15 Ақпан 16:15
...

ІТ маманы кибер қылмыстың құрбаны болмаудың жолын айтты

Фото:

Cоңғы кездері кибер қылмыстар күрт артып кеткен. Өткен жылы мұндай 14 мың қылмыс жасалса, ал биыл тек қаңтар айында 1 700-ден асып  жығылған. Мамандардың айтуынша, кибер қылмыстың құрбаны болмау үшін қарапайым сақтану шараларын ұстанған жөн. Олар – бөтен мекен-жайдан келген хабарламаларды ашпау, пароль, кодтарды ешкімге айтпау, деректерге, құжаттарға мұқият болу.

Қылмыскерлер ақша жымқыру мен жеке мәліметтерді алуға, аккаунттар мен электронды шоттарға қол жеткізуге бағытталған әрекеттерді жасап келеді. «Тәжірибе көрсеткендей, бір алаяқтың соңынан заңсыз әрекеттердің тұтас тізбегі жалғасып жатады. Қылмыс жасау үшін түрлі банк шоттары, карталар, сондай-ақ басқа адамдарға рәсімделген абоненттік нөмірлер пайдаланылады», – дейді ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов.

Жалпы, жасалған қылмыстың 10 пайызы кибер алаяқтыққа тиесілі болып отыр. Кибер қылмыстан сақтанудың жолдары жөнінде «Отбасы» банкінің ІТ-маманы Арсен Долбаев жауап берді:

– Кибер қылмыс жасаудың кең тараған тәсілдері қандай?

– Кибер қылмыскерлер түрлі амал қолданады. «Біз банктен хабарласып тұрмыз», – деп адамдарды алдау жиі кездеседі. Аңғал адамдар сақтануды ұмытып, тұзаққа түсіп қалып жатыр. Осы бағытта білімдері жетпегендіктен, паролін, кодын айтып қояды.

Расында, банк қызметкерлері пароль, код сұрап, сізге ешқашан хабарласпайды. Егер хабарласып жатса, оны кибер қылмыскер деп есептей беріңіз.

Адамдар электронды поштада күмәнді хабарламаларды ашып, не сілтемелерге кіріп, тіркеледі. Хакерлер осы арқылы мәліметтерге, төлем карталарына қол жетімділік алады.

– Жем болмаудың басты амалы – бөтен хабарламаларды ашпау. Қате түсінбедім бе?

– Шпион бағдарламаларды хат-хабарламаларға жазып, жарнама, тағы басқа нәрселер ретінде таратады. Адам оны ашса, хаккер бәріне қол жетімділік алады. Бұл – ақшаны оп-оңай шешіп алады деген сөз. Яғни, танымайтын мекен-жаймен келген хабарламаларды ашпаған ләзім.

Сосын бөтен адамдарды офистің компьютеріне жақындатпаған жөн. Компьютерге өз бағдарламасын орнатып, компанияға қол жетімділік алады. Коммерциялық ақпараттарыңыз құпия болудан қалады.

Еліміздегі банк жүйелері кибер ұрылардан жүз пайыз қорғалады деп айта аламыз ба?

– Мұндай кепілдік жоқ. Адамдар өздері сақ болуы тиіс.

Кибер қылмыспен күрес қаншалықты қиын нәрсе?

– Иә, өте қиын. Олар ізін жасыруға тырысып, ашық жұмыс істемейді. Жабық, кодталған vpn арналармен кіреді. Сондықтан басқа мемлекеттен кіргендей әсер қалдырады. Неше түрлі басқа серверлерді қолданады. Әр компьютердің өзінің ІР мекен-жайы бар. Солардың ізін білдірмей жібереді.

Сонда ақшаңнан қағылмау үшін адамдардың өздері сақ болғаны жөн дейсіз бе?

– Олардан қорғанатын антиспам, басқа да түрлі бағдарламалар, анализаторлар бар. Десе де, орайын тауып, осы қорғаныс құралдарын қапы қалдыратындар аз емес. Қазір хакерлер ақпараттық қауіпсіздік мамандары арасында ұдайы күрес жүріп жатыр. Антивирус компаниялары да кибер қылмысқа қарсы тұруға үлес қосып келеді. Жақсы мамандар қылмыстарды ашып та жатыр. Қанша жерден жымын білдірмеймін десе де, бәрібір ізі қалады. Бір жер болмаса да, бір жерден шығады.

Кибер қылмыскерлерде шекара жоқ шығар?

– Иә, хакерлерге шекара жоқ. Осыдан он жыл бұрын Ресей хакерлері Қазақстан қалаларына келіп, ұрланған ақшаларды банкоматтан алып жатқан жерінде ұсталған болатын. Kaspi-дің даму қарқынына байланысты, кибер ұрылар осы банктің атын жамылғанды ұнатады. Бұл қазір пайда болып отырған жоқ. Бұрыннан бар дүние. Қазір тек кибер қылмыс көбейіп келеді.

– Сақтанудың қандай қарапайым жолдары бар?

Сақтанудың ережелері бар. Мәселен, парольді жиі ауыстырып тұру керек. Төлем карталары мен куәлігіңізді көрінген жерге тастауға болмайды.

Пікіріңізге рахмет!

Тегтер: