11 Қазан 11:45

ҚОРЖЫНЫМЫЗ минуста. Ұлттық қорды соңғы үш жыл НЕГЕ сенделтіп жіберді?

Фото:

Қазақстанның Ұлттық қоры 2019 жылдан бері бір тиынға да өспей келеді. Ал Ұлттық банктың осы қорды басқару туралы Мемлекет басшысына берген есебінде 2022 жылғы инвестициялық шығын 2,6 триллион теңгеге жеткені белгілі болды. Бұл – Ұлттық қордың 10,35 пайызы.

2022 жыл – Ұлттық қор үшін нағыз катастрофа болған. Инвестициялық шығын көлемі бойынша ол мұның алдындағы барлық жылдардан асып түсті. Бұған әрине, әлемдік нарықтардағы турбуленттік, соғыстар, пандемиядан кейінгі инфляция әсер еткені анық. Ұлттық қорды басқарушылардың жағдай өзгерген кезде оған тез бейімделе алмайтынын да байқап отырмыз.

Бір өкініштісі, Ұлттық қор 2019 жылдан бері өспей келеді. 2022 жылы қорға 6,4 триллион теңге қаржы аударылса да, ол жылы қордан алынған трансферт де аз болмаған.

Ұлттық қор тек қана мұнайдан толығады. Оған түскен қаржының басым бөлігі корпоративтік табыс салығынан келген. Осы салық үлесі 35,40 пайыз болды. 2022 жылы Ұлттық қорға 109 компанияның салығы кіріс ретінде түскен.

Қазақстан 2030 жылға дейін Ұлттық қор активтерін 100 миллиард долларға дейін жеткізуді мақсат етіп қойған болатын. Бірақ сарапшылардың ойынша, мына түрімізбен 100 миллиард доллар межесін бағындыру мүмкін емес.

Мысалы, 2023 жылы мұнай бағасы айтарлықтай төмендеп, Ұлттық қорға түсетін ақша да аз болады. Ал Үкімет бюджет шығыстарын тоқтаусыз көтерумен келеді және осы шығындардың барлығын жабу үшін Ұлттық қордан трансферт тартуға машықтанып алған. Өткен жылғы профицитпен салыстырғанда, қазір мұнайсыз тапшылық көлемі бірден 60%-ға өсіп отыр.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы ендігі инвестияциялық табыстың тең жартысына ортақтасатынын білеміз. Биылғы 9 айда Ұлттық қордың инвестициялық табысы 840 миллиард теңге болған. Осы қалпында қалса, онда еліміздегі 6,5 миллион баланың әрқайсысының есепшотына 65 мың теңгеден түсуі тиіс.

Ұлттық қор – құбылмалы әлемдегі еліміздің ең соңғы үміті. Бірақ қорға сене бермей, басқа жағынан да әрекет жасауымыз керек. Бұл жағынан билік креативті шешімдер ойлап таба алмай отыр.

Тегтер: