Қашықтан оқу: «Bilim Media Group» миллиардтарды қалай алып отыр?
Әлемді шарпыған індет қоғамның әр саласына түбегейлі өзгеріс әкелді. Әсіресе, бұрын-соңды қашықтан оқу жүйесінің не екенін білмейтін ұстаз қауымы абдырап қалғаны анық. Тіпті, олардың қай платформа тиімді-тиімсіздігін де ажыратуға технологиялық сауаты жетпейді. Содан ба екен, әр мектеп басшылығы елімізде қолданысқа енген 8-9 платформаның бәріне құлдық ұрып жүр.
Соның ішінде аз уақытта танымалдыққа ие болғаны – «Bilim Media Group» компаниясы ұсынған Onlinemektep.org. Соңғы кезде бұл жүйе туралы түрлі сыни пікір айтыла бастады. Неге?
«Соңғы кезде білім саласына бөлінген мемлекеттің ақшасы орынсыз жұмсалып жатыр» дейді бір деректе. Әсіресе, карантин кезінде енгізілген қашықтан оқу жүйесіне қыруар қаржы көзделген деседі.
Жақында ақпарат құралының бірінде бұған дейін бірқатар мемлекеттік құрылымдар мен ұлттық компанияларда жұмыс істеген, бүгінде немересін оқытып отырған автордың мақаласы жарық көрді. Оның айтуынша, шенеуніктер жапа-тармағай мақтаған «Bilim Media Group» компаниясының жобасы іс жүзінде ойдағыдай болмай шыққан көрінеді.
«Жаңа оқу жылы басталғаны кеше, бірақ біз Bilim Media Group жүйесін еш қолдана алмадық. Сабақтың бәрі Zoom платформасы мен Whatsapp желісінде өтіп жатыр. Тіпті, бұйрық бойынша пайдалануға ұсынған onlinemektep пен bilimland жүйесі мұғалімдердің өзін үнемі ұятқа қалдырып жүр. Сонда оқушылар мұнымен қалай оқиды?», – дейді ол.
Әр мектеп «Bilim Media Group» компаниясымен 2020 жылдың соңына дейін 173 мың теңгеге бір көзден сатып алу бойынша келісімге қол қойғаны белгілі болды. Мәселен, осы келісімшартты Нұр-Сұлтан қаласының барлық мемлекеттік мектебі мақұлдаса, еліміз бойынша 3200 мектеп келісімге отырған. «Соған қарамастан, Білім және ғылым министрлігі бас-аяғы 8-9 білім платформасын қолданысқа енгізуді көздегені күлкі тудырмай ма? Сонда қашықтан оқу жүйесі бойынша неге ашық байқау өткізілмеді? Бұл Қазақстан заңын бұзу болып саналмай ма? Әншейінде, тендерді желеу ететін біздің билік бұған келгенде неге тартынып қалды екен?» – деген мақала авторының сауалы да кім-кімді мазалайтыны рас.
Демек, «Bilim Media Group» компаниясы ұсынған Оnlinemektep.org өзінің бейнеконференция байланысын 173 мың теңгеге бағалағаны да бәзбіреулердің қарсылығын туындатып отыр. Айталық, бұл санды 3200 мектепке көбейтсек, 553 млн теңге шығады. Мұның өзі жыл соңына дейін, яғни 4 айдың ішінде ғана түсетін қаржы.
«Ал карантин екінші тоқсанға ұзартылса ше? Мұны Bilimland.kz компаниясы білмей отырған жоқ. Егер жылдық келісімге қол қойса, әр мектептен шамамен 519 мың теңге бөлінеді. Оны еліміздегі қашықтан оқып жатқан 3200 мектепке көбейтсек, 1,6 млрд теңге шығады. Оған барлық 7300 мектеп қосылса, 3,78 млрд теңге болады» деп пайдасын есептеп те үлгерген.
ҚР Мемлекеттік сатып алу жүйесінің сайтына көз жүгіртсек, бұл компанияға биыл сомасы 7,67 млрд теңге болатын 1 038 582 келісім-шарт тиесілі екен. Оның 91 пайызы дәл қазір іс жүзінде орындалуда. Барлық қаржы бір көзден берілген. Осыған орай қол қойылған келісімшарт сомасы жарты жылда 1 млрд теңгеге жетіпті. Бұл жерде «Ертеректе қол қойылған келісімшарт неге әлі күнге жүзеге аспаған, не себепті таяудағы келісім-шарт орындалған?» деген басы ашық сауалға жауап іздеушілер көп.
Тіпті, Bilim Media Group компаниясы мен Алматы қалалық Білім басқармасының 12 тамыздағы №000440001547/200373/00 келісімшарт 338 189 797,00 теңгені көрсеткен. Алматы қаласындағы мемлекеттік мектептің саны 205 болса, әр мектепке 649 706,33 теңге көзделген. Есесіне, Түркістан облысындағы 768 мектептің әрқайсысына 644 531,25 теңге бөлінеді делінген. Яғни, қаржыны бөлу барысында да алалаушылық анық көрініп тұрған жоқ па?
«Bilim Media Group» компаниясы 2011 жылдың сәуір айында ашылған. Оның құрылтайшылары – Рауан Кенжеханұлы, Тимур Мұхтаров және Бауыржан Жазылбеков. Тағы бір ақпарат көздері компания соңғы 3 жылда мемлекеттік сатып алудан 18,4 млрд теңгенің тендерін жеңіп алғанын айтады. Оның ішінде Білім және ғылым министрлігімен – 7,8 млрд теңге, Мәдениет және спорт министрлігімен – 1,9 млрд, Денсаулық сақтау министрлігімен 14,8 млн теңгенің келісіміне қол қойылған-мыс.
Nege.kz тілшісі Оnlinemektep.org платформасы аясындағы даудың ақ-қарасын анықтау үшін «Bilim Media Group» компаниясының негізін қалаушы әрі жетекшісі Рауан Кенжеханұлына хабарласып көрді.
Рауан Кенжеханұлы, «Bilim Media Group» компаниясының негізін қалаушы:
«3 жылда 18,4 млрд теңгенің тендерін жеңіп алған» деген ақпарат жалған
– Рауан Кенжеханұлы, Оnlinemektep.org төңірегінде жарияланған сыни материалдардан хабардар боларсыз?
– Әрине. Біз бұл тұрғыда ақпарат жиі беріп тұрмыз. Апта сайын баспасөз мәслихатын өткіземіз. Қажет деп тапсаңыз, кеңсеге келіп жүйенің қалай жұмыс істейтінін, қанша адам қолданатынын көрсетуге дайынбыз. Ал әлгі кісі жазып жүрген мақалада дәлелденген ешнәрсе жоқ. Бірінші мақала жарық көргенде-ақ өзім арнайы барып, сұрақтарға жауап бердім. Өзіңіз секілді хабарласқан журналистерге де тәптіштеп айттым. Нақты сұраққа нақты жауап бар. Тіпті, осындай материалдар жарияланған соң өзім сұранып, арнайы тексеруден өткізуін өтіндім. Олар келіп, жан-жақты тексеріп, ешқандай мәселе жоқ екенін айтты. Оның үстіне жыл сайын халықаралық аудит жүргізіледі. Олар да заңға қайшы дүние жоқ екенін растады.
Коронавирусқа байланысты дағдарыс басталған кезде осы саладағы ең тәжірибелі, ең үлкен топ ретінде мұғалімдер мен оқушыларға қашықтан оқуға көмектесетін платформа жасауға кірістік. 3-4 айдың ішінде Оnlinemektep.org платформасын дайындадық. Бұл жүйені мектептерге біз де, министрлік те міндеттеген жоқ. Бірақ олар жасалған контентті, сабақтарды қарап, өздері саналы түрде шешім қабылдады. Дәл қазір Қазақстан бойынша 3362 мектеп осы жүйеге қосылып, пайдалануда. Егер жүйе істемейтін болса, оған кіре алмаса мектеп басшылығы баяғыда хабарласып, келісімшартын бұзатын еді. Күн сайын 1,5-2 млн адам кіреді. Қазақстандағы сайттардың рейтингін жасайтын Zero.kz сайтында бірінші орында Bilimland.kz, Оnlinemektep.org тұр. Күн сайын неше адам қарағанын растайтын көрсеткіш бар. Жаңа оқу жылы басталғалы бері күн сайынғы қаралым шамамен 35 миллионның үстінде.
– 4 айдың ішінде келісім-шарт бойынша әр мектептен 173 мың теңге түсе ме? Егер оқушылар екінші тоқсанда да қашықтан оқыса, келісім-шарт ұзартыла ма?
– 173 мың теңге биылғы жылдың 4 айына есептелген. Өйткені, мектептердің өзі: «Біз жылдың аяғына дейін жазылуымыз керек. Жаңа жылға дейін осы жүйеде жұмыс істеу тапсырылды» деді. Сонда 4 айға есептегенде 173 мың теңге шықты. Оны мектепте оқитын барлық оқушы, мұғалім емін-еркін пайдалана береді. Мәселен, мың бала оқитын мектепке бөлсеңіз, 4 айға 73 теңгеден ғана келеді. Мұның сыртында сабақты дайындауға, платформасын қамтамасыз етуге, «Қазақтелекомға» төлейтін шығын бар, күн сайын адам көп кіретін сайтты ұстап отыру үшін үлкен техникалық мүмкіндік керек. Оның бәрі шығын. Одан бөлек 800 адам сайттың контентін құрастырып отыр. Оның 500-і –таңдаулы мектептердің үздік мұғалімдері. Олар 42 пән бойынша қазақ және орыс тілінде бірінші тоқсанға арнап 5 700 сабақ түсірді.
– Қаржы ашық байқау арқылы бөлінбеген бе? Қаржының дерлігі бір көзден ғана алынған ғой...
– Қазақстанда кез келген мемлекеттің қаражатына сатып алатын дүниені «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңы реттейді. Соның ішінде интеллектуалдық меншікті реттейтін бап бар. Яғни, адамдардың авторлығы арқылы жазылған кітабы немесе контент материалы қалай сатып алынады? Оны реттейтін интеллектуалдық меншік талабы қандай? Соған сәйкес, әрбір материалды сараптамадан өткізіп, Әділет министрлігінен авторлық аламыз. Егер мұны мектеп пайдаланғысы келсе, бізбен келісім-шартқа отырады. Тағы да айтам, біз бұған өз ақшамызды шығарып, контент жасап, құрастырып, адамдарға айлығын төлеп отырмыз. Мектептерге ұсынамыз. Бірақ ешқандай міндеттеу жоқ. Кейбір мектеп шешім қабылдап, кіріп жатыр. Қазір білім ұялары қашықтан оқуға көшкен жағдайда әрине тірек, сүйенетін материалдар керек. Бұл жүйенің ішінде бейнесабақ жүргізетін құрылғысы бар. Ол үшін бөлек ақша төлеудің керегі жоқ. Мұғалім мен оқушының жұмысын реттейтін сабақ кестесі, баға қою жүйесі де тұр. Қысқасы, мектептегі процестің бәрі онлайнға көшіріліп, енгізілген. Күн сайын мұғалімдерден ұсыныс түседі. Оны бірден енгізіп, жөндеп отырмыз. Жаңа оқу жылының басындағы үш күнде адам көп кіргендіктен техникалық ақау болды. Одан кейін жүйені құлатқысы келгендер тарапынан DDoS шабуыл жасалды. Қысқасы, біреулер қастандық ұйымдастырған. Оған біз өз бетімізбен қарсы тұра алмаймыз. ҰҚК-нің арнайы техникалық қызметінің айтуынша, сайтқа шабуыл сырт елдің 30 мемлекетінен 2 жарым мың нүктеден жасалған. Сол шабуыл кезінде де, тосқауыл қою барысында да сайт дұрыс ашылмай қалды. Бірақ оның бәрі жөнделді. Содан бері техникалық ақау болған жоқ. Қазір тұрақты істеп тұр. Ал істемей қалып, қолдана алмай жатса, ақшасын қайтарып беруге дайынбыз.
– Сонда бұл шабуыл бәсекелестер тарапынан ұйымдастырылған ба?
– Білмеймін, оған дәлел де жоқ. Оны қолыңмен ұстап алу мүмкін емес. Бірақ бұл болған жайт. Егер бізге сенбесеңіз, ҰҚК сол кезде растап, ақпарат таратты. Біз ешкімді ғайбаттамаймыз, жамандамаймыз. Біз өзіміз жасаған дүниенің тұрақты жұмыс істеуіне жауап береміз. Қазір бұл сайтқа сырттан келетін трафиктің бәрі жабық. Енді шетелден ешкім кіре алмайды. Шабуыл да сол жақтан жасалды. Қазақстаннан болса, кім екенін анықтайтын едік.
– Компанияның соңғы 3 жылда 18,4 млрд теңгенің тендерін жеңіп алғаны рас па?
– Жоқ, бұл шындыққа жанаспайтын ақпарат. Бұл цифрды қайдан алғанын білмеймін.
P.S. Nege.kz порталы екі тарапқа да мінбер ұсынды. Пандемия екі бүйірден қысып тұрған шақта бюджет қаржысының бір тиыны да шашау шықпауы керек. Құзырлы органдар мәселені індете тексеріп, жауабын береді деп сенеміз.