20 Ақпан 12:17
...

ҚАЗАҚ-АМЕРИКАН тартысы. «Jusan bank» жыры НЕГЕ ұзаққа созылайын деп тұр?

Фото:

АҚШ-тың Невада штатында тіркелген «Jysan Holding» Қазақстан Үкіметін сотқа берді. Себебі, Қазақстанның Бас прокуратурасы Jusan bank және басқа да құнды активтерге иелік ететін «Pioneеr Capital Invest» фирмасының осы активтердің барлығын британдық «Jusan Technologies Ltd» компаниясына тегін беруін заңсыз деп тауып, қазақстандық сотқа тиісті арыз түсірген. Өз кезегінде британдық «Jusan Technologies Ltd» барлық активтерді американдық «Jysan Holding»-ке аударып берген.

«Jysan Holding» прокуратураның бұл қадамына наразы. Енді екі сот процесі қатар жүретін сияқты. Біреу – Алматыда, біреуі – Невадада. Қазақстан соты Бас прокуратураның арызын қанағаттандырады деп болжауға негіз бар. Себебі, «Жаңа Қазақстан» бұл мәселеде әділдік орнатқысы келеді. Ендігі бар үміт Невада сотында: ондағы судьяның шын мәнінде тәуелсіз екенін білеміз. Және ол «Jysan Holding» келтірген, оның ішінде әсіресе «бізді қорқытып-үркітті» дегенге баса назар аударып отырған арызға қалай қарайды?

Коллаж: NEGE

«Jysan Holding» компаниясының Невада сотына түсірген арызында былай жазыпты:

«Қазақстан үкіметі қорқытып-үркіту, қолдан жасалған сот процестері, қылмыстық және азаматтық іс қозғау, және активтер мен Jusan тобы иелік ететін Jusan Bank заңды түрде бөлуді жоспарлаған 387 миллион доллар көлеміндегі дивидендті заңсыз бұғаттау арқылы Jysan Holding және New Generation Foundation қоры мен Jusan тобына кіретін өзге еншілес ұйымдардың активтерін заңсыз жолмен басып алмақ болды»

«Jysan Holding» «Қазақстан үкіметі 1,5 миллиард долларға бағаланатын активті тартып алмақ» деп айыптап отыр. Бір қызығы, тартыс жүріп жатқан негізгі актив – «Jusan bank» Қазақстан Үкіметіне кем дегенде 1,2 триллион теңге қарыз. Себебі, банктің қолына тегін өткен «Цесна банк» пен «АТФБанкке» мемлекет осындай көлемде қаржылай қолдау көрсеткен болатын. Банк оны қайтаруы тиіс, бірақ ол өз міндетін орындаудың орнына қожайындарын ауыстырып, АҚШ-қа өтіп кеткен. Бұл мәселені біз бірнеше рет жазған болатынбыз.

Де-юре Жусан банктің 78 пайыз акциясына иелік етіп отырған «Jysan Holding» компаниясына өз кезегінде «New Generation Foundation» қоры иелік етеді. Баяғына ол NU Generation – яғни, Назарбаев университет деп аталатын. Бірақ, Назарбаевтың атын Жусаннан алып тастау кампаниясы барысында атын дереу өзгертіп алды. Қор басқарушы құрамынан қазақстандықтардың барлығын шығарып тастаған. Қазір оны Амитабха МУКЕРДЖИ, Джоэл МАККЛИРИ, Роберт АРМАО, Аскока (Ашока) ТАНКАЛА мен Нұралы БЕКТҰРҒАНОВ басқарады. 2000 жылдары бізде Білім және ғылым министрі болған Нұралы Бектұрғанов қазір ресми түрде АҚШ азаматтығын алған.  

Қазақстан Үкіметіне қарсы американдық «Willkie Farr & Gallagher LLP», «Holland & Hart LLP» заң фирмаларының заңгерлері – Тарик МУНДИЯ, Майкл ГОТТЛИБ, Джеффри Б., Дж. Стивен ПИК пен Эрик МЕДЛИЛЕР соттасатын болады. Ал Невадада Қазақстан тарапын кім қорғайтыны әлі белгісіз. Жауап беруші жақ Қазақстан Үкіметі болғандықтан, іске Әділет министрлігі кіріседі деп ойлаймыз. Онда «Стати ісінде» ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмаған «Bolashak Consulting group» тағы да ірі тапсырысқа қол жеткізуі мүмкін.

Коллаж: NEGE

«Jysan Holding» Невада сотына арызданар алдында, Алматы қаласының Бостандық аудандық соты «Pioneer Capital Invest» ЖШС мен британдық «Jusan Technologies Ltd» арасындағы «First Heartland Jusan Bank» АҚ-ның, сондай-ақ онымен байланысты ұйымдардың активтерін шетелдік юрисдикцияларға беру туралы мәмілені жарамсыз деп тану туралы Алматы қаласы прокурорының талап арызы бойынша азаматтық іс қозғады.

Бас прокуратура ақпаратынша, талдау барысында «Jusan» тобының активтерін басқару құрылымын өзгертудің көлеңкелі схемасы анықталған. Аталған схеманы жүзеге асыру нәтижесінде топтың қызметін бақылау құзіреті шетелде тіркелген ұйымдарға өтеусіз берілген.

«Атап айтқанда, 2020 жылғы 27 сәуірде Jusan тобының иесі «Pioneer Capital Invest» ЖШС-ның қатысушыларының жалпы жиналысында Pioneer мүлкін шетелде тіркелген Jusan Technologies Ltd компаниясының жарғылық капиталына беруді мақұлдау туралы шешім қабылданған. Бұл әрекет қоғамдық мүдделерге, оның ішінде «Назарбаев Университеті» мен «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» ондаған мың қазақстандық студенті мен оқушыларының мүддесіне қауіп төндірді.

Себебі «Jusan» тобының акциялары, облигациялары мен депозиттері бойынша дивидендтері – аталған оқу орындарын қаржыландыру көздерінің бірі.

Бұдан бөлек, 2023 жылғы 3 ақпанда Бас прокуратураға бірқатар субъектілердің құқыққа қарсы әрекеттерінің салдарынан «Жусан» тобы шетелдік азаматтардың бақылауына өтіп кету фактілері бойынша прокурорлық қадағалау шараларын қабылдау туралы «Назарбаев қорының» арызы келіп түсті. Осылайша, прокуратура органдарының мақсаты тек әділеттілікті қалпына келтіріп, «Jusan» тобының активтерін басқаруды Қазақстанның құзырына қайтару», – делінген Бас прокуратура ақпаратында.

Фото: egemen.kz

Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, сол сәтте Jusan Bank-тің орнықтылығы мен сенімділігіне қатысты ақпарат таратты. 

«ҚР Бас прокуратурасының Jusan Bank-тің шетелдік акционерлеріне қатысты азаматтық талап-арызы банкті бақылауды шетелдік юрисдикциядан қазақстандық юрисдикцияға қайтаруға бағытталған және Банк үшін ешқандай тәуекелдері болмайды. Jusan Bank штаттық режимде жұмыс істеуде, барлық пруденциялық нормативтерді орындауда және қаржылық жағынан орнықты банк. Сондай-ақ клиенттер алдындағы міндеттемелерді уақтылы және толық көлемде орындауда»

Jusan Bank – елдегі ең ірі банктердің бірі және меншікті капитал көлемі бойынша үшінші орында. Мәселен, банктің меншікті капиталы 537 млрд теңге болса, капитал қоры – 367 млрд теңге. Өтімділік мөлшері – 1,5 трлн теңге. Сонымен бірге, банк пруденциялық нормативтерді елеулі қормен орындап отыр. Оның капиталының жеткіліктілігі к1 = 34,3%, к2 = 53,8%, буферді ескере отырып, нормативі сәйкесінше, 7,5% және 10,0 пайыз болады.

Коллаж: NEGE

Бұл ретте банк капиталының жеткілікті деңгейі банк жүйесі бойынша капитал жеткіліктілігінің орташа көрсеткіштерінен асып түседі. Яғни, тиісінше к1 =19,1% және к2 =22,3%. Норматив кемінде 0,3 болған кезде, өтімділік коэффициенті к4 2,5-ке тең болады. Бұл – Жусан банктің жағдайы жақсы деген сөз.

Әу баста, Жусан банк Қазақстан нарығында сонау 1993 жылы ABN AMRO атауымен пайда болды. 2008 жылы ABN AMRO Шотландияның RBS банкіне сатылды. 2016 жылы ол «Банк ЭкспоКредит» деп аталды. Одан кейін ребрендинг жасалып, «First Heartland» деп ауысты да, Цесна банк пен АТФБанкті өзіне біріктіріп алды. Одан соң біріккен банк атауын «Jusan bank» деп өзгертті.

Тегтер: