Анау өссе, мынау құлайды. «Air Astana» НЕГЕ инвесторларын қуанта алмай келеді?

«Air Astana» ұлттық компаниясының созылмалы дертке шалдыққаны анық байқалды. Қатарынан екі жыл әуе компаниясы выручкасын арттырғанымен таза пайдасын құлдыратып келеді. Негізгі тиімділдік таза пайдамен есептелетін болғандықтан осы жайт инвесторлардың мазасын қашырып отыр
«Air Astana» 2024 жылдың шоғырланған қаржылық есептілігін жариялады да, инвесторларының көңіл-күйін тағы түсірді. Компанияның операциялық және қаржылық тиімділігі жыл сайын нашарлауда. Мысалы, выручка 521 миллиард теңгеден 585,8 миллиард теңгеге, яғни 12,4 пайызға өскен. Бірақ дәл осы кезде таза кіріс бір жылдың ішінде 17 пайызға құлдырап, 25,52 миллиард теңгеге әрең жетті. 2023 жылы компанияның кірісі 30,74 миллиард теңге болған.

Тура осындай жағдай былтыр да қайталанған еді. 2023 жылдың шоғырланған қорытындысы бойынша «Air Astana» АҚ выручкасы 2022 жылмен салыстырғанда 60 миллиард теңгеге артып, 535 миллиард теңгені көрсетеді. Алайда, таза кірісі 37,58 миллиард теңгеден 30,74 миллиард теңгеге азаяды.
-
-
Тақырыпқа орай: Выручка өседі, таза кіріс құлайды. Air Astana-ға НЕГЕ сұрақ көп?
-
Бір қызығы тек Эйр Астанада ғана осындай айналып келе беретін дерт байқалады. Басқа ұлттық компанияларда мұндай ауру жоқ. Выручка өсуімен қатар Air Astana өзінің шығындарын, оның операциялық, амортизациялық және қаржылық шығыстарын мүлде бақылай алмай отыр.

Компания президенті Питер Фостердің британдық менеджменті жүйесі сыр бергені анық. Бір сөзбен айтқанда Фостер қазір тиімді менеджер емес. Керісінше зияны көп тиімсіз басшыға айналып барады.
Бірақ соған қарамастан оның жалақысы мен бонустары теңгелей кәдімгідей өскен. Себебі, 2024 жылы басшылыққа қосымша акция бойынша бонустар төленді.
Жалақы, сыйақы, бонустардың бәрін қосқанда Air Astana менеджменті былтыр 4,3 миллиард теңге санап алды. Бұл шамамен 8,7 миллион доллар.
Былтыр Air Astana IPO-ға шыққанда оның Қазақстан қор биржасындағы жай акциясы (тикер - AIRA) 1 093 теңгеге бағаланған еді. Биржадағы бүгінгі бағасы 774 теңге. Осы уақыттан бері әуе компаниясының құнды бағаздары тек арзандаумен келеді.
Ұлттық компанияның мұндай қаржылық жұмысынан ең алдымен мемлекет зардап шекпек. Себебі, 41% үлесі бар ең үлкен мажоритарлы акционер – «Самүрық-Қазына» қоры. Таза пайда азая бастағандықтан, мемлекеттің әуе компаниясынан алар дивиденді де қысқарады. Ал дивиденд қазір ел бюджетіне ауадай қажет болып тұр.