2 Шілде 16:35

Қазақ-қытай қатынасы қай бағытқа қарай ойысты? – Андрей Чеботарев

Қазақстан
Фото: Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға соңғы үш жылдағы екінші мемлекеттік сапары оның елінің сыртқы саясатындағы қазақстандық вектордың маңыздылығының жоғары деңгейін көрсетеді. Бұл сапарды Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) төрағалығының аяқталуына Қытайдың саяси қолдауы ретінде де бағалауға болады.

Си Цзиньпиннің Астанаға келуі еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да кәсіби мерекесі Қазақстан Республикасының Дипломатиялық қызмет күніне сәйкес келуі символдық мәнге ие. Өз кезегінде бұл жағдай екі елдің бірінші басшыларының біршама құрметті және сенімді жеке қарым-қатынасын көрсетеді.

Тақырыпқа орай: Қазақстан мен Қытай арасы: Си Цзиньпиннің келуінде қандай мән бар?

Соңғы кездері Қазақстан басшылығының сыртқы саяси қызметті жүзеге асыру үдерісінде медиа дипломатия құралдарын белсенді пайдалана бастағаны маңызды. Бұл жерде әңгіме жетекші бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан мен серіктес мемлекет басшыларының бір-бірімен кездесу алдында мақалалары немесе сұхбатының жариялануы туралы болып отыр. Бұл материалдар негізінен олардың қолда бар негізгі нәтижелерін бағалауын және екіжақты ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары туралы ақпарат береді.

Қазақстан
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

БАҚ алмасудың мұндай түрі, мысалы, 2023 жылдың қарашасында Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға ресми сапары алдында жасалған болатын. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Известияға», ал ресейлік әріптесі «Казахстанская правдаға» көлемді сұхбат берді.

Бұл әңгіме арқауына айналған тәжірибе Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапары қарсаңында да қолданылды. Оның мақаласын «ҚазАқпарат» жариялады. Қазақстан Президенті өз кезегінде Синьхуа агенттігіне сұхбат берді. Олар үшін маңызды мәселе, атап айтқанда, қытай-қазақ қатынастарын айқындайтын төрт қағидатты белгілеу болды. Бұл – екіжақты қарым-қатынасты дамытудың тұрақты серпінін сақтау мүддесіндегі өзара құрмет, тату көршілік, өзара көмек және өзара тиімділік. 

Сондай-ақ ҚХР Төрағасының Қытай мен Қазақстан экономикаларының құрылымында бірін-бірі толықтыратыны туралы мәлімдемесі де назар аударарлық. Бұл екі ел арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың айтарлықтай күрделі деңгейде екенін білдіреді. 2023 жылы олардың арасындағы тауар айналымы 30 пайызға артып, 41 миллиард долларға жеткенін атап өту жеткілікті. Ал Қытайдың Қазақстан экономикасына құйған инвестициясының жалпы көлемі қазіргі уақытта 25 миллиард доллардан асады.

Сонымен қатар, Қытай қазақстандық тауарлардың өз нарығына қолжетімділігін кеңейтуге дайын екенін білдіреді, бұл олардың арасындағы көлік-логистикалық дәліздерді дамыту арқылы жеңілдетілмек. Осыған байланысты жақында Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту және халықаралық автомобиль тасымалдары туралы, сондай-ақ жүк тасымалдайтын аптасына 42 рейстің қатынауына мүмкіндік беретін «ашық аспан» режимін енгізу туралы үкіметаралық келісімдерді ратификациялауы кездейсоқ емес. Демек, жоғары деңгейде өтетін алдағы келіссөздер мемлекетаралық өзара іс-қимылдың осы және басқа да бағыттарын дамыта түспек.