3 Қараша 22:05

Ұлттық Қорды соратын жаңа насос. Түркістан НЕГЕ өзіне құйылған қаржыны ақтай алмайды?

Фото:

Биылғы жылдың 9 айында жергілікті әкімдіктердің бюджеттік шығысы 5,9 триллион теңгені құрады. Оның ішінде ең көп қаражат – 591 миллиард теңгені Түркістан облысы жұмсап отыр. Оның шығыны тіпті Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына кеткен қаржыдан асып кеткен. Сарапшылардың пікірінше, ондай ағыл-тегіл инвестицияның өзін-өзі ақтауы күмән туғызады.

Соңғы екі жылда Түркістан облысына бұрын-соңды болмаған көлемде инвестиция құйылды деп жазады Finprom. Оның аналитиктерінің есебінше, 2019 жылға дейін облыста өнер, ойын-сауық және демалыс саласына құйылатын инвестиция жылына 8 миллиард теңгеден аспай келген еді. Ал 2020 жылы бұл сома бірден 125,3 миллиард теңгені құрады.

Биылғы 9 айда Түркістан инфрақұрылымына, әсіресе, туризміне шығындалған қаржы 80,8 миллиард теңгеге жеткен. Ал қалған 16 өңірге бағытталған инвестиция көлемі 86 миллиард теңгеге жеткен. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл Қазақстан бойынша құйылған 166 миллиард теңге қаржының тең жартысын Түркістан алған.

Бірақ одан пайда бар ма? Статистика «жоқ» дейді. Туризмге, инфрақұрылымға орасан зор шығындалып жатқан Түркістанның қазіргі көрсеткіштері басқа өңірлермен салыстырғанда айтарлықтай төмен болып отыр. Finprom есебі бойынша, биылғы жылдың бірінші жартысында Түркістанға небәрі 94,7 мың отандасымыз қонақ болып барған. Сол уақытта Алматы 447 мың, ал Нұр-Сұлтан 289 мың ішкі туристті қабылдап үлгерген.

Түркістан – ішкі туризм көрсеткіші бойынша биыл бар-жоғы тоғызыншы орында. Қарағандыдан да қалып қойды. Ал шетелден келген туристер саны бойынша тіпті соңғы орындардың біріне жайғасты.

«Түркістан облысына салынып жатқан инвестицияны қайтару үшін шамамен 10-15 миллион турист қажет деп ойлаймын», – дейді қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов. Оның айтуынша, Түркістанның мұндай көрсеткіштерге жетуі үшін кем дегенде 10 жыл қажет.

«Бәрін қазіргі күйінде қалдырып қойып, жөндеу жұмыстарына, жаңа нысандарға қаржы жұмсамаған күннің өзінде инвестицияның қайту мерзімі 8-10 жылға созылады. Бұл дегеніміз – салынып жатқан инвестиция қайтпайды деген сөз. Сондықтан Түркістанды құрылыс компанияларына, осындағы қаржыны игеруге тартылған топтарға көмектесу үшін жасалған әлеуметтік жоба деп санауға болады»

«Енді алдағы 5-7 жылда осы инвестиция қайтады деп күту қиын. Себебі, мен оны қиындататын екі факторды атап өткім келеді», – дейді Nege.kz шолушысымен тілдескен «Ұлағат Консалтинг групп» директоры, экономист Марат Қайырленов. «Біріншісі – осы қаржыға салынған нысандар қаншалықты сапалы? Біз желге шыдай алмаған саябақты, дренаж жүйесі дұрыс жасалмаған футбол стадионын, тағы басқа мысалдарды келтіре аламыз».

Марат Қайырленовтың айтуынша, қазір біз жалпы ел бойынша мемлекеттік басқару сапасының төмендеуін көріп отырмыз. Бұл тұрғысынан алғанда жергілікті атқарушы биліктен сапалы инвестициялық шешімдердің қабылдануы және жүзеге асырылуын күту өте қиын болып отыр.

«Екінші фактор – халықтың кіріс деңгейінің төмендеуі. 2007 жылы халықтың азық-түлікке жұмсаған шығыны Орталық және Шығыс Еуропа елдері деңгейінде – 36% болатын. Енді біз 2020 жылды 54 пайызбен аяқтасақ, биылғы жылдың екінші тоқсанында табыстан тамаққа кететін шығын 57 пайызға көтерілді. Үшінші тоқсанда бұдан да нашар болады деп болжаймыз. Бұл көрсеткіш бойынша біз Сахараның оңтүстігіндегі Африкадағы ең кедей елдердің деңгейінде тұрмыз. Сондықтан, Түркістанға кім турист болып барады деген сұрақ туындайды. Қазақстандағы халықтың оған мүмкіндігі жоқ. Табыстың төмендеуіне байланысты елдегі әлеуметтік шиеленіс күшейіп келеді. Қақтығыстар саны өсіп, тәуекелдер артуда. Мұндай жағдайда Түркістанға шетелден туристер ағылады деуге сену қиын»

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қай жерге барса да бюджет қаржысын молынан жұмсау моделімен жұмыс істеуге үйреніп қалғаны соңғы 10 жылда айқын байқалады. Ауыл шаруашылығымен бірге бюджеттің құмға сіңген есепсіз қаржысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне қыруар жұмыс тауып берді.

Сондықтан, қазір білінбегенімен де, киелі жердің киесі түбі жазалайтынын ескеру керек. Түркістанда қазір секунд санап шашылып жатқан теңгелер, ертең том-том қылмыстық істерге арқау болмасына Қазақстанда ешкім кепіл бере алмайды.

Тегтер: