19 Ақпан 13:10
...

Ковидке рахмет! Ірі мұнай компанияларында қазақстандық мамандардың саны НЕГЕ артып келеді?

Фото:

Қазақ мұнайын игеретін халықаралық компаниялар қатысып отырған үш алпауыт: ТШО, NCOC пен KPO-ның басшылық құрамы дәстүрлі ротация кезеңін бастап кетті. Коронавирус пандемиясы мен ротация үрдістерінің барысында шетелдіктерді қазақстандықтардың алмастыра бастағаны байқалып отыр

Теңізшевроил өз директоры Имер Боннерді Кевин Лайонға ауыстырса, расталған ақпаратқа сәйкес NCOC жаңа басқарушы директорды тағайындамақ. Ол – Қазақстан мен Ресейдегі Shell концернінің қазіргі төрағасы Оливье Лазар. Ал KazService дереккөздерінің хабарлауынша, ағымдағы жылдың сәуір айында KPO (Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг) бас директоры лауазымы Джанкарло Руйуға бұйырмақ. Ол – Eni компаниясының өкілі.

Eni логотипі

Бұл 2-3 жылда жүріп отыратын жоспарлы ротация, сондықтан оған таң қалудың қажеті жоқ дейді, сарапшылар.

Бірақ, халықаралық консорциумдарда жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының саны жылдан-жылға артып отыр. «Кадрларда импортты алмастыру үрдісі байқалады», – дейді Nege.kz шолушысына жағдайды түсіндірген Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұлов.

«Мысалы қазір Теңіз жобасынан көптеген шетелдіктер кетіп, оның орнын отандық мамандар басты. Осы орайда, ТШО директорының жаңа орынбасары Айбек Қырамбаевты атап өту керек. Осы азаматтың келуімен, «Теңізшевройлға» қазақстандықтар көптеп жұмысқа тартыла бастады»

Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, шетелден келетін экспаттардың келісім-шартына олардың қазақстандық ізбасар дайындауы міндеттелген. Бірақ көп жағдайда осы бап орындала бермейді. Ол бір жағынан біздің адамдардың енжарлығы мен экспаттың оған деген ниетінің жоқтығына байланысты.

ТШО

«Коронавирус пандемиясы кесірін көп тигізгенімен, бір жағынан көмектесті деуге болады», – дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары. «Локдаун уақытында көптеген шетелдіктер елдеріне қайтып кетті. Олардың орнын біреу басу керек болды».

«Cол кезде отандық мамандарға сұраныс күшейді. Бір жағынан, мұнайдың әлемдік бағасы құлдыраған уақытта қымбат экспаттан гөрі, жалақысы төмендеу, бірақ біліктілігі кем түспейтін қазақстандық маман көбірек бағаланды. Және біздің мұнайшылар өздерінің кәсіби деңгейін осы уақытта көрсетіп үлгерді»

Nege.kz есебінше, ірі мұнай консорциумдарында экспаттарды жергілікті қызметкерлермен алмастыру үрдісі пандемиядан кейін де жалғаса береді. Себебі, біздің мамандар жұмыс берушіге экономикалық жағынан өте тиімді.  

Тегтер: