23 Шілде 11:50
...

Jusan Bank Перизат Қайраттан 300 миллион теңгені қайтаруды талап етті

Перизат Қайрат
Фото: ТЖМ

Бүгін Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта Перизат Қайрат ісі бойынша  тараптардың жарыссөзі жалғасып жатыр.

Алматы, NEGE. Jusan Bank өкілі Бейбіт Жорабаев жарыссөзже сөйлеген сөзінде келтірілген залалды өтеу туралы азаматтық талап-арызды қолдады.

«Jusan Bank атынан біз өзіміздің бұрын берген түсініктемелерімізді толығымен қолдаймыз және алдын ала тергеу барысында айыпталушының кінәсі толық дәлелденді деп есептейміз. Арызымызды да қолдаймыз, өйткені бұл қаржы су тасқынынан зардап шеккен халыққа көмек ретінде бөлінген, алайда ол мақсатқа жеткен жоқ. Жазалау бөлігінде мемлекеттік айыптаушылардың ұстанымын толықтай қолдаймыз», – деді ол.

Су тасқыны кезінде банк Перизат Қайраттың қолы қойылған BizBirgemiz Qazaqstan 2030 қорының хатына сүйене отырып, 300 миллион теңге аударған.

Айыпталушылардың адвокаты Асланбек Давлетяров мұндай ірі банк тек бір ғана хатқа сеніп, мұншама қаражат аударғанына таңданды. Жорабаевтың айтуынша, мәселе банк басқармасы деңгейінде шешілген, себебі ол кезде тіпті банк бөлімшелерінің өзі де су тасқынынан зардап шеккен, сол себепті көмектесуді ұйғарған.

Еске салсақ, прокуратура Перизат Қайратты 10 жылға бас бостандығынан айыруды, мүлкін тәркілеуді және 10 жылға дейін қайырымдылықпен айналысу құқығынан айыруды сұрады. Оның анасына – 8 жыл түрме жазасы сұралған. Айыпталушылар кінәсін мойындамайды.