Қай өңір тұрғындарының несиесі көп?
«Қазақстандықтар кредитсіз күнін көре ала ма?» деген сауалға жауап беріп көріңізші. Осыған дейін кейбір белсенділер «тойды азайту керек, несиенің басым бөлігі тойшылдарға кетіп жатыр» деп атойлаған-ды. Әлемді әбігерге салған вирус келіп, пандемия болып, той тоқтаса да халықтың несиеге тәуелділігі артпаса азая қоймады. Сөзімізге статистикаға негізделген төмендегі инфографика дәлел.
Инфографика: nege.kz
Ұлттық банк дерегіне сүйенсек, қазақстандықтар тұтынушылық мақсатта алған бір жылдық (2021) несие көлемі 4,3 трлн теңгеге жеткен. Салыстырмалы түрде 2 жыл бұрын 3,3 трлн теңге болды. Той тоқтаған пандемия кезінде де халықтың несиеге тәуелділігі тоқтамапты. Бір жағы, ұлттық валютамыз теңгенің құнсызданғаны тағы бар.
Қош, сонымен қай өңір тұрғындары тұтынушылық мақсаттағы несиені көп алады? Көш басында – Алматы. Алматы еншісінде қазақстандықтар алған несиенің үштен бір бөлігі бар.
2019 жылы 1 қаңтардағы дерек бойынша – 1,2 трлн, 2020 жылы – 1,5 трлн, 2021 жылы – 1,1 трлн теңгенің тұтынушылық несиесін оңтүстік астана тұрғындары алған.
Көп пе, аз ба? Басқа өңірлермен салыстырмалы түрде айтсақ, едәуір көп.
Алматылықтарға қарағанда, елорда тұрғындарыны несиеге көп иек артпапты. Десе де, еселеп көбею байқалады.
Астаналықтар алған тұтынушылық несие көлемі мынадай: 2019 жылы – 262,6 млрд, 2020 жылы – 348,4 млрд, 2021 жылы 427,8 млрд теңге.
Алматы мен Нұр-Сұлтаннан кейінгі орын үшінші мегаполис – Шымкентке тиесілі. Шымқала тұрғындары 2019 жылы – 235,8 млрд, 2020 жылы – 257,4 млрд, 2021 жылы 336,1 млрд теңге несие алған. Өткен жылдармен салыстырғанда, тұтынушылық несиенің көлемі 42,5 пайызға артқан.
Инфографикада көрсетілгендей, Қарағанды тұрғындарының несиеге тәуелділігі 52,7 пайызға, ШҚО – 48 пайызға көбейіп отыр.
Кіл тәуелділерді жіпке тізген моншақтай етіп айттық. «Көш соңында» жүрген өңір немесе несиені ұнатпайтын аймақ қайсы? Түркістан, Ақмола, СҚО тұрғындарының несиесі аз. Оған себеп көп. Көп себептің бірі – жалақының аздығы. Бұл өңірлердегі жалақы мөлшері Нұр-Сұлтан мен Алматыдағыға қарағанда аз екені айтпаса да белгілі.
Сонымен, 2021 жылы Түркістан облысы – 123,3 млрд, Ақмола облысы 97,1 млрд, СҚО – 63,6 млрд теңге көлемінде тұтынушылық несие алған. Былайша айтқанда, «шүкіршіл» өңірлер.
Ұлттық банк дерегінше, Қазақстанның сыртқы қарызы 160,2 млрд АҚШ долларына жеткен. Оны теңгеге көбейтіп көріңіз, 67 трлн теңгеге жуық. Мемлекеттің сыртқа қарызы жылдан-жылға көбейіп барады. Сәйкесінше, халықтың екінші деңгейлі банктерге де қарызы еселеніп жатыр.