31 Қаңтар 16:09
...

Жусан ханталапайы. «Назарбаев фонд» Jusan bank-тен НЕГЕ айрылып қалды?

Фото:

Мемлекет «Jusan bank» акционерлік қоғамына көрсеткен 1,5 триллион теңгесін қайтара алмай дал болып жүргенде, «Назарбаев фонд» білім беру қорының басшысы Аслан Сәрінжіпов төбеден жай түсіргендей болды. Айтуынша, олар да Jusan bank-тен айрылып қалған-мыс...

Бұл туралы Аслан СӘРІНЖІПОВ Ulysmedia порталына берген сұхбатында  айтады. Аслан Сәрінжіповпен сұхбаты Ulysmedia порталында жарияланды. Ол Jusan Bank-ке иелік ететін «Jusan Technology» холдингі басшылығының түсініксіз қадамдарының кесірінен, «Назарбаев фонд» білім бері қорының өткен жылдың тамыз айында Jusan Bank-ті бақылаудан айырылып қалғанын жеткізеді.

«Jusan bank арқылы «Назарбаев фонд» Назарбаев университеті мен Назарбаев зияткерлік мектептерін дамытады, осылайша мемлекеттің бюджетіне түсетін жүктемені азайтады деп болжанған. Бірақ Қаңтар трагедиясы болып, «Ескі Қазақстанның» өкілдері біздің банк активімізді заңсыз бақылауға алды», – деп баяндайды Аслан Сәрінжіпов.

«Егжей-тегжейіне тоқталсақ, бір кездері Jusan тобын бақылау АҚШ-та тіркелген эндаумент қорының қамқоршылық кеңесінің мүшелері болған Қазақстан өкілдері арқылы жүзеге асырылған. Бірден түсіндіре кетейін, бұл қор Назарбаев университет пен Назарбаев зияткерлік мектептерін тікелей қаржыландыруы керек еді. АҚШ-та тіркелу халықаралық аренада еркін жұмыс істеуге мүмкіндік берді.

Бірақ қисынсыз себептермен қазақстандықтар қордың қамқоршылық кеңесінен шығарылды, соның салдарынан банк бақылаудан шығып кетті. Оған отандық білім беру жүйесін қолдау мен дамытуға жұмсалуы тиіс қаржының мақсатсыз жұмсалуын тоқтату әрекеті себеп болды.

Оның орнына «Jusan Technology» холдингінің басшылығы мемлекет тарапынан көрсетілген көмекті қайтарғанға дейін өздеріне «Jusan bank»-тен дивиденд алып алуды жоспарлаған. Бірақ бізді жұмыстан заңсыз қуып жіберді, ал Jusan қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанды басқа қауіпсіз елге ауыстыруды жөн көрген адамдардың бақылауында болды. Мен кезінде бұл шешіммен келіспейтінімді оларға ресми түрде айтқанмын»

Аслан Сәрінжіповтың сөзіне сенсек, олар америкалық қордың жаңа басшыларына екі рет ресми шағым түсірген. Бірақ әлі жауап алған жоқ. «Назарбаев фонд» америкалық қордың басшылығына Қазақстан өкілдерін қайтару үшін АҚШ-та сотқа шағымдануға кіріскен. Сондай-ақ, «Назарбаев фонд» атынан Қазақстан аумағында заңсыз тәркіленген мүлікті қайтару туралы талап-арыз дайындалды. Бас прокуратурамен алдын-ала кеңес жүргізілді.

«Jusan bank «Назарбаев фондқа» қайтарылса, банк мемлекеттің көмегін, одан кейін ұлттық компаниялардың депозиттерін қайтарып береді», – дейді Аслан Сәрінжіпов. Ол Jusan-да ондай мүмкіндік бар екеніне сенімді.

NTGE порталы «Jusan bank» төңірегіндегі мәселені 2021 жылдан бері жазып келеді. Және қазіргі оқиғаның Назарбаевтың екі сенімді көмекшісі – Аслан СӘРІНЖІПОВ пен Ербол ОРЫНБАЕВТЫҢ арасындағы текетірестен туындағанын да жақсы біледі.

Сәрінжіпов айыбын жуып-шайып, «Жаңа Қазақстанда» қалғысы келеді. Себебі, түбі «Jusan bank»-ке қатысты қылмыстық іс қозғалатыны сөзсіз. Ол уақыт жақын қалғандай. Ол үшін алдымен сайлау өтіп, Парламент пен Үкімет толық жасақталуы тиіс.

Бұл жердегі басты сұрақ – банк Назарбаевтың иелігінде қалды ма? Қазіргі траст жүйесі бойынша солай, бірақ болашақта жағдайдың қалай өзгеріп кетерін ешкім білмейді. Сондықтан мемлекет Jusan банктен өзінің 1,5 триллион теңгесін тез арада шығарып алуы керек. Оған қоса, ұлттық компаниялар осы банкте депозит ұстағанды дереу тоқтатуы қажет.

Болашақта «Жусанның» кімдікі боларында біздің шаруамыз жоқ. Тек мемлекеттің, яғни Сіз бен біздің қарызымызды қайтарса болды.  

Тегтер: