24 Ақпан 12:16

Қанат ЖҮНІСОВ, актер-драматург: ҰЛТ қайраткерлерін ҰЛЫҚТАУ менің парызым сияқты

Фото:

Астана төрінде «Сәкен» операсының тұсауы кесілмек. Бұл – қазақ опера өнеріндегі алаш қайраткерлеріне арналған алғашқы қойылым. Туындының либреттосын жазған белгілі актер әрі драматург Қанат ЖҮНІСОВТІ әңгімеге тарқан едік.

– Қанат мырза, либреттосы сіздің қаламыңыздан туындаған «Сәкен» операсының тұсауы кесіледі дегенді естіп едік...

– Мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, жазушы-драматург Сәкен Сейфуллиннің күрескерлік жолы мен қилы тағдырын баяндайтын, тарихи оқиғаларға негізделген туынды елдікті, ерлікті, азаматтық пен ұлтжандылықты дәріптейді. Бұл операның либреттосы менің қаламымнан туындаса, музыкасын белгілі композитор Әліби ӘБДІНҰРОВ жазды.

Екі актілі шығармада ХХ ғасыр басындағы ауыр кезеңдер суреттеледі. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте сақтау және тәуелсіздігіміз үшін күрескен арыстар рухына бас ию мақсатында жазылған опера Қазақ Ұлттық Өнер университетінің 25 жылдығы аясында сахналанбақ.

Себебі, өнердің сан түрлі салаларына қатысты маман иелерін дайындап жатқан университеттің, операның концерттік нұсқасын қоюға толық мүмкіндігі бар. Оған қатысатын жеке әншілер, актерлер, хор мен оркестр, режиссер сынды барлық қажетті мамандар университеттің студенттері мен ұстаздары арасынан табылды. Елімізде опера жанрының кенжелеп қалғанын ескерсек, бұл мәдениет саласындағы үлкен жаңалық. Әрі операны концерттік нұсқада қою да тұңғыш рет болмақ.

Қ.Жүнісов.

– Сонда концерттік нұсқада қойылатын шығарылым несімен ерекшеленеді?

– Бір ерекшелігі – оқиғалар желісі, драматургиялық жүйе мен аннотациясы қазіргі заманға сай үлкен экраннан көрсетіліп отырады. Осы арқылы көрермен музыкалық партияларды тыңдаумен бірге либретто мазмұнын да толық түсінуге мүмкіндік алады.

Жалпы операда 40 музыкалық партия болса, оның үшеуі Сәкеннің өз әні. Ал қалғаны халық композиторларының композициялары мен Әлібидің туындылары. Сондықтан бұл жерде үлкен еңбек композитордікі екенін айтып өткім келеді.

– Опералық шығарылымда алаш қайраткерінің қилы тағдыры бейнелене ме, әлде өзге қырынан көрсетуге тырысасыздар ма?

– Негізі, өзге театр туындыларымен салыстырғанда опера жанрының өзіндік ерекшелігі бар ғой. Мысалы, драмада қара сөзбен айтылған дүниені операда айта алмайсың. Бұл жерде басымдылықты музыкаға бере отырып, мемлекеттік қайраткердің өмірін, елге жасаған еңбегін жеткізуге тырыстық.

Мәселен, Сәкен «қазақ» деген атауды қайтаруға қанша күш салды, дала композиторларының ән-күйін жинады, «Ұлт ұстазы» деп Ахаңның тойын өткізді. Осындай ұлтжандылығы оның соңына түсіп, қудалауға алып келді. Опералық концерттік қойылымда Сәкеннің осы жолдағы жанкешті тағдыры айтылады.

– Сәкеннің үзеңгілестерінен кімдердің аты аталады?

– Мысалы мен Сәкен драмасын жазғанда оған Ахмет Байтұрсыновты қосқан едім. Ал опералық қойылымда, керісінше, ұлт зиялысының алдын кес-кестеген адамдарды көрсетуге тырыстық. Атап айтар болсақ, шығарылымда Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы болған Голещекин, Қазақстан  Коммунистік партиясы ОК-нің 1-хатшысы Мирзоян және партия белсендісі Ежов көрініс табады.

Одан кейін Сәкеннің жары Гүлбаһрамның да кейіпін жасадық. Достары Қаскей мен Әлкейді  де қалыс қалдырмадық. Ал басына күн туғанда өзіне қарсы шыққан шәкірттерінің әрекетін бір кейіпкердің бойына топтастырдық.

Сәкенді сомдауға баритон дауыс иесін алдық та, ал Гүлбаһрамға сопрано дауысты әншіні таңдадық. Себебі мұндай дуэт өте жақсы үйлесім табады.

– Қателеспесем, бұған дейін Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында «Сәкен-Сұңқар», Қарағандыдағы Сәкен тетатрында «Ұлтқа қызмет» атты  деректі-көркем драмаларыңыз сахналанған болатын. Қарап отырсақ, сіздің туындыларыңызда алаш зиялыларына басымдылық берілген екен...

– Бұл менің ұлт қайраткерлері алдындағы парызым саналады. Шынын айтсам, бұл пьесаларды жазғанымнан зертегеніме көп уақыт кетті. Сәкентанушылар мен алаштанушылардың еңбегімен таныс болмай, олар жайлы жазу мүмкін емес. Себебі, мен қиял-ғажайыптан туындайтын көркем шығарма емес, өмірде болған адам жайлы жазамын ғой. Осындай ұзақ ізденіс пен еңбектің арқасында болар «Сәкен сұңқар» қойылымы астанадағы Қаллеки театрында он жыл қатарынан  үзбей қойылып келе жатыр.

Кезінде театр сыншысы Әшірбек Сығай ағам бұл қойылымға «сауатты спектакль» деп баға берген еді. Ал «Ұлтқа қызмет» Әлихан Бөйкейхан жайлы жазған «Ұлт көсемі» деген шығармамнан туындаған. Театр қайраткерлері одағының статитикасына  сүйенсек, бұл спектакль соңғы бір жылда еліміз бойынша ең көп қойылған театр туындыларының ондығына енеді.

– Өткен жылы Алаш қозғалысының 105 жылдығына орай Астана қаласындағы Ә.Мәмбетов атындағы драма және комедия театрында Әлихан Бөкейханның күрес жолын бейнелейтін «Алаш жолы» атты драмаңыз қойылды.  Туынды тұрақты түрде көрерменге ұсынылып келе жатыр ма?

– Әрине, бұл қойылымды да біраз зиялы қауым тамашалап, өз бағасын берді. Құрметті қонақ ретінде астанадағы көптеген мектептің ұстаздары мен оқушылары келіп қатысты.

Менің мақсатым – алаш қайраткерлері жайлы еш жерде айтылмаған деректерді сахнада көрсете отырып, өскелең ұрпақтың оларды танып-білуге деген құштарлығын арттыру.

– Сәкен мұрасының жанашыры ретінде түрлі конференцияларға қатысып, баяндамалар жасап, дәрістер оқып жүрсіз. Қазіргі жастардың саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы білуге құлшынысы басым деуге келе ме?

– Бес саусақ бірдей емес қой. Осыдан он жыл бұрынғы жастармен салыстырғанда, қазіргі жастардың ізденісі әлдеқайда төмен. Ғылымнан гөрі кәсіпке көп ден қояды. Бірақ, ауызды қу шөппен сүртуге болмас, саяси-қуғын сүргін құрбандарының еңбегі мен өткенін зерттеп, зерделеуге ұмтылып жүрген жастар жағы баршылық.

– Жалпы, сіздің актер ретінде де Сәкеннің рөлін біраз деректі фильмдерде сомдағаныңыз бар. Соған қарағанда, былайғы уақытта да жұрт сізді Сәкен серіге ұқсататын сияқты ғой...

– Сәкен Сейфуллин жайлы алты деректі фильмде ойнадым. Ол жерде басымдылық журналисттің кадр сыртындағы мәтініне берілгендіктен, актерге айтарлықтай акцент түспейді. Сондықтан Сәкен рөлін толыққанды аша алдым деп айта алмаймын.

Сәкен туралы әлі бір тұщымды көркем фильм түсірілмеді. Оның шынайы болмысын, табиғатын, ұлтқа деген махаббаты мен жанашырлығын  көзі қырағы көрерменге жеткізе алмадық. 

– Сәкен жайлы жазған дүниелеріңіз бір фильмге сұранып тұр ғой. Ендеше, осыны неге өзіңіз қолға алмасқа?

– Менің Сәкен жайлы киносценариімнің жазылғанына бес жылдың жүзі болды. 2019 жылы Ұлттық киноны қолдау орталығының комиссиясы оған өте жоғары баға беріп, қабылдаған болатын. Бірақ, неге екенін түрлі себеп айтылып, фильм таспалау жағы кейінге қала берді. Ол екі ортада орталықтағы комиссия мүшелері де ауысты.

Сорақылығы сол – ол жердегі комиссия құрамындағы он екі адамның оны қазақша түсінбейді екен. Сол себепті Сәкен жайлы киносценариімнің бағы жанбады. Әйтпесе, кезінде ол сценариіме белгілі режиссер Сатыбалды НАРЫМБЕТОВ жақсы баға берген болатын.

Ал ғылыми кеңесшім Тұрсынбек КӘКІШОВТІҢ жары, фиология ғылымдарының докторы, сәкентанушы ғалым – Күләш АХМЕТ пен белгілі алаштанушы Жандос СМАҒҰЛОВ болды. Осындай сыншылардың сүзгісінен өткен туынды экрандалғанда, қазақ киносында алаш азаматтарына арналған шоқтығы биік туныдыларлың бірі болар еді деп есептеймін.

– Соңғы он екі жылда сіздің пьесаларыңыз бойынша 55 премьера өтіпті. Сізге шабытты не сыйлайды?

– Ол жазған тақырыбыма байланысты. Мәселен, махаббат жайлы жазсам, табиғаттың әсемдігі, көктемнің шуақты күндері шабыт сыйлауы мүмкін. Ал тарихи туындылар жазғанда архивте отырғанда алған әсерімді көрерменге қаз-қалпында жеткізуге асығамын. Ұлт зиялыларының айтылмаған ұлы істері еріксіз қолыма қалам алдырады.

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ ағамыз: «Дарабозды» жазғанда Қабанбайды өзім өлтіріп, өзім жыладым», – деген екен. Сол секілді Әлия МОЛДАҒҰЛОВА жайлы пьесамды жазып отырғанда, оның қиын тағдыры еріксіз көзіме жас алдырды.

– Айтпақшы, қаһарман қыз жайлы пьесаңыз қашан сахналанады?

– Жоспарда тұр. Бұйырса, биыл сахналануы керек. Қай театрдың сахнасында жарық көретіні әзірге құпия қалсын. Шығарма қазіргі таңда пісіп-жетілу үстінде.

Алаш зиялыларын дәріптеу мақсатында тағы кімнің бейнесін сахнаға алып шығу ойыңызда бар?

– Біздің ұлт қайраткерлерінің әрқайсының қилы тағдыры бір-бір туындыға сұранып тұр. Мысалы,  Алаш қозғалысының аса көрнекті қайраткері, заңгер Жаһанша ДОСМҰХАМЕДОВ пен дәрігер, ұстаз әрі ғалым Халел Досмұхамедовтың ұлтқа қатысты идеялары, жүріп өткен жолдары үкен спектакльге арқау бола алады.

Сол сияқты репресиияға ұшырап, ең бірінші атылғандардың санатындағы Мансұр ҒАТАУЛИНДІ алайық. Оның оққа ұшар алдында қасқайып тұрып: «Мен халық жауы емеспін! Халық жауы – сендердің жауларың», – дегені нағыз ержүректік емес пе? 

Сәкенді тұтқындаудан бас тартып, сол үшін өзі ату жазасына кесілген ЖАҚЫПОВ та ұлтын сүйер тұлғаның үлгісі ғой. Айта берсек, ұрпаққа көрсетер осындай елінсүйгіш тұлғаларымыз жетіп артылады.  

– Қазіргі драматургияның кемшін тұсы неде?

– Төл тарихымыздағы жеке тұлғалар жайлы қойылымдар қазаққа ғана керек. Оларды ешқандай халықтың өз тіліне тәржімалап,  театрында қоюы екіталай. Сондықтан әдемдік сахнаға шығаратын дәрежедегі пьесалар жазуымыз керек.

Қазақ театрларындағы репертуардың 70-80 пайызы шетелдік аударма туындылардан тұрады. Біз төл туындыларымызды жаза отырып қана осы олқылықтың орынын толтыра аламыз. Бір-екі пьесасы шықса болды тоқмейілсіп, болдым-толдым дегенге салатын драматургтер бар. Мұндай түсініктен арылуға тиіспіз.

Жалпы театр тұрғысынан айтар болсам, опера жанрын дамытуға басымдылық беруіміз қажет. Шынын айтуымыз керек, бізде Мұқан ТӨЛЕБАЕВТЫҢ «Біржан-Сара» операсынан кейін әлемдік деңгейде көрсететін шығарма болмады.

Тегтер: