27 Қыркүйек 16:40

Гүлнұр Қыранбай, аудармашы: Әр шығарманы аудару ізденісті, еңбекті, уақытты талап етеді

Әдеби аударма
Фото: жеке мұрағаттан

Әдеби аударма саласында түркі тілдес мемлекеттер жазушыларының еңбектерін тәржімалауға үлес қосып жүрген аудармашы Гүлнұр Қыранбайды біреу білсе, біреу білмес. 

 Ол қырғыз жазушысы Әбдікерім Мұратовтың әңгімелер жинағын тәржімалап, «Шегемдік қыз» атауымен жарық көрді. NEGE тілшісі аудармашыны әңгімеге тартып, әдеби аударма әлемінің қыр-сырына үңіліп көрді. 

Гүлнұр, өзіңнің аударма саласында еңбектеніп жүргеніңнен хабардармыз. Аударма жасауға қашаннан бері бет бұрдың? Кейбіреуге бұл жеңіл көрінгенмен, шұрайлы тілмен көркемдеп жеткізу екінің бірінің қолынан келмейді. Бұл жұмыстың қызығы мен шыжығы туралы айтып берсең.

 – Аударма саласына журналистикадан келдім десем де болады. Екі тілде жарық көретін аудандық газетке мақала да сәйкесінше екі тілде шығады. Екі бөлім тілшілері жазған мақаласын аудармашыға береді. Өзім қазақша және орысша жаза беретін едім. Содан екі тілде қатар аудармашы болдым. Шағын аудандағы мекемелердің іс құжаттары мен ресми қағаздарын да аудардып жүріп шыңдалдым. Ал әдеби аудармаға Алматыға жұмыс бабымен ауысып келген соң бет бұрдым. Бұған әріптес досым, ақын Саят Қамшыгер тікелей ықпал еткен еді. Бірде осы тақырыпта әңгіме қозғалғанда татар жазушысы, Татарстан Жазушылар одағының төрағасы Ркайыл Зайдұлланың жинағын аударып беруімді өтінді.

Негізі Саятпен жеке таныстығым да осы аударманың арқасында болды. Бішкекте тұратын Назгүл Османова деген ақын құрбым хабарласып, «Қазақ ақындарының өлеңдерін аударып жатыр едік, соған көмегің керек, кейбір түсінбеген сөздерді өзің қарап берсең» деген-ді. Содан бір айдай бірге жұмыс істедік, сол қырғызшаға тәржімаланған «Қазақ поэзиясы антологиясының» ішінде Саят Қамшыгердің де шығармалары болып, ол «Енді аударманы өзің жаса» деген ұсынысын айтты. Осылайша, ең алғашқы аударған әңгімелерім татар тілінен қазақшаланп, бірқатар газет, әдеби журнал, әдеби порталдарда жарық көріп, оқырман жап-жақсы қабылдады.

Гүлнұр Қыранбай
ғаламтордан

Әрине, ресми іс қағазды аудару мен әдеби аударманың айырмашылығы жер мен көктей. Дегенмен, соңғысы жаныма жақын, өзімнің сүйікті ісіме айналды. Көп жылдар бойы ішімде тұншығып жатқан қабілетім сияқты көрінеді өзіме. Шығарманың стилін, автордың айтқысы келген ойын дәл жеткізгің келеді, сол халыққа, ұлтқа тән ерекшелікті сақтау да маңызды. Қысқасы, бір әңгімені аударуға кіріссем, сол оқиғаға тереңнен сүңгіп, кейіпкерлерімен қоса қуанып, бірге мұңаямын. Яғни, сюжет желісіне кіріп кетіп, бір-екі күн шығарманың әсерінде жүремін. Әр кейіпкердің тағдыры таныстай көрінеді, кейде «менің дәл осындай танысым бар ғой» деп қоямын. Ең бастысы, алдымен шығарманы оқып шығып, сондай әсерленген соң ғана «Мұны басқалар да оқуы керек» деп аударуға асығамын. Және мен қандай әсер алсам, оқырман да дәл сол күйді кешсе екен деймін.

Өзіңнің қаламыңнан шыққан аудармалар туралы мәлімет бере кетсең. Алыс-жақын қай мемлекеттің қандай жазушысының еңбегіне тәржіма жасадың?

– Осыған дейін әлгінде айтып кеткен Ркайыл Зайдұлланың әңгімелер жинағы, «Жанымның бір бөлшегі» татар жазушылары антологиясына енген әңгімелер татар тілінен қазақшаланды. Содан кейін қырғыз жазушысы Әбдікерім Мұратовтың әңгімелер жинағы, қырғыз тілінен тағы Жұмагүл Барктабасованың «Ол», Жолдыбек Қашқынбаевтың «Клексан» әңгімесі, өзбек жазушысы Таһир Мәліктің «Қатынтаңдау», «Шапалақ, Рисолат Хайдарованың «Үшінші сәуегейлік», Нәби Жалаладдиннің «Жауынқұрт жауған түн», әзірбайжан жазушысы Жавид Зейналлының «Шуақты күндер» әңгімесі тәржімаланды. Таяуда қырғыз тілінен тағы бір үлкен романды аяқтадым. Кітап жарық көрген кезде сүйіншілейтін боламын. Ал қазір әзірбайжан тілінен шағын әңгіме мен қырғыз тілінен роман аударып жатырмын.

Көбінесе таңдауың түркі тілдес мемлекет жазушыларының шығармаларына түскен екен. Бәлкім, тілдік ұқсастық жағынан жеңілдеу ме, көтерген тақырыбы өзекті ме? Әлде, ұлттың құндылығы, әдет-кұрпының жақындығы себеп пе?

– Қырғыз жазушысы Әбдікерім Мұратовтың әңгімелер жинағын тәржімалап, «Шегемдік қыз» атауымен жарық көрді. Бұл кітап болып басылған алғашқы аударма жинағы. Сол үшін де маған өте ыстық. Жаңа айтып кеткенімдей, әуелі аударуға ұсынылған шығарманы оқып шығып, біздің оқырман да оқыса екен деген тілекпен аудармасына кірісемін. Бірақ осы уақытқа дейін аударманы тіліне қарап таңдамаған екенмін. Өйткені түркі тілдерінің күрделілігі мен үшін бірдей. Қырғызстан көрші ел, тілі түсінікті десек те, кейбір диалект сөздерін басқа облысының адамдары да түсінбейді. Әр шығарманы аудару біраз ізденісті, еңбекті, уақытты талап етеді. Шын мәнінде, Әбдікерім Мұратовтың шығармалары ерекше баурап алады. Бұл авторды «Адам тағдырының суретшісі» дер едім. Өйткені шығармаларындағы әрбір кейіпкердің тағдыры әрқалай, дегенмен бек таныс. Жанымызда жүрген адамдар, күнде көріп жүрген оқиғадай көрінеді. Әр әңгімесін бастағанда «Мұнда кімді сипаттайды екен?» деп отырасың. Өзіңіз айтпақшы, түркі тілдес ұлттардың құндылығы, әдет-ғұрпы да өте жақын, кейде қазақтардың тарихы, тағдыры көз алдыңнан өтіп жатқандай әсерде боласың. Жалпы, түркі тілдес елдердің дерлігінің әдет-ғұрпы мен ұлттық құндылығында ұқсастық өте көп. Қазір білуімше, Орталық Азияда жақсы дүниелер жазып жүрген талантты жазушылар жетерлік. Солардың еңбегін қазақ оқырмандары да оқуы үшін неге тәржімаламасқа деген ой келеді.

әдеби аударма
ғаламтордан

Алғашқы аударма жинақты оқырман қалай қабылдады? Қырғыз жазушысының тақырыпты аша білудегі шеберлігі туралы пікірің қандай? Қай әңгімесіне ерекше тоқталар едің?

– Оқырман жақсы қабылдады. Әйтеуір өзіме айтылған пікір жылы болды. Осы кітаптың таныстырылымында қазақтың ақын-жазушылары, аударма саласында көп жылдан бері еңбек етіп жүрген аға буын өкілдері ортаға шығып әр әңгімесіндегі автордың ойын, кейіпкердің мінезін, іс-әрекетін әсерлі етіп сипаттап, пікір білдірген. Содан автор да таңданып: «Мен шынымен осының бәрін осылай әсерлі етіп жаздым ба? Гүлнұр аударғанда өзінен біршама дүние қосып жіберген сияқты!», – деп әзілдегені бар. Демек, «аударма жақсы шығыпты» деген тұжырым жасадым. Бірақ жақсы аудардым деп бір деңгейде қалып кеткен дұрыс емес, маған көпжылдық тәжірибесі бар аудармашы, жазушылардың пікірі өте маңызды. Оларды көре қалсам ақыл-кеңес сұрап жүремін, айтқандарын ойыма тоқып жүремін. Әбдікерім ағаның бір ғана әңгімесіне тоқтау мүмкін емес, бір деммен бәрін оқып шығасың, бір әңгімесі екіншісіне ұқсамайды, екіншісінің сюжетін қайталамайды.

Қазір отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы әлем әдебиетінде де өзекті. Әйелдің табиғаты, жаратылысы, болмысы жайында жазылған үздік еңбек те әдебиеттің жауһарына айналған. Әйелдің жанын әйел ғана түсінетіні сияқты, егер мүмкіндік туса, әлемдік әдебиетте орны бар қандай әйел қаламгердің шығармасын аударар едің?

– Өзім сол әдебиет жауһарына айналған әйел табиғаты, тағдырын суреттейтін кітаптарды оқып өстім. Неге екенін білмеймін, үйде шетел әдебиеті көбірек жиналған еді. Амал жоқ, үйдегі кітаптарды екі-үш қайта сапырып оқып шығамын. Сіз айтқан тақырыптағы дүниелер өзіме терең әсер етіп, бәлкім мінез-болмысымның қалыптасуына да кішкене болса да септігін тигізген кітап – түрік жазушысы Решад Нури Гүнтекиннің «Чалыкушу» (қазір бізде «Бозторғай» деп аударылды) романы. Жалпы, өзім жазушыларды әйел-еркек деп бөліп қараған емеспін, авторды емес, көбіне шығармасын таңдаймын. Авторлардың отбасындағы зорлық-зомбылық, әйелдің аянышты тағдырын тамаша суреттеген шығармалары баршылық. Сол Әбдікерім Мұратовтың «Жесір жеңгемнің жоқтауы» соған мысал. Бірақ «Әйел жазушыдан кімді аударатын едің?» деген сұраққа әлі біраз ойлану керек сияқты. Өзім бүгінде жапон тілін үйреніп жүрмін, бәлкім болашақта жапон халқының нәзік жанды жазушысының бір шығармасын аударып қалатын да шығармын.

Гүлнұр Қыранбай
жеке мұрағаттан

– Әдеби аударма саласында жемісті еңбек етіп жүрген замандастарыңның, жастардың ішінде кімдерді атап өтесің?

– Көбіне аға буын аудармашыларымен көбірек араласамын, олардың бәрінің де аудармада өзіндік стилі, қолтаңбасы бар. Жақында аудармашылар ұжымы болып қырғыз жазушысы Сұлтан Раевтың «Көкжал» әңгімелер жинағын тәржімалауға қатысып, керемет еңбек жарық көрді. Дәурен Қуат, Сәкен Сыбанбай, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Ахмет Өмірзақ, Саят Қамшыгер, Нұрлыбек Саматұлы – осы кісілерден ақыл сұрап, сабақ алудан еш жалыққан емеспін.

Әрине, әдеби аударма саласының кең құлаштап дамуына халықаралық көрмелердің жиі өтуі септігін тигізетіні сөзсіз. Елімізде жүзеге асқан «Ұлы Жібек жолымен» көрмесінің маңыздылығы жайында не айтар едің? Былтыр «Бір белдеу бір жолдың» он жылдығына байланысты өткен шарада қтай жазушыларының қандай шығармалары таныстырылды?

– Әлбетте, көрменің маңызы зор. Қытай авторларын аудармасам да, шығармалары туралы ақпаратты қадағалап жүремін. «Шығыс әдебиеті» баспасынан шыққан, өзім редакциялаған кітаптар бар. Атап айтқанда, Ли Пэйфу «Өмір кітабы», Лу Яо «Тағдыр», Шэнь Шиси «Қасқырлар патшайымы». Осы кітаптармен көрмеге қатыстық.