыс істеген әріптестеріме алғысым зор.

Енді-енді еңсе түзеп, NEGE таныла түскен тұста есігімізді қағатын «көлденең көк аттылар» пайда болды. Түпкі мақсаттары белгілі: NEGE-ні және оның сайыпқыран журналистерін әлдебір саяси ойындарға пайдаланбақ ниетті. Саудаласпақ болды, қорқытып-үркітуге тырысты, арандатқысы келді. Ешбірінің ығына жығылмадық, ырқына көнбедік. Өйткені олардан біздің жолымыз басқа еді.

БАҚ
Фото: NEGE

Назарбаев тақтан түскенімен, аттан түспеген кез. Оның отбасы мүшелерінің бірі туралы тың нәрсе жариялағанымыз сол еді, сайтымыз жалп етіп құлады да қалды. Техниканың тілін білетін мамандардың айтуынша, сайтқа бірнеше шетелден сұрапыл шабуыл жасалып, қорғанын бұзған. Қаскөйлердің көздегені – отбасы мүшесі туралы деректі жұртқа жеткізбеу. Мұның кімнен келген кеп екенін сездік. Қандай адуын қарсыласпен бетпе-бет келгенімізді де түсіндік. Егер дәл сол материалды алып тастамасақ, сайтымыз мүлдем ашылмауға айналды. Бұған дейін және бұдан кейін ешбір шенді бізді мұндай нәрсеге мәжбүрлей алған емес...

Қанды қаңтарда біз де елмен бірге қан жұттық. Өйткені Тәуелсіздікке қатер төніп тұрғанын анық түсіндік. От пен оқтың арасында жүріп, тілшіміз хабар таратты. Ал кейін бейбіт шерушілерді «жиырма мың террористке» айналдырғысы келгендердің әрекетін ашық сынай алдық.

NEGE порталы Н.Назарбаевты «Елбасы» деп ешқашан жазған емес және әлдекімдер секілді тонымызды теріс айналдырып кигеніміз жоқ. Оның ескерткіші екбетінен түскенде де алақайлап бөркімізді аспанға атпадық, өйткені ертелі-кеш бәрібір осылай боларын білдік. «Мақтанды» дерсіз, бірақ шындығы осы.

Қаңтар
Фото: С.Дүйсенова

Соңғы үш жылда үш бірдей ірі саяси науқанға куә болдық – әдеттегі кезектен тыс президент сайлауы мен екі референдум. Бұл жолы да дүрмекке ергеміз жоқ, барды – бар, жоқты – жоқ деп айттық, айтып та жүрміз. Сондықтан да бетіміз ашық.

Ендігі басты сұрақ мынау: біз болашаққа қандай Қазақстан қалдырамыз? Меніңше, мұның жауабы әлі табылған жоқ. Неге? Себебі біз қазір қылпылдаған өткірдің жүзінде тұрмыз, шалыс бастық па – шатымыз айырылады. Сондықтан да аса зор жауапкершілік біздің буынның мойнына жүктелген.

Болашақ ұрпақ бетімізге түкірмесін десек, дені сау қоғам құруды дәл қазір бастайық және ең алдымен өзімізді түзейік!

Ерік РАХЫМ, Бас редактор.