Түркістаннан «толк» болмады. Көне қала НЕГЕ бәрімізге кедейлік қамытын кигізді?
Қазақстан Түркістанның қырсығынан орасан зор бюджеттік дефицитке тап болып, биыл Ұлттық қордан 2,4 триллион теңге алмақ. Сол қаржының 409 миллиард теңгесі, яғни бестен бір бөлігі осы жылы тағы да Түркістанға бағытталатын болады. Облыс бір жылда өзінің тапқанынан 15 есе көп жұмсайды. Билік бұл үрдісті тез арада тоқтатпаса, халықтың жағдайы түзелмейтіні анық.
Елімізде кедейліктің артып, әлеуметтік жағдайдың шиеленісіп, халықтың көшеге шығуына олигархтармен қатар ықпал еткен факторлардың бірі – Түркістан. 2018 жылы Нұрсұлтан Назарбаев «түркі әлемінің бесігін қайта жаңғыртамын» деген желеумен Түркістанда үлкен құрылыс бастаған болатын. Оған билікке жақын олигархтардың құрылыс компаниялары қатысып, тайқазаннан өз үлестерін бөліп алды.
-
Тақырыпқа орай: Ұлттық Қорды соратын жаңа насос. Түркістан НЕГЕ өзіне құйылған қаржыны ақтай алмайды?
Соңғы 3 жылда Түркістанға құйылған қаржы көлемі 1 жарым триллион теңгеге жетіп отыр. Одан бөлек, Түркістанға сыйлық деп барлық өңірлерді қалада нысан салуға мәжбүрледі. Жалпы мультипликативті түрде алсақ, соңғы 3 жылда әр қазақстандықтың аузынан жырылған қаржының жартысы Түркістанға кетті.
Түркістан облысының 2022 жылдағы жоспарланған табысы. Дереккөз: Түркістан облысының 2021-2023 жылдарға арналған бюджеті.
Түркістан облысының 2021-2023 жылдарға арналып бекітілген бюджетіне сай, биыл облыс салық және салықтық емес түсімдерден 27,8 миллиард теңге табады. Бір сөзбен айтқанда, бір жылда облыстың бар табатыны осы. Ал құртатыны – 436,3 миллиард теңге. Облыс өзінің тапқанынан 15 есе көп жаратады және сонысымен бүкіл Қазақстанға ауыр жүк болып отыр. Жетпей жатқан 409 миллиард теңгенің Ұлттық қордан алынатыны ешкімге жасырын емес.
-
Тақырыпқа орай: Ақша жинау үшін ақша құртатын мемлекет. Ұлттық Қорды басқару үшін биыл НЕГЕ 13 миллиард теңге жұмсалды?
Мол бюджетті басқарып, оны қалауынша жаратуға үйреніп қалған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеевтің президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа экономикалық моделіне қиыспайтыны байқалады. Шүкеев – 2000 жылдардың басындағы мұнай қымбат, ақша ас та төк кезеңдегі мемлекеттік менеджер. Ол қаржыны игеріп, мемлекеттік шығыстар арқылы экономиканы өсіруге үйренген. Бірақ контрциклдің минусты кезеңінде Шүкеев форматындағы өңір басшылары қанша талпынғанмен экономикалық тиімділік көрсете алмайды.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев. Фото: КазТАГ
Сондықтан қаржылық утопия жағдайында өмір сүріп жатқан Түркістан облысын тез арада орнына қою үшін алдымен саяси шешімдердің сұранып тұрғандығы анық. Онымен бірге, Түркістан облысы әкімдігіндегі шенеуіктер менталитетін 180 градусқа бұру керек.
Түркістанға ақша құртудың орнына, ақша табатын уақыт келді. Облыс оны неғұрлым тез түсінсе, соғұрлым өздеріне оңай болады.