4 Шілде 19:00
...

De Montfort University – Қазақстанда британдық университет ашылды

университет
Фото: DMUK

4 шілде күні Алматы қаласында орналасқан De Montfort University Kazakhstan (DMUK) алғаш рет БАҚ өкілдеріне арналған Ашық есік күнін өткізді.  

Бұл шара университет басшылығы мен бұқаралық ақпараттық құралдары арасында өзара байланысты нығайту, сонымен қатар университеттің жұмысымен жақын таныстыру мақсатында ұйымдастырылды.

Университет
Фото: NEGE

Іс-шараны университеттің жаңа директоры Хью Херагти ашып, қатысушыларға жылы лебізін білдірді. Өз сөзінде ол DMU-дың Қазақстандағы миссиясына тоқталып, сапалы халықаралық білім беру үлгісінің маңызын атап өтті.

– Бүгін сіздердің алдарыңызда сөз сөйлеу – мен үшін үлкен мәртебе. Қысқа уақыт ішінде DMU Қазақстанның білім беру саласына өз үлесін қосып, халықаралық стандарттарға сай оқыту жүйесін қалыптастырып келеді. Біздің студенттер шетелде оқу мүмкіндігіне ие, олар білімінің соңғы жылын Ұлыбританиядағы Лестер немесе Лондон қалаларындағы кампусымызда аяқтай алады. Бұл жай ғана диплом емес, бұл – әлемге жол ашатын төлқұжат, – деді Хью Херагти.

Одан кейін сөз алған қабылдау комиссиясының басшысы Санжар Насылбеков университеттің құрылымы, мамандықтар, студенттер контингенті, білім сапасы, оқытушылар құрамы және соңғы жылдардағы жетістіктер жайлы толық мәлімет берді. Оның айтуынша, DMU Қазақстанда британдық үлгідегі білім беруді дамытуға айрықша үлес қосып келеді.

студент
Фото: DMUK

Іс-шара барысында DMU GLOBAL халықаралық бағдарламасы арқылы шетелде тәжірибе алып қайтқан екі студент сөз сөйлеп, шетелде алған білімі мен тәжірибесін ортаға салды.

Бұдан кейін БАҚ өкілдеріне университет ғимаратының ішін аралап көруге мүмкіндік берілді. Қатысушылар оқу аудиторияларын, зертханаларды, студенттерге арналған коворкинг аймақтарын және басқа да инфрақұрылымды көзбен көріп, университеттің ішкі тынысымен танысты.

Іс-шара соңында университет директоры Хью Херагти мен ҚР Халықаралық ұйымдармен жұмыс жөніндегі басқарманың қоғаммен байланыс департаменті директорының орынбасары Шманова Алтынай Бауыржанқызы БАҚ қызметкерлеріне кәсіби мерекелерімен құттықтауын жеткізіп, алғыс хаттар мен шағын сыйлықтар табыстады.