Сайын даланың бақытты олигархы. Өтемұратов НЕГЕ «Тәңірдің сүйікті ұлы» саналады?

Forte тобы 2024 жылы «Самұрық-Қазына» қорының қарызынан құтылды және таза пайда бойынша жаңа рекорд орнатты. Болат Өтемұратовтың өз банкінен дивиденд алуын бұған дейін де ешкім шектемеген болатын. Енді мемлекет алдында мүлде қарызы жоқ болғандықтан, олигарх биыл кемінде 80 миллиард теңгені өзіне оңай аудара алады. Өйткені бәрі заңды.
Forte тобы 2024 жылды 160,3 миллиард теңге таза кіріспен аяқтады. Соның есебінен банкте қордаланып қалған үлестірілмеген таза пайда көлемі 185 миллиард теңгеге жетті және биыл осыдан төленетін дивидендті жалғыз Болат Өтемұратов қана алатын болады. Себебі былтыр оның ұлы Алидар Өтемұратов өзінің Forte банкіндегі азғантай үлесін әкесіне сатып кеткен еді.

Алты жыл бұрын Forte банкі 220 миллиард теңгеге жылдық мөлшерлемесі 4% болатын облигациялар шығарып, оны «Самұрық-Қазына» қоры сатып алған болатын. Мерзіміне сәйкес, 2024 жылдың аяғында банк осы борыш қағаздарын өтеп, мемлекеттік қорға купонымен бірге 228,8 миллиард теңге қайтарып берді. Енді Өтемұратовтың мемлекет алдында қарызы жоқ.
Болат Өтемұратов Forte банкінің 90,91% акциясына иелік етеді. Бір сөзбен айтқанда, толық қожайын. Олигарх өз банкінен 2022 жылдың қорытындысы бойынша 49 миллиард теңге, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 58,2 миллиард теңге алған. Биыл 2024 жылдың нәтижесі бойынша төленетін дивидендтен кертіп жейді.

Болат Өтемұратов биыл қанша дивиденд алуы мүмкін? Теоретикалық тұрғыда оның 162 миллиард теңгені қалтаға басуына еш кедергі жоқ. Бірақ Болат Жәмитұлы соңғы жылдары таза пайданың кем дегенде жартысын банкте қалдырып жүр. Қазіргі таза пайданың 160 миллиард теңге екенін ескерсек, біз өз тарапымыздан Өтемұратов оның тең жартысын – 80 миллиард теңге алуы мүмкін деп топшылаймыз. Ол да аз ақша емес.
Болат Өтемұратов үшін 2024 жыл қаржылық жағынан да, саяси конъюнктура тұрғысынан да жайлы болды. Банкі рекордтық табысқа ие болса, оған қарасты «Верный Капитал» қаржылық тобы «Информбюро/31 арна» медиа құрылымын Есілдің сол жағалауына жақын күштердің қолына тапсырды.
Осы арқылы Өтемұратов өзінің «Жаңа Қазақстанға» лоялдығы мен саяси амбициясының жоқтығын дәлелдей алды. Бұл олигарх үшін «жақын арада еш қауіп жоқ» деген кепілдік береді және Жәмитұлының бизнеспен алаңсыз айналыса беруіне жол ашады. Олигарх үшін бұдан асқан бақыт бар ма?