Геннадий Шиповских, депутат: Черчесовке айыппұлдың өзі сабақ болады!
Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне кіріскеніне жарты жыл ғана болған Станислав Черчесов бұған дейін де мемлекеттік тілге қырын қарайтынын көрсетіп қалған еді.
Ол алғашқы баспасөз мәслихатында-ақ қазақ тілінде сұрақ қойған тілшінің сөзін бөліп, орысша жалғастыруын сұраған.
Сол кезде құраманың бас бапкері: «Сіз маған сұрақ қойып тұрсыз ғой. Мен де осетин тілінде сөйлесем қалай болады? Алайда ол кезде ешкім түсінбейді. Бұған дейін де қазақша қойдыңыз. Ол кезде федерация президенті аударып берді, бірақ ол кісіні қайта-қайта әурелемеймін ғой. Өтініш жасау бірінші рет тегін болады, ал кейіннен ондай жүрмейді», – деп әзіл-шыны аралас ескерту жасаған.
Ал таяуда ҚФФ баспасөз мәслихатында қазақ тілінде сұрақ қойған журналиске Станислав Черчесов «Сен қазір французша сөйлеп отырсың ба?» деп, қазақ тілі мен француз тілін шатастырды. Бұл мәселе әлеуметтік желіге тарап, ушыққан соң Туризм және спорт министрлігі де назардан тыс қалдырмай Қазақстан футбол федерациясына ресми хат та жолдады. Осымен екінші рет қазақ тілінде сөйлемек түгілі, титтей де құрмет көрсете алмаған бас бапкерге қатысты Қазақстан футбол федерациясының қолданған шарасына халықтың көңілі толды ма? Федерация президенті Әділет Барменқұловтың пікірінше, Черчесовтың әзілі, әрине, шектен шықты. «Мен онымен жеке де сөйлестім, мемлекеттік тілдің өзектілігі мен маңызын түсіндірдім. Біз бұл мәселе бойынша Черчесовтің өзімен сөйлестік. Оған айыппұл салынды», – деген болатын.
Сонымен, 200 АЕК немесе 738 400 теңге айыппұл Черчесовке сабақ бола ма? NEGE тілшісі Парламент Сенатының депутаты Геннадий Шиповскихтің пікірін білген еді.
– Бұл мәселе туралы Спорт министрі мен Қазақстан футбол федерациясына үндеу жолдадым. Футбол құрамасының бас бапкері Черчесов қазақ тілі мен француз тілін не үшін шатастырды? Олай ететіндей екеуі бір-біріне жақын тіл ме? Сондықтан екі тілдің айырмашылығын түсіндіруге тырыстым. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Қазақ тілі – Абайдың тілі. Әр елдің мемлекеттік тілі бар. Ол Қазақстанда қызмет етіп, бас құрамамыздағы футболшыларды баптап жатқаннан кейін тым болмаса сол елдің тіліне құрметпен қарау керек. Әрине, өзін бұл елдің азаматымын деп санамайтын шығар, десе де басқа-басқа, тілге қатысты бұлай әзілдеуге болмайтынын білсін. Қазақ тілін ешкімнің мазаққа айналдыруға қақысы жоқ, – деді.
Сондай-ақ, депутат бұл түйткілдің сөз жүзінде қалмай, нәтиже шыққанын да алға тартты.
«Айыппұл салынса да, істің қорытындысы көрінді. Бүкіл тілге жанашырлық танытқандар үн қосты. Мұның өзі тілге деген құрметті көрсетеді. Кейбіреулер «Айыппұлмен ғана шектелеміз бе?!» деген сұрақ қойып жатыр. Енді қайталамайтын шығар деген үміт бар. Осының өзі нақты сабақ болады. Сол сияқты басқа да қазақ тіліне атүсті қарайтындар да ойлануы тиіс. Себебі, «Тілге құрмет – елге құрмет», – деп жауап берді сенат депутаты Геннадий Шиповских.
Бұған дейін Ресейден кеткен себебін айтып, «орыс тілді ортада жұмыс істегім келеді» деп және Қазақстанда орыс тілінің әлі де үстемдік құратынын емеурінмен айтса да, өзіне сенімді болған бас бапкер Станислав Черчесовтің тайраңдауына жол беріп қойған өзіміз емес пе?
Әрине, ол да елдегі тілдің ахуалын көріп, біліп отыр. Тіпті, билік тармақтарында қазақ тілінің қолданыс аясының қаншалықты екендігінен хабардар екені анық. Сөйте тұра, кейде өре түрегеліп, аттандай бергенше, «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дегенді естен шығармай, не нәрсені өзімізден бастау керек екенін ұмытпаған жөн.
Себебі, бас бапкер алғашқы тілге қатысты даудан кейін қазақ тілін үйрететін курсқа баруды бастағанын айтқанда, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлвтың өзі оның қазақ тілін білуі шарт емес екенін айтып, алдына түсіп, ақтап алғаны көпшілікке мәлім. Осыдан кейін Черчесов сияқтылардың қазақ тіліне деген құрметі бола ма?