15 Мамыр 21:36

Павлодарлық оқушы сыныптасы мен мұғалімін жарақаттады – Мектептегі қауіпсіздікке жауаптылар жазалана ма?

Пышақ жарақаты
Фото: ғаламтордан

Павлодарда сыныптасы мен мұғалімге пышақ жарақатын салған оқушыға психологтардың көмегі қажет болған, деп мәлмдеген еді Павлодар қаласының әкімі. 

Алайда мектеп басшылығы баланың бұл жағдайынан хабарсыз болған. Оның  мектепке пышақпен келгенін де байқамаған.

Айтуларынша, мектеп қауіпсіздік тексерісінен өтпеген, сондай-ақ қауіпсіздікке қатысты шағымдары бұрын да болған екен.

Бұл мәселеге қатысты қандай шара қолданылады? Мектеп әкімшілігі жауапқа тартыла ма?

Еділ Оспан
Фото: ОКҚ

NEGE тілшісі жолдаған сауалға Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында ҚР Оқу-ағарту вице-министрі ОСПАН ЕДІЛ САБЫРҰЛЫ жауап берді.

«Бұл мәселе бойынша бүгін де сөз қозғадық. Кеше министрдің төрағалығымен шұғыл кеңес өткізілді. Кеңесте Павлодар облысындағы осы жағдайға байланысты жауаптар тыңдалды. Мектептегі қауіпсіздік жүйелеріне қатысты айтатын болсақ, өткен жылы еліміз бойынша қауіпсіздік желілерін қамтамасыз ету үшін күрделі жұмыс жүргізілген болатын. Одан бөлек, биыл біз мектептердегі қауіпсіздік жүйелерін күшейту бойынша шешім қабылдап, министрліктің №117 бұйрығына тиісті өзгеріс енгіздік. Қазір бұл жұмыстар әкімдіктермен пысықталып жатыр. Ал осы жағдайға байланысты Павлодар облысында арнайы комиссияның отырысы өтіп, тиісті шаралар пысықталды. Министрлік тарапынан балалар құқықтарын қорғау жөніндегі комитет төрағасының орынбасарлары оқиға орнына барып, жағдайды бағалау бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Осы тексерулердің қорытындысы бойынша мектептің қауіпсіздік жүйесінің талаптарға сәйкес келмеуі немесе кімнің тарапынан құқық бұзушылық болғаны анықталып, жауапты адамдар тиісті жазасын алатын болады», – деді Еділ Сабырұлы.

Осы оқиғадан кейін министр өңірлердегі психологиялық қызметтердің жұмысын күшейтуді тапсырды. Оның қалай жүргізілетінін вице-министр түсіндіріп өтті.

«Барлық 14 өңірде психологиялық қызмет құрылады. Павлодар облысы жағдайды ескере отырып осы шешімді қабылдап жатыр. Қазір фронт-офис жасақталды. Бұл психологиялық орталықтардың бұрын маңызы болмаған еді. Олар мектептегі педагог-психологтардың жұмысын үйлестіру және олардың қызметіне әдістемелік қолдау көрсетумен шұғылданатын болады. Одан бөлек, өңірдегі психологиялық қызметтің жұмысына жетекшілік жасайды. Ата-аналар мен балалар осындай психологиялық орталықтарға жүгіне алады. Қазіргі таңда министрлік тарапынан осы жұмыстар бақылауда. Өңірлерге тиісті тапсырмалар берілген. Барлық өңірлерде психологиялық орталықтарды құру жұмыстары келесі оқу жылының басына дейін аяқталуы тиіс», – деді Еділ Сабырұлы.