24 Қараша 15:05

Зиянды химия. «Біріккен химиялық компания» НЕГЕ мемлекетті 200 миллиард теңге қарызға кіргізіп отыр?

Фото:

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына, яғни бір сөзбен айтқанда мемлекетке қарасты «Біріккен химиялық компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жинақталған шығыны 198,5 миллиард теңгеге жеткен. 2020 жылы компания 51,8 миллиард теңге шығынға ұшыраған. Соған қарамастан, «Самұрық-Қазына» оны қаржыландыра беретін сияқты. НЕГЕ?

«Біріккен химиялық компания» отандық химия өндірісін дамыту, тиімді басқару мен интеграциялау үшін құрылған болатын. Бірақ, тиімді басқарудың реті келмей тұрғанын айта кету керек. Қазіргі таңда «Біріккен химиялық компания» Жамбыл облысында фосфор, каустикалық сода, хлор мен глифосат шығаратын «ХИМ-плюс», Атырау облысында полимер шығаратын «Полимер Продакшн», газ-турбиналық станция құрылысымен айналысып жатқан «Karabatan Utility Solutions», газохимиялық кешеннің полипропилен өндірісін тұрғызып жатқан «KPI», полиэтилен жағын салып жатқан «KLPE», бутадиен өндіретін «Бутадиен», Ақмола облысындағы күкірт қышқылын шығаратын «SSAP», Алматыдағы химия өнімдерін шығаратын «PVH Development» фирмаларына иелік етеді. Олардың акцияларындағы үлесі кем дегенде 90 пайызды құрайды.

Дереккөз: «Біріккен химиялық компания» ЖШС 2020 жылға арналған жылдық есебі

Компанияның салынып біткен жобалары экономикалық тиімсіз екенін байқауға болады. Мысалы, SSAP 2020 жылы 190 миллион теңге, Полимер Продакшн 2,8 миллиард теңге, ХИМ-плюс 478 миллион теңге таза шығын келтірген.

Дереккөз: «Біріккен химиялық компания» ЖШС 2020 жылға арналған жылдық есебі

«Біріккен химиялық компания» ЖШС тауарлар мен қызметті сатудан 6 миллиард теңге выручка көрсе, соларды өткізудің өзіндік құны 3,6 миллиард теңгені құрағандықтан, тек 2,3 миллиард теңге жалпы кіріс түсіре алды. Осы кезде компанияның ортақ және әкімшілік шығыны 2,7 миллиард теңгеге жетіп, ол сату бойынша шығындарды есептегенде 3,7 миллиард теңгеге ұлғайып, жалпы кірістен асып кеткен. Нәтижесінде компания 1,3 миллиард теңге таза операциялық шығын көріп отыр. Негізгі құралдардың құнсыздануы мен күтілетін кредиттік шығындарға еш қатысы жоқ болғандықтан, мұндай операциялық шығын компания менеджментінің әлсіздігін көрсетеді.

Дереккөз: «Біріккен химиялық компания» ЖШС 2020 жылға арналған аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: Ernst&Young

2020 жылы компанияның басқарушы құрамына кіретін 5 адамға айлық және түрлі сыйақыларды қосқанда ортақ есеппен 168 миллион теңге төленген. Әрбір басшыға шаққанда олар былтыр 33,6 миллион теңгеден, яғни айына 2,8 миллион теңгеден алып отырды.

Бизнесте ауыз толтырып айтатын жетістік болмағандықтан, 2020 жылдың қортынды жылдық есебінде «Біріккен химиялық компания» ЖШС сол кездегі басқарма төрағасы Ибрагим Тағашевтың алғысөзі корпоративтік мәдениетті жетілдіру үшін өткізген тимбилдингтермен мақтанудан әрі аса алмаған.

«Компанияда мақсатты корпоративтік мәдениетке көшу жобасы іске асырылды, оның шеңберінде корпоративтік рухты қолдау бойынша түрлі іс-шаралар (тимбилдингтер, спорт жарыстары, зияткерлік ойындар), оқыту семинарлары, басшылықпен коммуникациялық сессиялар және т.б. ұйымдастырылды. Осы жұмыстың нәтижесінде Компания қызметкерлерінің тартылу индексі өткен жылмен салыстырғанда 56%-ға өсті және 81%-ды құрады»

Біз өз тарапымыздан химиктердің тимбилдинг өткізуіне қарсы емеспіз. Тек жылдан жылға шығынға батып, салық төлеушілердің мойнына жүк түсіріп отырғандары алаңдатады. 2021 жылдың басында Ибрагим Тағашев кетіп қалды. Оның орнына көптеген жылдар бойы еліміздің Бас прокуроры, Әділет министрі, Жоғағы сот төрағасы болған сенатор Рәшид Түсіпбековтың ұлы – Жанат Түсіпбеков келді.

Осы ротацияның қаншалықты пайдалы болғанын айту үшін 2021 жылдың қаржылық есебін күту керек. Бір жақсысы, оған аз уақыт қалды.

Тегтер: