3 Желтоқсан 08:50
...

Мадуро мен «какашкалар». Елдегі саусақпен санарлық сарапшылар НЕГЕ бір-бірімен қырқыса береді?

Фото:

Бұл жолы экономистер базалық ставкаға бола айқасып қалды. Сарапшы Рахым Ошақбаев «Ұлттық Банк базалық ставканы төмендету керек» деп пікір білдірген болатын. Бәле содан басталды.

Жуырда Ұлттық Банк базалық ставканы сол күйі өзгеріссіз қалдырды. Базалық ставка бізде 9% екенін ұмытпайық. Енді 14 желтоқсанда ставкаға қатысты осы жылдың соңғы кеңесі өтеді. Бірақ Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев «ставканы төмендетуге еш негіз жоқ» деген пікірімен-ақ, алдағы отырыста бәлендей өзгерістердің бола қоймайтынын білдіре салды. Базалық ставка – біздегі экономистердің көптен бері бір мәмілеге келе алмай жүрген даулы тақырыбы.

Ставканы күрт төмендету керек деп жүргендердің бірі – TALAP қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев. Оның Курсивке берген түсініктемесіне сай, қазіргі кезде базалық ставканың деңгейі экономикалық өсімді қалпына келтіруге мүмкіндік бермей отыр.

«Шағын және орта бизнес үшін басты проблема қаржының қолжетімсіздігі. Егер шынымен инфляциялық таргеттеу режимін жүзеге асырамыз десек, онда базалық ставканы төмендетіп, тіпті оны инфляциядан арзан қылу қажет».

Николас Мадуро – Венесуэла президенті. Ол өзінің қисынсыз экономикалық популизмімен елдегі инфляцияны 10 миллион процентке жеткізген болатын. Содан бері елдегі Finance.kz телеграм арнасы популистік ұсыныс айтқан сарапшыларға Мадуро деген «мәртебе» беріп отырады. Кезекті «Мадуросын» олар Рахым Ошақбаевқа дәл осы пікірі үшін берген еді.

«Бұл жолғы жаңа Мадуро TALAP директоры Рахым Ошақбаевқа ставканы төмендету бойынша ұсынысы үшін жіберіледі. Ставканы инфляциядан төмендетейік деген ұсыныс айта отырып, ол базалық ставка сынды проценттік құралдың Қазақстан жағдайында жұмыс істемейтінін мойындайды. Базалық ставканы инфляция деңгейінен төмендету инфляцияның өсуіне әкеліп қана қоймай, қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын құнсыздандырады».

Осы кезде дауға күтпеген жерден тағы бір танымал экономист Мұрат Темірханов бас қойып кіріп кетті. Ол өз постында Рахым Ошақбаевқа қолдау білдірді. «Біріншіден, мен Рахыммен толықтай келісемін. Инфляциялық таргеттеу Қазақстанда жұмыс істемейді, өйткені базалық ставканың біздің жағдайда ақша массасына әсері өте әлсіз».

«Мұның себебі – пайыздық мөлшерлемені субсидиялайтын мемлекеттік бағдарламалар нарықтағы ақшаның әділ құнын бұрмалап отыр. Базалық ставканы нақты мәнде нөлге дейін жеткізу үшін алдымен үкіметтің жеңілдетілген несиелендіру бағдарламаларын жауып тастау керек. Екіншіден, мен «базалық ставканы нөлге дейін төмендету инфляцияны арттырады» деген Finance.kz ұстанымымен келіспеймін. Егер үкімет жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларын жалғастыра берсе, инфляция өсуі мүмкін. Алайда, егер мұндай мемлекеттік бағдарламалар тоқтатылса, онда нақты базалық ставканың нөлге дейін төмендеуі инфляцияның өсуіне әкелмейді».

Темірхановтың ойынша, біздегі инфляцияның екі негізгі түрі бар: сұраныс инфляциясы (ақшалай инфляция) және шығын инфляциясы. Ұлттық Банктің пайыздық саясаты сұраныс инфляциясына әсер етуі мүмкін. Карантиндік шаралар мен мұнай бағасының күрт төмендеуі қазірдің өзінде бизнес пен еңбекке жарамды азаматтар табысының түсіп кетуіне алып келді.

Нәтижесінде біз сұраныс инфляциясының құлдырауын байқап отырмыз. Мұндай жағдайда әлемдегі көптеген орталық банктер экономиканы несиелендіруді кеңейту мақсатында базалық ставканы төмендетті. Өкінішке қарай, біздің жеңілдікпен несиелеу бағдарламалары бұған жол бермей отыр.

Nege.kz есебінше, экономистер қалай айтысса да, биыл базалық ставка өзгермейді. Ұлттық Банк нарықтағы жалпы ойын ережесін өзгертуден гөрі, атаулы несиелік бағдарламалар арқылы нақты кәсіпорындар мен кәсіпкерлерді қолдауға құлықты.

Тегтер: