27 Желтоқсан 15:50

Ақша жинау үшін ақша құртатын мемлекет. Ұлттық Қорды басқару үшін биыл НЕГЕ 13 миллиард теңге жұмсалды?

Фото:

2021 жылдың 11 айында Ұлттық Қорды басқару шығындары 13,7 миллиард теңгеге жетті. Бұл ұлттық компаниялардың активтерін жекеменшікке сатудан түскен қаржыдан да көп.

11 айдың ішінде Ұлттық Қордың қоржыны 1,04 триллион теңгеге қысқарған. Жыл басында Қор қаражаты 28,21 триллион теңгені құраса, осы желтоқсан айында 27,16 триллион теңгеге түсіп қалды. Демек, 2021 жылы тапқанымыздан жұмсағанымыз көп болып тұр.

Нақтырақ айтсақ, биыл Ұлттық қорға 3,09 триллион теңге табыс түскен. Оның ішінде, 2,25 триллионы мұнайдан түсіп отыр. Мұнайдан бөлек, Қорға мемлекеттік меншікті жекешелендіруден 8,7 миллиард, ұлттық компаниялардың активтерін сатудан 10,6 миллиард, жер сатудан 159 миллион теңге келген. Сонымен бірге, Қор активтері әкелген инвестициялық табыс 799 миллиард теңгеге жетті. 3,09 триллион теңге кіріс кіргенімен, Ұлттық Қордан алынған сома 4,14 триллион теңгеден асып отыр. Оның барлығы дерлік, яғни, 4,13 триллионы мақсатты және кепілдік берілген трансферттер ретінде бюджетке кеткен. Қалған 13 миллиард теңге Қорды басқару үшін жұмсалды.

2021 жылдың 1 желтоқсанына Ұлттық Қор түсімдері және оны пайдалану туралы есебі. Дереккөз: ҚР Қаржы министрлігі

«Қорды басқару үшін жұмсалатын қаржының басым бөлігі сыртқы аудит қызметіне кетеді. Себебі, стандарт бойынша суверенді қорлар жыл сайын аудиттелген есебін жариялап тұруы тиіс», - деп түсіндіреді, Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары.

«Аудит қаржының мақсатты жұмсалғанын және инвестициялардың тиімділігін тексереді. Активтердің тиімділігі біз үшін өте маңызды мәселе, ол сатып алынған құнды қағаздардың қандай пайда түсіріп жатқанын көрсетеді. Бұл ретте тек табыс емес,  олардың тәуекел деңгейін біліп отыру да өте маңызды»

Биыл Ұлттық Қорды барынша сорған бағыт – Түркістан облысы болып отыр. Қордан алынған 4 триллион теңгенің шамамен 20 пайызы Түркістанға жұмсалған. Нақтырақ айтсақ, Түркістанның биылға жоспарланған бюджетінде трансферттер түсімі 838 миллиард теңгені құрғанын байқай аламыз.  

Келесі жылдан бастап Ұлттық Қордан алынатын сома жыл сайын қысқара беруі тиіс. Бюджеттік Кодекске осындай параметрлер енгізілген болатын. Атап айтқанда, кепілдік берілген трансферт көлемі 2022 жылы 2,4 триллион теңге, 2023 жылы 2,2 триллон, ал 2024 жылы 2 триллион теңге болады деп жоспарланған.

Тек ол үшін экономика коронавирус сынды күтпеген апаттарға тап болмауы керек. Себебі, сәл кризис басталса болды, біздің үкімет Ұлттық Қордың сандығын аша салуға әбден үйреніп алған.

Тегтер: