3 Тамыз 14:20

Сатса да шығын, сатпаса да шығын. Проблемалық кредиттер қоры НЕГЕ бәрін сатса да проблемадан құтыла алмайды?

Фото:

Проблемалық кредиттер қорының бетке ұстар еншілес ұйымы – «Estate Management Company» акционерлік қоғамының дисконтпен сатылуы бойынша ақпараттар пайда бола бастады. Қор ол ақпаратты растаған да, теріске шығарған да жоқ.

«Менде Қаржы министрлігі (оның еншілес ұйымы - «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ) арқылы мемлекет 100 мың шаршы метр кеңселері мен көптеген пәтерлері бар «Estate Management Company» акционерлік қоғамын (EMC - жылжымайтын мүлікті басқарушы компания) көтерме бағамен сатуды жоспарлап отырғаны туралы жеткілікті сенімді ақпарат бар», - деп жазады, қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов.

Оның сөзінше, бірнеше жыл бұрын Үкімет алдына Проблемалық кредиттер қоры мен EMC бойынша екі стратегия ұсынылды. Біріншісі – ЕМС компаниясын нарықта сату. Екіншісі – ЕМС балансындағы А,Б,С классты кеңселер мен элиталық пәтерлерді жалға беріп, сол арқылы Ұлттық қордың қарызын жауып отыру.

«Мемлекеттік комиссияның отырысы өтіп, онда шешім қабылданғанын естігенде таң қалдым. Бұл ақпарат нақты емес, бірақ мемлекеттік комиссия ЕМС активтерін Ellington компаниясына сатуға рұқсат берген сияқты»

Расул Рысмамбетовтың мәліметінше, ЕМС активтері 100 миллион доллардан аз сомаға сатылмақ. Nege.kz ЕМС капиталын тексеріп, шынымен де активтердің 100 миллион доллардан аз сомаға сатылуы әжептәуір дисконт екенін көріп отыр. 2021 жылдың қортындысы бойынша «Estate Management Company» капиталы 73,5 миллиард теңгені құрады. Қазіргі бағаммен шақсақ 154 миллион доллар шығады.

Бірақ, осы ретте EMC қордаланған шығыны 16,7 миллиард теңгеге жеткенін ескеру керек. Оның ішінде компания 2021 жылы 33,5 миллион теңге шығын көрсетті. Ал 2020 жылы активтердің қайта есептелуінен 3,1 миллиард теңге шығын алды. Капиталынан қордаланған шығынды алып тастасақ, «Estate Management Company» акционерлік қоғамының қазіргі нарықтық бағасы 120 миллион доллар шамасында деп айтуға болады. Оған Үкіметтің стресстік активтерді дисконтпен сататын ережесін қолдансақ, ЕМС-дің 100 миллион доллардан төмен бағаға сатылып кететініне еш таңғалмау керек.

«Estate Management Company» АҚ 2021 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: Russell Bedford

Бұған мемлекеттің қандай қатысы бар? «Estate Management Company» кезінде Казком активтерінің құрамында болып, мемлекеттік "Проблемалық кредиттер қорына" өткен болатын. Сол кезде, мемлекет Казком активтерін нарықтық бағамен сатып алды.

«Проблемалық кредиттер қоры» - банктерге көмектесу үшін Ұлттық қордың ақшасына құрылған мекеме. Бұл шешімнің заңдылығы бойынша осы күндері үлкен сұрақтар туындауда. 2014 жылы Проблемалық кредиттер қорына Ұлттық қордан 250 миллиард теңге аударылады. Ал 2017 жылы тіпті 2 триллион теңге берілген. Осы ақшаны кім қайтарады? Және қалай қайтарады?

2019-2021 жылы Проблемалық кредиттер қоры мемлекетке бар-жоғы 6,3 миллиард теңге қайтарған. Оның ішінде ЕМС үлесін алатын болсақ – ол 2020 жылы Ұлттық Қорға 944 миллион теңге, ал 2021 жылы 360 миллион теңге ғана қайырып берді. Жарайды, сонда Проблемалық кредиттер қоры мемлекетке жылына 2 миллиард теңгеден беріп отырса, олар қарызын тек 1125 жылдан кейін, яғни 3147 жылы ғана жабады.

«Estate Management Company» АҚ 2021 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: Russell Bedford

Осы орайда, тағы бір қызық детальді айта кетпеске болмас. 2021 жылы ЕМС басшылығы өз жалақылары мен бонустарын 2020 жылмен салыстырғанда шамамен 2 есеге өсірген. Мысалы, осы мақсатта 2020 жылы 77,2 миллион теңге жұмсалса, 2021 жылы ол сома 132 миллион теңгеге жетті.

Бұл ретте, ең өкініштісі, «Estate Management Company» қарапайым қызметкерлерінің жалақысы айтарлықтай өспеген.

573 миллионнан 758 миллион теңгеге өсім ішінде басшылықтың 55 миллион теңге өсімі бар екенін ескерсек, қарапайым қызметкерлердің айлығы тек 20 пайызға көтерілді деп айтуға болады.  

Тегтер: