16 Қаңтар 13:56
...

Мемлекетке белшеден ҚАРЫЗ «Jusan bank»-тің әр қадамын НЕГЕ мұқият қадағалауға тиіспіз?

Фото:
NEGE

редакциясы «Jusan bank» акционерлік қоғамына журналистік сауал жолдады. Сауалда банктің мемлекет алдындағы борышын қайтару бойынша кестесін сұратып отырмыз. Осы банктің кейде бізді түсінбей қалатын әдеті бар екенін ескеріп, әдейі өздеріне түсінікті орыс тілінде сұрақ қойдық.

Сұрақтар өте қарапайым. Банк әр жыл сайын мемлекетке қанша ақша қайтарып отырады? Банктің ондай жоспары бар ма? Мәселен, биыл «Jusan bank» мемлекет алдындағы қарызын қайтара бастай ма?

2021 жылдың қаржылық есебіне сай «Jusan bank» акционерлік қоғамына екі тарап иелік етеді.  Банк акцияларының 78,73 пайызы «First Heartland Securities» қолында. Ал 20,11 пайыз акциясын Ғалымжан ЕСЕНОВ ұстап отыр.

«Jusan bank» акционерлік қоғамының мемлекеттен алған көмегі – 1,5 триллион теңге (3,9 миллиард доллар). Ол мемлекеттің Цеснабанк пен АТФ Банкке берген көмегінен құралады. Бұл банктерді Jusan деп атын өзгерткен «First Heartland банкі» небәры 1 теңгеге сатып алған болатын.

Фото: ғаламтордан.

Мемлекеттік көмек есебінен, банк акционерлері 2021 жылы 113 миллиард теңге дивидендті өздеріне аударып алды. 2022 жылы 170 миллиард теңгені дивиденд ретінде алмақшы болғанда, депутаттар мен сарапшылар шулап кетті де, дивиденд төлеу мәселесін кейінге қалдырды.

2022 жылдың 9 айы бойынша банктің қаржылық есебіне көз жүгіртсек, банк кассасында 972 миллиард теңгенің (және оның эквиваленттері) бар екенін байқаймыз. Бір сөзбен айтқанда, «Jusan bank» жылына 500 миллиард теңгеден беріп отырса, 3 жылдың ішінде мемлекет алдындағы қарызынан құтыла алар еді.

Бастысы – ниет. Әзірге, біз банк акционерлері тарапынан мемлекетке қарызын қайтарудың орнына, бар ақшаны өздеріне аударып алу мақсатын ғана көріп отырмыз. Сондықтан «Jusan bank»-тің әр қадамын бүкіл халық болып мұқият бақылауымыз қажет.

Тегтер: