15 Шілде 15:00
...

Халық сүйген «Дәрігер аға»

Сейфуллин
Фото: Сейфуллиндер әулетінің жеке мұрағатынан

Жүзі жылы бұл кісіні жергілікті жұрттың жасы да, жасамысы да «Дәрігер аға» деп атайтын. Ал талай жанды ажал аузынан алып қалғанына орай кейбір кейуаналар жердегі періштеге теңейтін.

Кәміл Фатхоллаұлы Қытайдағы дәрігерлер даярлайтын белді оқу орындарының бірін тәмамдаған соң, Шәуешек қаласындағы жергілікті емханалардың бірінде мансабын бастады. Аз уақыттың ішінде жұрттың алғысына бөленіп үлгергеніне қарамастан, 1960 жылы Қазақстанға ағылған үлкен көшпен селбесе жұбайымен Жетісу өңіріне табан тірейді. Сарқанттың жаны жайсаң жандарын емдеп, жергілікті халыққа енді сіңісі бастаған фельдшер маман бұйрық бойынша сол кездегі Шығыс Қазақстан облысына қарасты, Шұбартау ауданының қияңдағы Қарабұжыр округіне қызмет бабымен жіберіледі.

Ауылдағы жұртты емдеуге келді дегені болмаса, Қарабұжырға қарасты қаншама елдімекен тағы бар. Сондықтан басы ауырып, балтыры сыздаған ондағы барша тұрғынға ем-дом жасау жаңа келген дәрігерге жүктелді.

медицина
Сейфуллиндер әулетінің жеке мұрағатынан. 1978 жыл.

Ол кезде медицина мамандарына діттеген жеріне техникамен қатынау түсіне де кірмейтін. Сондықтан қыстаудан-қыстауға атпен қатынауына тура келді.

«Күндіз-түні тынбайтын жүгірістен жануар да болдырады ғой, сондай сәттерде кейін елге ақын атымен танылған Несіпбек Айтұлы отағасының аткөлігін қамдап, алдына әкеліп беруші еді», — дейді Кәміл Сейфуллиннің жары Шімангүл Юсуфқызы.

Шімангүл апа да жергілікті тұрғындардың ықыласына бөленген жандардың бірі. Зейнет жасына дейін дәріханашы болып жұмыс істеді деген аты болмаса, отағасы тыстағы науқастардың қамымен кеткенде, іздеп келгендерге уколын салып, толғағы қысқан әйелдерді өз қолымен босандырып, қуықтай үйін құдды бір ауруханаға айналдырып жіберетін. Бір қызығы, фельдшердің, акушердің, қалаберді хирургтің де рөлін бір өзі атқаратын күйеуіне тоғыз баласының бірінің кіндігін кестіріп көрген емес. «Сен халықтың адамысың, мен өзім амалдаймын», — деп айы-күні жетіп отырса да дәрігер жарын шақырған жерден қалдырмауға тырысатын.

Колхоздарды біріктіру кезеңі басталғанда, дәрігерлер отбасы қызмет бабымен қазіргі Аякөз ауданына қарасты «Байқошқар» ауылдық округіне жолданды. Бұл кезде аудан орталығы саналатын Баршатасқа тәуелді тоғыз совхозға тегіс танылып үлгерген «Дәрігер ағаның» жұмысы артпаса, азаймады.

Сол уақытта «Сарықамыс» ауылдық округінде амбулатория меңгерушісі қызметін атқарған Айтқұрман Тұрысбеков өткен күндерді бір таңданыс, бір сағынышпен еске алады.

медицина
Фото: Nege

«Кәміл аға екеуіміз бір ауданға қарасты екі ауылдық емханада жұмыс істедік. Аудан орталығында өтетін медициналық кеңесте жиі жүздесіп қалатынбыз. Кейін келе жақын араласып кеттік. Жарықтық, өзі Байқошқардағы фельдшерлік пунктің меңгерушісі болды деген аты болмаса, бір өзі бірнеше дәрігердің міндетін атқарды. Мәселен, құжат бойынша міндеттелетін фельдшерлікпен қатар акушерлік, қыл аяғы терапевтің де жұмысын қатар алып жүрді. Ай сайын аймақтағы малшыларды аралап, бір жасқа дейінгі нәрестелердің екпелерін жасап, жік-жапар болып жүгірістейтіні тағы бар. Ол аздай, күндізгі уақытта келетін науқастарды қабылдап, жүкті әйелдер болса тіркеуге алып, қажетті емшара түрлеріне жолдап отыратын. Кешқұрым өзге жұрт жанұясына жөнелгенде, ол кісі әдетінше сырқат адамдардың шақыртуы бойынша үй-үйді аралап кететін. Қандай жер болса да бәлсініп қарамай, қолына тиген көлікпен қатынай беретін. Соның арқасында халыққа өте силы адам болды», — дейді әріптес ағасын еске ала.

Иә, бүгінгі таңда дипломмен ауылға жіберген жас мамандардың да қияңда көп тұрақтамай, қалаға қашатыны жасырын емес. Ал аткөлік тапшы заманда жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязы мен ақтүтек боранында аймақты аралап, ем-дом жүргізу үшін елге деген есепсіз махаббат керек пе дерсің. Осы ретте кейіпкеріміздің тұла бой тұңғышы Карима Кәмілқызы әкесін үйден сирек көргендіктен, оны жиі сағынғанын алға тартты.

«Папам үйге келгенде арқа-жарқа болысып, оны жағалай бастағанымызда-ақ есік қағылып, әлдебіреудің сырқаттанып қалғаны жөнінде хабар келетін. Сонда лезде алдындағы тамағын ішпестен ақ биксын алып жүгірістей жөнелетін. Ұмытпасам, Үкіметтен алатын айлығы жетпіс сом ғана болды. Ол қыс — қыстау, жаз — жайлаудан келіп ем қабылдап жататын науқастардың ішіп-жемінен арылмайтын. Осы ретте бір-өзі екі-үш жерде жұмыс жасайтын анамызға қолғабыс болу мақсатында біз де ерте жастан еңбекке араластық», — дейді.

Айта кетейік, Кеңестік кезеңнің тұсында біз сөз етіп отырған Байқошқар совхозында 1500-ге жуық отбасы болды. Бұдан өзге жергілікті әкімдікке қарасты ұзын-саны 40-қа тарта жайлаудың шопандары мал басын көбейту мақсатында белсенді еңбек етті. Ол тұрғындардың жас-кәрісіне егу профилактикалық жұмыстарын жүргізіп, диспансерлік есепте тұрған науқастарды жыл сайын екі мезет медициналық тексерістен өткізіп, қажетті ем жасау ауыл дәрігерлерінің мызғымас міндеті саналды. Бір ауызға екі қол жетпей жатқан мұндай уақытта «бұл менің жұмысыма жатпайды» деп қарап отыратын емес, бар мақсат — жұмыла жұмыс жасауда болды. Нәтижесінде ана мен бала өлімі орын алмай, әр жылдың медициналық есеп-қисабы ойдағыдай жабылатын. Осындай қиын шақта ауылдағы амбулаториялық орталыққа акушер болып келген Гауһар Төлегенова Кәміл Фатхоллаұлын өзінің ұстазы санағанын жеткізді.

«Кәміл аға ауылдағы аналарды өзі босандырып қана қоймай, ол сәбилер соқталдай азамат болғанша бақылауда ұстады. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін алдына ем қабылдауға келетін. Жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсетуден тыс совхоз қарамағында жұмыс жасайтын малшылар мен механизаторлар арасында жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында жаппай екпе жұмысын жүргізіп қайтатынбыз. Сондай науқанның бірінде Кәміл аға жиылған жұрт арасында тұрған жас келіншекті алдына шақырып алып, оң жақ қолының білезік тұсындағы тамырын басты да: „Мына баланың ажары айтып тұр, екпе салмаймыз“ деп қайырды. Сөйтсем, ол жүкті екен. Ағамыздың адам тамырын ұстап, оның организміндегі өзгерісті анықтап білетін қасиетіне сонда тәнті болдым. Және қойған диагнозы тұп-тура келетін. Соның арқасында ауыл тұрғындары жабдығы түгел қаладағы ауруханаларға ағылмай, ағамыздың арқасында аяққа тұрып кететін».

медицина
Бірінші қатардан санағанда сол жақта отырған Кәміл Сейфуллин, екінші қатарда оң жақта бірінші тұрған Шімангүл Сейфуллина.

Байқошқардағы көзі көрген жұрт «Дәрігер ағаның» есімін әлі күнге дейін алғыс пен сағынышы қатар еске алады. Ауыл тіршілігінің жандануында аянбай еңбек еткен тұрғынның бірі Махмұтжан Естемісов тұла бой тұңғышы Кәміл ағаның кәсібилігі арқасында ажалдан аман қалғанын айтады.

«Үлкен ұлым төрт айлығында таңды-таңға ұрып жылайтынды шығарды. Баланы алып, орталыққа жүгірдік. Ол кісі шырылдаған дауысын естіп, бізді кезек күттірмей ішке кіргізді. Құндақтаулы баланы жөргегінен босатып, кіндік тұсын қарады да кіші дәретке қашан отырғанын сұрады. Сонда барып баланы бір құрғақ жаялыққа қатарынан бірнеше күн орағанымыз есімізге сап ете түсті. Сөйтті де баланы емізіп, алдарқатып отыру мақсатында келіншегім мен қасындағы қос мейірбикені қалдырды да, менің тысқа шығуымды өтінді. Бір кезде әлгі кісінің „ұлыңды бір-ақ сүндеттей салдым“ деп күлімдей шықпасы бар ма. Бұдан соң атұстарымның жылағаны сап тиылды. Қазір сол баламнан бірнеше немере сүйіп, әулеттің ақсақалы атанып отырған жайым бар», — деп ағынан жарылды Махмұтжан қария.

Кәміл Фатхоллаұлы 1996 жылы құрметпен зейнетке шыққан соң да кісі емдеуін жалғастыра берді. Дәстүрлі медицина мен халық медицинасының озық үлгілерін арқау еткен қолы шипалы дәрігер түрлі препараттар мен дәрілік шөптерді селбестіріп, терінің грибокты аурулары саналатын қышыма, қотырдың түр-түрінен бастап, көз шырышты қабығыныңы қабынуы, өкпе қабынуы, бруцеллез сынды көптеген ауруларды емдеп жазуға ден қойды. Мәселен, оның қол–аяқ, омыртқа бағанасы буындарының дегенерациялы — дистрофиялық ауруы саналатын остеоартрозды емдеу жолдары бүгінгі дамыған медицинада кеңінен қолданылады. Осылайша заманауи медицина бірнеше бағытқа бөле-жара қарайтын түрлі ауру түрлеріне бір өзі дауа іздеп, қанша жанның алғысына бөленді. 

Бір қызығы, Дәрігер аға жасаған дәрісі мен көрсеткен көмегіне көк тиын да ақы алмайтын. Ал қалаға әлі жол сала қоймаған кенже қызы алыстан ауруына араша іздеп келген жандарға ас-су әзірлеп, қазан-ошақтың басында жүгірістеп жүретін. Бар ойы — «көптің алғысын алған ада қалмайды» деген әке аманатына қиянат жасамау.

Бүгінгі таңда Байқошқарға жол салған жолаушы атаулының жағалай тізілген бейіттерге соғып, құран оқымай өтпейтіні анық. Аңғарған жанның көзі ішінде қызылды-жасылды дәрілік өсімдіктер жайқалған күмбезге түседі. Мұны сәйкестік деп қарауға болатын да шығар. Дегенмен, жергілікті жұрт «Дәрігер ағаның жатқан жері» деп, жазбай таниды.