Жаңа кассациялық соттардың төрағалары мен судьялары тағайындалды

Биылғы 1 шілдеден бастап Астанада Мемлекет басшысының 2023 жылғы қыркүйекте кәсіпкерлермен кездесуінде мәлімдеген тапсырмасы бойынша қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш кассациялық сот өз жұмысын бастады.
Алматы, NEGE. Жаңа соттар елордада орналасқан.
Биылғы 1 шілдеге дейін кассациялық сатының функцияларын Жоғарғы Сот жүзеге асырды. Азаматтық және қылмыстық істерді қарау «таңдамалы» кассациялық тәртіп бойынша жүргізілді.
Оның мәні азаматтық істер бойынша азаматтардың өтінішхаттары алдымен алдын ала қарауға беріліп, оларды алқалы қарауға беру немесе беруден бас тарту туралы шешімді судьяның өзі ғана шығарды.
Қылмыстық істер бойынша алдын ала қарау алқалы түрде, үш судьяның қатысуымен жүргізілді.
— Бірақ бұл тәртіп жетілдірілмеген, азаматтарға белгілі бір қолайсыздық тудырды. Бастапқыда әкімшілік әділеттің енгізілуімен жаппай кассациялық тәртіп қолданылған әкімшілік істер бойынша шағымдар түскен жоқ. Нәтижесінде, сот ісін жүргізудің үш түрі бойынша кассациялық тәртіпте қайта қарауға басқаша көзқарас пайда болды. Бұл жағдай кассациялық қарауға қолжетімділікті шектеді және тиісінше сот төрелігіне қолжетімділік туралы қоғамның сұранысын қанағаттандырмады, — делінген хабарламада.
Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап қылмыстық және азаматтық істерді алдын ала қарау жойылды.
— Кассациялық соттар «жаппай кассация» принципі бойынша жұмыс істей бастады. «Жаппай» кассация, ең алдымен, істі іс жүргізуге қабылдау сатысымен ерекшеленеді. Енді барлық келіп түскен шағымдар іс жүргізуге қабылданып, мәні бойынша кемінде үш судьядан тұратын алқада қаралады. Соның нәтижесінде сот актілерін кассациялық тәртіпте қайта қарау соттың қалауы бойынша жүргізілмейді. Істерді кассациялық тәртіпте қарау мерзімі алты айдан аспайды, — делінген Жоғарғы сот хабарламасында.
Жоғарғы Сот жоғары сот органы ретінде сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етуге баса назар аударатын болады.
Жоғарғы Сот судьясының бастамасы бойынша сот актілерін қайта қарау, егер оларды сот практикасына қайшы келетін жергілікті және кассациялық соттар қабылдаған ерекше жағдайларда мүмкін болады.
Мемлекет басшысының Жарлығымен мыналар тағайындалды:
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасы — Смайылов Асқар Спартакұлы және 37 судья;
Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасы — Жұмағұлов Ақан Маратұлы және 20 судья;
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот төрағасы — Нәжімиденов Берік Төлеутайұлы және 18 судья.
Сот әкімшілігі басшысының Өкімімен:
Кассациялық соттар департаментінің басшысы болып Қожахметов Ержан Қайроллаұлы тағайындалды.
Астана қаласындағы кассациялық соттардың мекенжайлары:
Азаматтық және қылмыстық істер бойынша — Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 37;
Әкімшілік істер бойынша — Астана қаласы, Төле би көшесі, 53.