27 Қаңтар 13:03

Jusan bank жауап бермеді. НЕГЕ оның тізгінін мемлекет ұстағаны жөн?

Фото:

«Jusan bank» акционерлік қоғамы NEGE редакциясының сауалына тағы жауап бермеді. Біз банктен мемлекеттік қаржыны қайтарудың нақты графигін сұраған едік. «Jusan bank» азаматтарға кредит бергенде міндетті түрде қарызды қайтару, яғни төлем графигін беретінін білеміз. Ал Jusan НЕГЕ жалтарды?

Біз редакциялық сауалымызда нақты, түсінікті сұрақтар қойдық. Тіпті, орыс тілді банкирлер түсінсін деп сұрақтарымызды ресми тілде де жібердік. Бірақ «Jusan bank» баяғыдай «үндемес» ойынын ойнауды қояр емес. Егер квазимемлекеттік ұйым болғанда «БАҚ туралы» заңды бұзғаны үшін сотқа берер едік. «Jusan bank» жеке компания болғандықтан, мұндай жауапкершіліктен құтылып отыр.

Jusan bank проблемасына қатысты Премьер-министр Әлихан СМАЙЫЛОВ та өз пікірін білдірді.

Ә.Смайылов. Фото: Tengrinews.kz

«Банкке келсек, қазір мемлекеттік қолдау түрінде бұрын берілген қаржыны қайтару мақсатында жағдайдың барлығы сарапталып жатыр. Өткен жылдың соңында біз мемлекеттік қолдау шараларының мерзімінен бұрын қайтарылуын ынталандыруға қатысты заңнамалық түзетулерді де қабылдадық», – деген еді журналистер сұрағына жауап берген Премьер-министр.

«Дәлірек айтқанда, заңнамалық түзетулер бойынша, мемлекеттік қаржыны қайтармай тұрып, банктер акционерлеріне дивиденд төлей алмайды. Мемлекет жұмыстарының барлығы шамамен осы бағытта жүргізілді»

Осы түзетудің арқасында Jusan акционерлері былтыр банктен 170 миллиард теңге дивиденд шығара алмай қалды. Барлық қолдау бағдарламаларын есепке алсақ, банк мемлекетке 1,5 триллион теңгедей қарыз. Дивидендтердің басын қосып, қарызды қайтара беруіне не кедергі болып тұрғаны түсініксіз.

Премьер-министр Ә.Смайыловқа айтар кеңесіміз бар. «Jusan bank» акционерлік қоғамы қарызды тездетіп қайтарсын десек, директорлар кеңесіне және басқармасына мемлекет өз адамын отырғызуы тиіс деп есептейміз. Ол ҚНРДА маманы болғаны абзал.

Қазір банктің ішкі процестеріне бақылау жоқ. 2022 жылдың қаржылық есебі уақытылы шыға ма, оған да ешкім кепілдік бере алмайды...

Тегтер: