13 Маусым 19:57

Jusan операциясы. Сарапшылар банктің Қазақстанға қалай қайтқанын НЕГЕ түсінбей отыр?

Фото:

Әділет министрлігі Jusan bank-тің Қазақстан юрисдикциясына қайтарылғанын хабарлады. 2021 жылдан бері банк шетелден басқарылып келген еді. Бұл жаңалықты сарапшылар әртүрлі қабылдап отыр.

Әділет министрлігі тараптардың қажетті құжаттарға қол қойып, енді Jusan тобының Қазақстан заңнамасына сәйкес, Үкіметтің және басқа да мемлекеттік құрылымдардың бақылауымен жұмыс істейтіндігін хабарлады.

«Jusan Bank қазақстандық білім беру ұйымдарын қаржыландыруды жалғастыру бойынша міндеттемелерді өзіне алды. Банк бұрын алған мемлекеттік көмек мерзімінен бұрын қайтарылады. Мемлекет басшысының шығарылған активтерді қайтару туралы тапсырмаларын іске асыру жалғастырылатын болады», – делінген министрлік хабарламасында.

Jusan Bank та үнсіз жатпады. «Банкті бақылауды Қазақстан Республикасына қайтару ресми түрде аяқталды. Оның бір шарты – қазақстандық білім беру ұйымдарын қаржыландыруды жалғастыру», – деп жазады банктің баспасөз қызметі.

«Өткен жылдың табысты нәтижелері мен банктің ағымдағы қаржылық жағдайы өзіне алған барлық міндеттемелерді орындауға, соның ішінде мемлекеттік көмектің бір бөлігін мерзімінен бұрын қайтаруға мүмкіндік береді»

«Банктің бізге қайтуын өте жақсы деп бағалаймын», – деді NEGE шолушысына арнайы түсініктеме берген қаржы сарапшысы Расул РЫСМАМБЕТОВ.

«Мемлекеттік органдар жақсы жұмыс істеді. Бірақ қарсы тараптың да мәмілеге келгенін, жағдайды түсінгенін ескеру керек. Қазақстандағы активтер мәселесінің Қазақстанда шешілгені өте жақсы»

Ал сарапшы Сергей ЧИКИН болса, көп нәрсенің басы ашылмағанын айтып отыр. Оның ойынша, банкті қайтару шарттары жоқ. Және соңғы акционері кім екені белгісіз.

«Бұл сұрақтарға жауап жоқ. Jusan Bank пен Қазақстандағы акционерлер әлдебір құжаттарға қол қоюы тиіс еді. Ол орындалды ма? Егер бұл орындалмаса, болашақта Қазақстанға халықаралық юрисдикциядан түрлі наразылықтар келетін болады»

«Жусанның» оқиғасынан детективті фильм түсіруге болады. «Жусанды» Назарбаевтың қаржыгерлері АҚШ-тың Невада штатында тіркелген «Jysan Holding» компаниясына аударып жіберген болатын.

Сол кезде банк Қазақстан Үкіметіне кем дегенде 1,2 триллион теңге қарыз болды. Қазақстан тарапы қарыз банктен айрылып қалмауға тырысып, екі жақ тіпті соттаса бастаған.

Енді Қазақстан үшін Jusan банктен барлық қарыздарын қайтарып алу маңызды болып тұр. Банк те қарыздың жауапкершілік екенін түсінеді. Ендігі сұрақ – қарыз қашан қайтады?

Тегтер: