23 Шілде 10:54
...

«Юбка киген Остап Бендер» – Жәбірленушілер жарыссөзде Перизат Қайратқа ең қатаң жаза тағайындауды сұрады

Алаяқ
Фото: ғаламтордан

Бүгін Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта Перизат Қайрат ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр.

Алматы, NEGE. Сот жарыссөзі кезеңінде жәбірленушілер сөз алды. Олардың жалпы саны – 47. Барлығы да қайырымдылыққа берген қаражаттарын оңалту орталығының құрылысына, Палестина халқына және су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуге бағытталған қаржыны қайтаруды талап етуде. Айыптау тарапының нұсқасына сәйкес, бұл қаражаттар жымқырылып, айыпталушылардың сән-салтанатты өміріне жұмсалған.

Алғаш болып «Стройконструкция» АҚ-ның заң кеңесшісі Галина Исаева сөз сөйледі. Компания су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында «BizBirgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық қорына 200 мың теңге аударған.

«Әлеуметтік желіде анасы мен қызының әрекетін «юбка киген Остап Бендер», алаяқтардың ханшайымы – Софи Блювштейн, яғни «Соня Алтын Қол» дегендермен салыстырып жатыр. Бұл – әркімнің жеке пікірі. Бірақ мен қылмыстық іс материалдарымен танысып, прокурордың сөзін тыңдаған соң, Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваның ҚР ҚК бойынша қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны дәлелденді деп есептеймін. Сол себепті қатал жаза қолдануыңызды сұраймын», – деді компания өкілі.

Сондай-ақ, Назарбаев Зияткерлік мектебінің өкілі Перизат Қайраттың әрекеттері еріктілер мен қайырымдылық ұйымдарына деген сенімді бұзып, Қазақстанның халықаралық беделіне нұқсан келтірді деп есептейді.

«Бұл жерде тек алаяқтық емес, азаматтардың сеніміне және Қазақстанның халықаралық аренадағы беделіне нұқсан келтірілген. Қоғамда еріктілер мен қайырымдылықтың барлық түрлеріне деген жеккөрініш, сенімсіздік туындады. Біз берген сома көп емес – 901 855 теңге. Бірақ бұл балалардың, ата-аналардың, оқушылардың ақшасы. Балалар әділдік бар екенін, бәрінің жауабы болатынын білуі керек», – деді ол.

Жәбірленуші Олжас Садық, блогер Назим Мисановпен бірге 83 млн теңге жинап, қорға аударған, Ғайни Алашбаеваны үйқамақта қалдыруды сұрады.

«Перизат Қайраттың кінәсі толық дәлелденді деп есептеймін. Азаматтық талабымды қанағаттандыруды сұраймын. Жазаны тағайындауда прокурорлардың ұстанымын қолдаймын, тек Ғайни Алашбаеваға қатысты ғана басқаша ойдамын. Оған жаным ашиды, денсаулығы нашар екенін білемін. Сондықтан оны үйқамақта қалдыру қажет деп санаймын», – деді Олжас Садық.

Еске сала кетейік, прокуратура Перизат Қайратты 10 жылға бас бостандығынан айыруды, мүлкін тәркілеуді және 10 жыл бойы қайырымдылықпен айналысу құқығынан айыруды сұрады. Ал анасы Ғайни Алашбаеваны 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесу талап етілді. Екі айыпталушы да кінәсін мойындамай отыр.