Зейнетақы қорындағы ақшаға қалай үй алуға болады?
Nege.kz авторы зейнетақы қорындағы қаржысына қалай үй алуға болатынын зерттеп көрді. Зерттеудің соңы немен аяқталды?
Осы жолдардың авторы достарына қызығатын. Олар қала сыртында жер үйде тұрады. Демалыс сайын достарын қонаққа шақырып кәуап пісіріп, аулада балалар мәре-сәре ойнайтын. Бірақ таңғы кептелісте достары авторға қызығады. Өйткені метроның түбінде оның 3 бөлмелі пәтері бар. «Қалай болғанда да, қаланың сыртынан бір жер үйдің болғаны артық етпейді» деп қалалық көптен бері ойлап жүрген. Жексенбі күндері барып, бала-шағасымен демалып қайтар еді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысы бойынша, зейнетақы жинағының шекті мөлшерден артық қаржысын баспана алуға жұмсауға мүмкіндік беру туралы тапсырмасын естігенде, ең алдымен ойына келгені осы.
Осы сенбіде бұл мақсатта арнайы жасалған портал жұмысын бастап, автор тапсырманың қалай іске асып жатқанын зерттеп көрді.
Сонымен, үй алғыңыз келсе, төмендегідей мынадай қадамдардан өтуге тура келеді:
1. Электронды-цифрлі қолтаңба
Қарапайым жұртқа түсінікті тілмен айтқанда – ЭЦП. Егер ЭЦП болмаса, бұл зерттеуді ары қарай оқудың қажеті жоқ. Оны онлайн алуға болады және қалай алу керектігі жайында интернетте том-том ақпарат бар. Смартфон емес, ноутбук не компьютер қажет. Ноутбукты алып, ыңғайланып жайғасып алыңыз.
2. Ала алатын сомаңызды біліп алу қажет
Ол үшін https://cabinet.enpf.kz/porog Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының арнайы сервисіне кіріп, қолға тиетін соманы анықтап аламыз. Автор егер бірден салық төлемей, салықты бөліп төлейтін болса, онда 9 200 000 теңге алуға мүмкіндігі бар екен.
Автор сізге БЖЗҚ-дан шешіп алатын ақшаның салығын бірден төлемей, кейін бөліп төлеуді таңдауға кеңес береді. Сол кезде қолға тиетін ақшаңыз 10 пайызға көбейеді. Әрі бүгін қолға алған миллион теңгенің құны 10 жылдан кейін түсетін миллион теңгеге қарағанда әлдеқайда жоғары екенін ұмытпаған жөн. Cалықты кейін бөліп төлегеннен еш ұтылмайсыз.
3. Үй таңдап қою керек
«Бірінші ақшаны алып алайық, сосын көреміз» деуге болмайды. Әр нәрсенің мақсаты айқын болғаны дұрыс. Сонда ғана дегеніңізге жетесіз. Автор Крыша сайтынан 9 миллион теңгеге үй қарап отырып, Алматыға жақын Жаңалық ауылынан тәуір үйді көзі шалып қалды. Ауданы 130 шаршы метр екен.
Жері де жеткілікті. Бірден қожайынына телефон шалып, алатын болып келісіп, Каспи арқылы алдын ала төлем жасап қойды. Бұл жерде автордың бір қателігі – үйді суретін қарай салып, алуға шешім қабылдағаны. Дұрысы – барып көріп, әр бұрышымен танысып шығу. Тіпті мұндай жағдайда алаяқтарға тап болуыңыз мүмкін. Үйді көрмесе де, автор кадастр нөмірі арқылы қожайынның аты-жөнін анықтап, сатушының алдап тұрмағанына көз жеткізді. Бірақ бәрібір барып, өз көзіңізбен көруге кеңес береді.
5. Арнайы шот ашу
БЖЗҚ ақшаны тек арнайы шотқа аударады. Ол үшін қазір «Отбасы банкінде» немесе «Халық банкінде» онлайн түрде арнайы шот аша аласыз. Шамамен 5 минут уақыт кетеді. Арнайы шот туралы интернетте көптеген ақпарат бар.
6. Электронды өтініш беру
Негізгі қадамдарға да жеттік. Арнайы шот ашқаннан кейін ноутбукты қолданып, (ең ыңғайлысы Google Chrome браузері) http://enpf-otbasy.kz/ порталына кіреміз.
Одан соң ЭЦП-ны қолданып, жеке кабинетке өту керек.
Одан кейін ақшаны пайдалану тәсілін таңдаймыз. Жиналған ақшаңызбен үй аламын десеңіз, «Меншікті БЗТ» дегенін басу керек. Ал егер өз қаржыңызды жақын туысыңызға аударғыңыз келсе, онда екінші батырманы таңдайсыз.
Пайдалану тәсілін таңдап алғаннан кейін, портал сізге негізгі мақсатыңызды анықтауды сұрайды. Мұнда 8 мақсат бар. Үйді бірден сатып алу, ипотека, ислам банкингін баспана алуға қолдану, жалға алған үйдің ақысын өтеу, ипотеканы жабу, жер алып үй салу, емделу сынды баптар қарастырылған. Автор «Ипотекасыз тұрғын үй сатып алу (толық сатып алу) мақсатын таңдайды. Оған ипотека керек емес. Үйді бірден сатып алмақ.
Одан кейін салық төлеу тәсілін таңдау керек. Осының алдында салықты кейін бөліп төлеудің тиімділігі айтылды. Сондықтан «тең бөліп төлеу» деген бірінші нұсқасын таңдаймыз.
Артынша «Өтінімді қалыптастыру» батырмасын басып, ЭЦП арқылы қол қоямыз.
Өтінім рәсімделеді де, енді екі құжатқа қол қою керек болады. Бірінен кейін бірін ашып, қол қойып шығамыз.
Мынау – зейнетақы қаржысын алуға арналған басты өтініш.
Ал мынау – салық бойынша өтініш.
Бұдан кейін портал сіздің атыңызға ашылған арнайы шотты өзі автоматты түрде іздеп табады. Оған бір сағаттай уақыт кетуі мүмкін. Бәрі сәтті болса, мынадай хабарлама тұрады.
Енді 5 күннен кешіктірмей арнайы шотқа өтінімге сай 9 200 000 теңге келіп түседі. Автор осы дүйсенбіде сатушымен кездесіп, нотариусқа барып үйді сатып алу шартын жасасады. Оған шамамен 40 мың теңге кетпек. Қазір нотариустан шыққан келісім-шартты «Халыққа қызмет көрсету орталығына» апарып тіркеудің қажеті жоқ. Нотариустың өзі онлайн түрде тіркеп береді. Нотариус келісім-шартты әділет органдарында онлайн тіркегеннен кейін үй бірден сіздің атыңызға ауысады.
Арнайы шотқа ақша түскеннен кейін біз http://enpf-otbasy.kz/ порталына құжаттар жүктеуіміз қажет. Ол қандай құжаттар?
Жаңағы келісім-шартты сканерлейміз. Одан кейін http://egov.kz электронды үкімет сайтынан (не Телеграм боты арқылы) тұрғын үйге меншік құқығын растайтын анықтаманы, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы құжатты жүктейміз. Сканерден өткен келісім-шарт бар, еговтан алған құжаттар бар, осыларды түгел электронды файл PDF түрінде http://enpf-otbasy.kz/ порталына жүктейміз.
Оларды «Отбасы банк» тексереді де, бәрі дұрыс болса, сатып алу шартында көрсетілген сатушының банктегі есеп-шотына қажетті соманы аударады. Шамамен осы аптаның соңында сатушыға ақша түседі де, автор армандаған жер үйге қол жеткізеді.
Міне, осы талаптарды сіз де мұқият орындап шықсаңыз, таңдаған үйіңізді сатып аласыз да, аулада кәуап пісіруге және бала-шағаңыздың таза ауада мәре-сәре ойнауына мүмкіндік жасап бересіз.