5 Қазан 11:06
...

Жусан операциясы. Jysan мен АТФ Банкке қатысты сыбыс НЕГЕ көбейіп барады?

Фото:

Сарапшылар Jysanның АТФ банкін сатып алу мүмкіндігі туралы жиі жаза бастады. Бірақ екі банк тарапынан, не ҚНРДА тарапынан оған қатысты еш ресми ақпарат жоқ.

Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтынын білеміз. Алайда ресми мәлімдеменің жоқтығы түрлі алыпқашпа әңгіме тудырары сөзсіз. Бұл екі тарапқа да қажет емес. Сондықтан осы аптада екі банктің бірі осыған қатысты ресми пікірін білдіруі тиіс.

Әзірге Nege.kz ол мүмкіндіктің бар-жоғын тексеріп көрді және жағдайдың бұлай өрбуі екі тарапқа да тиімді екеніне көз жеткізгендей болды.

«Jysanда ақша бар», – деп жазады қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов. «Ондай ақша АТФ Банкте де бар. Бірақ акционеріне неге бизнестен дер кезінде шықпасқа?».

«Менде мынадай сұрақ туындады: АТФ Банктің проблемалық портфелінде (KUSA) жатқан Шымкент сыра зауытының жағдайы не болады? Банкте өте қызықты активтер бар. Оның ішінде жер, жылжымайтын мүлікті айтса болады»

«Банктер сақтауы тиіс пруденциалды норманың негізгі көрсеткіші – капиталдың жеткіліктілігі (К1). Соңғы жүргізілген AQR (банк активтерінің сапасын бағалау) аясында К1 бойынша АТФ Банктің көрсеткіші төмен болып шыққан», – деп жазады RiskTakers. Ақыры Ұлттық банк тарапынан АТФ Банкке капиталды ұлғайту бойынша нұсқау берілген.

Нәтижесінде осы жылдың басында банк капиталы 12,5 миллиард теңгеге өсіп, бар капиталының сомасы шамамен 131 миллиард теңгеге жеткен. Бірақ тамыз айында белгісіз себептермен капиталдың сомасы азайып, қайтадан 11,9 миллиард теңгеге кеміп қалды. Капиталдың кемуі бойынша банк ешқандай ақпарат берген жоқ.

Ал Jysan bankтің жағдайы жаман емес. Оны банктің есептілігінен де, ҚНРДА мен Ұлттық банк құжаттарынан да байқауға болады.

Екі банк ресми ақпарат бермесе де, жағдаймен жақсы таныс ақпарат көзі акционерлер арасында сатылу немесе бірігу формасының кем дегенде екі рет талқыланғанын растайды. Әңгіме екі жақтың терезесі тең әріптес ретінде біріге алмайтынында болып отыр. Jysan АТФ банкін жұтып, оның өтеуі ретінде АТФ қожайынына біріккен алпауыт банктің 10 пайыз акциясын ұсынады деген ақпарат бар. Бірақ оның рас-өтірігін тексеру мүмкін болмады. Оқырман білсе де еске сала кетейік, академик Шахмардан Есеновтың ұлы, саясаткер Ахметжан Есімовтің күйеубаласы, бизнесмен Ғалымжан Есенов – АТФ Банктің жалғыз акционері.

«Жігіттер сыра бизнесін жалғастыра ма және активті өздерімен бірге ала ма», – деген сұрақ қойыпты Расул Рысмамбетов. Әңгіме кезінде Тоқтар Төлешов істі болғаннан кейін кепілзат ретінде АТФ Банк қарамағына өткен Шымкент сыра зауыты туралы болып отыр. Зауыт банк үшін проблемалық актив деп саналады. Есептілік бойынша зауыт банкке 120 миллион доллар шығын әкелген. Бірақ бұл болашағы бар актив және оның халықаралық компанияға сату мүмкіндігі бар.

Егер Jysan АТФ Банкті «жұта» алса, елдегі ірі банктермен таласа алатын алпауытқа айналатыны сөзсіз. Осы карантинде банк секторы бәлендей шығын шекпегенін ескерсек, іріленіп өсу Jysan үшін жақсы стратегия болмақ.

Қазір бізде банктердің қосылуына қатысты қордаланған тәжірибе бар, оны іске асыра алатын отандық мамандар да жеткілікті. Осыны ескере отырып, Jysan үшін АТФ Банкті «жұтып қоюдың» плюстері бар екенін айту ләзім.

Тегтер: