Қазақстан мен Қытай арасы: Си Цзиньпиннің келуінде қандай мән бар?
2-4 шілде аралығында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Астанада өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-отырысына қатысады. Қытай басшысы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді.
Осы сапар қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Синьхуа» агенттігіне жазбаша сұхбат берсе, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин елімізге мемлекеттік сапар алдында «Қазақпарат» агенттігіне авторлық мақаласын жариялады. Онда Қазақстанның өзіне тән, дербес мәдениеті мен өркениеті бар ел екеніне тоқтала келе: «Мен сіздердің көрікті елдеріңізге ҚХР Төрағасы ретінде бесінші рет аяқ басқалы тұрмын. Қазақстанның таңғажайып төл мәдениеті, көз тартар табиғаты, дос пейілді және қонақжай халқы – осының бәрі менің жан-дүниемде ерекше жанашырлық оятады. Мен зор үміт артып отырған алдағы сапар жаңа Қазақстанның жетістіктері мен бүгінгі келбетіне сүйініп қарап, тамсануға ғана емес, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен екіжақты серіктестіктің өзекті мәселелерін талқылап, ШЫҰ-ны әрі қарай дамытудың және қытай-қазақ қарым-қатынасының басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді», – деп жазды Си Цзиньпин.
Сондай-ақ, Қытай басшысы: «Осынау сан ғасырлық достық біздің елдердің арасындағы қарым-қатынасты дамыту тарихтың пәрмені, уақыттың қалауы екенін көрсетеді», – депті.
Екі ел арасындағы байланыс жыл өткен сайын жаңа деңгейге көтеріліп келе жатыр. Бүгінде басты сауда-экономикалық серіктеске айналған екі мемлекет басшыларының кездесуінде қандай мән бар?
Қазбек Бейсебаев, саясаттанушы:
Қытай – басты сауда серіктесіміз
– Бүгінде Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыс нығайып келеді. Қытай – әлемде АҚШ-тан кейінгі қай жағынан алсақ та, дамып жатқан мемлекет. Сондықтан көрші ретінде қарым-қатынас дұрыс жолға қойылған. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Астанада өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-отырысына қатысуы да бекер емес. Бір сөзбен айтқанда, бұл байланысты үзе алмаймыз. Алайда, қандай жағдайда да өз мүддемізді ойлау керек.
Біз экономика алаңында серіктеспіз. Қазір Қытай Ресеймен де жақсы. Екі елдің ортасындағы көрші ретінде біз міндетті түрде қарым-қатынасты жақсарта түсеміз. Алып мемлекет дүниежүзіне қажеттінің бәрін шығарып отыр. Көшеге шықсаңыз, қытай көліктері ағылып жүр. Өзіңіз білесіз, бүгінде Қытай көліктерінің дені Қазақстан арқылы өтіп жатыр.
Бір айта кетерлігі, екі елдің арасында айтарлықтай мәселе жоқ. Қытайда өмір сүріп жатқан қандастардың да жағдайы жаман емес. Ең алдымен Қытай – басты сауда серіктесіміз. Осы жағынан алғанда елімізге инвестиция құйып келеді. Бұдан тартынудың қажеті жоқ.
Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:
Еліміз логистикалық хабқа айнала алады
– Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің ШЫҰ саммитіне келуі екіжақты қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін және жаңа экономикалық келісімдердің болуы мүмкін екенін аңғартады. Өйткені, мұндай сапарларда көбіне маңызды құжаттарға қол қойылады. Біріншіден, инвестициялық келісімдер. Қазір екі тарап жасыл экономика, көлік, жаңа технологиялар мен ауыл шаруашылығы саласында жаңа келісімдерге мүдделі. Қытайда экологиялық тұрғыдан таза ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс бар. Ал көрші ел әлем бойынша автокөлік нарығын жаулауда, соны пайдаланып еліміздің аумағында көлік құрастыратын жаңа зауыттарды көбейтуге болады.
Екіншісі – инфрақұрылымдық жобалар. Темір жол және автомобиль магистральдарын жаңғырту, логистикалық орталықтар мен порттарды дамыту бағыты бойынша жаңа жобалар басталуы мүмкін. Себебі қазір «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында Еуропа мен Қытайды жалғап жатқан темір жол мен автомобиль жолдары, Құрық арқылы порттар салу жүзеге асып жатыр. Екі ел экономикалық ынтымақтастық жағынан бір-біріне басты серіктес. Қытай үшін тек еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдері ғана емес, өздерінің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған шикізат көздері де маңызды.
Үшінші – инфрақұрылымдық даму. Бір жыл бұрын екі ел үкіметі Транскаспий халықаралық дәлізін дамыту туралы келісімге қол қойды. Еліміз транзиттік әлеуетін арттырып, логистикалық хабқа айналуға мүмкіндік жасауы қажет. Осы тұрғыдан алғанда «Орта дәліз» сауда мен тауар айналымын жақсартуға тиімді құрал. Бұны екі тарап та жақсы түсініп отыр.
Абзал Құспан, Мәжіліс депутаты:
Көпполярлы әлемнің бір ұшы сөзсіз Қытайға тиесілі
– Бұрын тек саясат деген сөзді жиі қолдансақ, қазір геосаяси жағдайды жиі тілге тиек етеміз. Себебі, геосаясат саясаттан әлдеқайда маңызды. Бұл көршілермен қарым-қатынастың деңгейін көрсетеді. Адам құқығын қорғау жолында белсенділік танытқан маман ретінде айтсам, Батыстың көп мәселесі ұнап тұрса да, кейбірін қабылдай алмаймыз. Оған әртүрлі себеп бар.
Ең бастысы, географиялық орналасуымыз. Біз қаласақ та, қаламасақ та, Ресеймен қандай қарым-қатынас ұстанатымыз сияқты, Қытаймен де тиімді дипломатиялық байланыс орнатуға міндеттіміз.
Кейбір БАҚ өкілдері «Тоқаевтың қызметіне қандай баға бересіз?» деп сауал қойғанда «Қазақстанда сыртқы істер саласында Тоқаевқа жететін саясаткер жоқ» деп жауап беремін. Қарасаңыз, Қытаймен көршілес елдердің бәрінде «синофобия» ұғымы бар. Қытай алып мемлекет ретінде нәзік саясат жүргізеді. Сондықтан олармен сол елдің тілін, психологиясын білетін, етене зерттеген президент Қ.Тоқаевтың қарым-қатынасты шебер орната алатынына кәміл сенемін. Көпполярлы әлемнің бір ұшы сөзсіз Қытайға тиесілі. Бұл мемлекетпен бүкіл әлем тығыз қарым-қатынас ұстанып жатқанда көршілес отырған Қазақстан да шекарасын жаба алмайды. Сол себептен экономикалық, сауда байланысынан, капиталынан қорықпау керек. Бірақ Қытай кадрларының ішке дендеп енуінен сақтануымыз қажет.