20 Қазан 13:40

Алтын шелек жалағандар. НЕГЕ «Estate Management Company» мемлекет үмітін ақтай алмады?

Фото:

"БТА", "Казком" сынды банктердің балансынан мемлекет қарамағына өткен Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы зәулім бизнес-орталықтар пайда әкелудің орнына шығынға белшеден батып қалған. Оларды басқарып отырған Проблемалық кредиттер қорына қарасты "Estate Management Company" компаниясы мемлекетке күніне 3,3 миллион теңге шығын әкеліп отыр. Неге?

"Estate Management Company" акционерлік қоғамы биылғы 6 айдың қортындысы бойынша 626 миллион теңге шығынмен шықты. Бұл шамамен ай сайын 100 миллион теңге, сонда бір күнде 3,3 миллион теңге шығын әкеліп отыр. Ал 2020 жылы компания 3,1 миллиард теңге шығынға батқан. Және оны "Estate Management Company" былтыр үкіметтің шағын және орта бизнес нысандарын 7 айға арендадан босатқаны қырсығынан компания 800 миллион теңге жоғалтты деп түсіндіреді. Бірақ бизнес-орталықтарды басқарып отырған мекеме 2019 жылы 10,3 миллиард теңге шығынға батқанын ескерсек, әңгіме коронавируста емес, мемлекет атынан отырған менеджерлердің тиімділігінде сияқты.

«Estate Management Company» АҚ 2020 жылға арналған аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: Russell Bedford

Ал егер мемлекетті шығынға батырып отырған бизнес-орталықтардың тізімін сараласақ, сұрақтар одан сайын көбейе түседі.

"CDC-1" бизнес-орталығы Алматыдағы Назарбаев пен Әл-Фараби даңғылдарының қиылысында тұр. Ең қымбат, "А" класты ғимарат. Оған ірі халықаралық компаниялар тарапынан сұраныс көп. Бірақ ол неге шығын әкелуде?

«CDC-1» бизнес-орталығы. Фото: emc-plc.com

Нұр-Сұлтан қаласындағы "Алтын Орда" бизнес-орталығы тура Үкімет үйі, Парламент пен Ақорданың қасында орналасқан. Елорда туралы барлық фотосуреттер мен фильмдердің ішінде мен мұндалап жүреді. Халық арасында "Алтын шелек" деп аталады және көптеген компаниялардың көздеп жүрген кеңсесі.

«Алтын Орда» бизнес-орталығы. Фото: emc-plc.com

Алматыдағы "Esentai Apartments". Ең «гламурный» локацияда тұрған апартамент пәтерлер. Айына 500 мың теңгеден арзан пәтер жоқ.   

Esentai Apartments. Фото: emc-plc.com

Бұдан бөлек, компанияның "Гагарин Центр", "Төле Би Центр", "D-43", "Кәусар", "Түркістан" сынды бизнес-орталықтары бар. Солай бола тұра, 2020 жылы "Estate Management Company" офистерді жалға беруден 1,5 миллиард теңге шығын көрген. Мемлекеттің қолда бар нәрсесін ұқсата алмай отырғаны осыдан байқалады. "Estate Management Company" 2020 жылы Ұлттық Қорға бар-жоғы 944 миллион теңге аударған. Мысалы, 2019 жылы олар Ұлттық Қорға 3 миллиард теңге жіберген болатын.

«Estate Management Company» АҚ 2020 жылға арналған аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: Russell Bedford

Қаржы министрлігіне бағынатын Проблемалық кредиттер қорының негізгі еншілес ұйымы – "Estate Management Company" бүкіл әлемде табысты деп саналатын бизнес секторы – REIT (Real Estate Investment Trust) бағытында жұмыс істейді. Яғни, жылжымайтын мүлікті жалға беріп, оларды басқарып, пайда табады. REIT дивиденд кірістілігі мен капиталдың өсуі көрсеткіштері бойынша 2020 жылға дейін әлемдегі ең жақсы өсіп келе жатқан салалардың бірі болып келді. Қазақстанда да, ғимаратты жалға беріп отырған жеке компаниялар табыссыз емес.

Бірақ бір қызығы, іске мемлекет араласса болды, бұрын кіріс әкеліп жүрген салалар бірден шығынға батып, қол жайып, көмек сұрай бастайды. Бұл жағдайда "Estate Management Company" басқарып отырған барлық бизнес-орталықтарды тез арада нарықта сатып, түскен қаржыны Ұлттық қорға аударып, компанияның өзін жабу – ең дұрыс шешімге ұқсайды.

Себебі жыл санап қордаланып жатқан шығын компания активтерінің бағасынан да асып кетуі мүмкін. Онда осы ғимараттарды кезінде "БТА" мен "Казкомнан" қазіргі бағасынан бірнеше есе қымбатқа алған мемлекет тағы да сорлап қалмақ.

Тегтер: