5 қаңтардан кейін билік мүлдем жаңа саяси болмыста әрекет етуге мәжбүр. Қаңтар қанды қырғынынан соң тактикалық таңдаулар бұрын-соңды болмаған қауырт түрде жасалып, жылдар бойына қордаланып қалған күрделі мәселелер бір күннің ішінде-ақ өз шешімін тауып жатыр. Бұрын мүмкін емес деп саналған жайттар бір сәтте-ақ жүзеге асып, үйреншікті нәрсеге айналуда.
Сондай бір шешімді алып қарайықшы. Ол – президент Тоқаевтың «Қазақстан халқына» қорын бастамасы.
Сөз жоқ, орынды шешім.
Бір жағынан, олигополияға қарсы күресті өзі бастап, кешеге дейін биліктің еркетотайы болып қана қоймай, президентке, премьерге, министрлер мен әкімдерге сөзін өткізіп келіп, сол арқылы экономиканың майшелпектерін иеменденіп алған ықпалды топтарды тәубасына келтіргені жұрттың қызу қолдауын тапты. Осы үдерістің заңды көрінісі саналатын бөлек қордың құрылуына қоғам оң қабақ танытқаны да рас. Және де қорға түскен қаржы шынымен де әлеуметтік қолдауға зәру топтар мен нақты көмек жобаларына жұмсалатыны көптің көңілінен шығуда.
Фото: ғаламтордан
Бірақ, осы орайда төмендегідей сұрақтар туындайды.
Біріншіден, әлеуметтік және басқа да қолдау көрсетуге арналған мемлекеттік бюджеттің тиісті баптары бар емес пе? Президент белгілі бір шаруаға араласса, бюджет қаржысын жұмсау арқылы ғана араласуы заңды емес пе?
«Бұл қордың президентке еш қатысы жоқ, оны қоғам өзі құрды» деп қанша жар салса да, қоғам санасында ол бәрібір «Тоқаев құрған қор» боп қалатыны түсінікті. Сондықтан, қалай ма оны Тоқаев, қаламай ма, бұл қордың тыныс-тіршілігі, жақсы аты мен жаман аты президентпен тікелей байланыстырылады.
Және де «аузы күйген үріп ішеді» демекші, бөлек заң деңгейіндегі мәртебеге ие болып, қаржыны оңды-солды шашып, бүгінде былық-шылығы әмбеге аян болған, тіпті тұтастай бір банктер мен экономиканың тұтас салаларына иелік еткен «тұңғыш президенттің қорына» деген қазіргі күдікті көзқарас та «Тоқаев қорының» беделіне өз салқынын тигізіп жатқанын ешкім де жасыра алмайды.
Екіншіден, бұл қордың құрылтайшыларына қатысты әртүрлі қауесет тарауда. «Цезарьдің әйелі күдіктен ада болуы тиіс» деген сөз бар емес пе? Меніңше, бұл қор мейлінше сүттен ақ, судан таза болуы шарт! Қор қоғаммен байланыс жасаудың классикалық үлгісін көрсетуі тиіс! Өйткені, ел ішін кезіп жүрген әртүрлі алып-қашпа сөздердің президенттің абыройы мен беделіне нұқсан келтіретіні хақ! Қорға арызданған 13 мыңнан астам адамның ішінен той-томалақ өткізуге көмек сұрағандардың табылуы да қордың басты мақсаттарынан қалың жұртгшылықтың әлі де бейхабар екенінің көрнекті көрінісі.
Қордың әр қадамын, әрбір құжаты мен шешімін әділетсіздіктен әбден зәрезап боп, ашынған қоғам микроскоппен шұқшия бақылайтыны айтпаса да түсінікті. Мәселен, қор қызметкерлері орташа есеппен 600 мың теңгеге жуық жалақы алады деген ақпарат ұзын елдің үйіріне, қысқа елдің қиырына тарап кетті. Қорды құрған президенттің өзі «елде бір миллиондай адам 50 мың теңге жалақы алады» деп, үкіметін сынап, жерден алып, жерге салып жатқанда, бұл қалай болғаны?! Бұл қомақты қаржыға (штатында 25-30 адам болады екен) қор кеңсесіне ғимаратты жалға алуға, материалдық-техникалық базасын құрауға, күнделікті жұмысқа қажетті басқа да шығындарды қосыңыз.
Бұл дегеніңіз тағы да бір бюрократтық аппарат емес пе?!
Меніңше, мәселені шешудің бір оңтайлы жолы бар.
Қордың жұмыс бағыт-бағдарын анықтап, қаржыны қайда, кімге бөлу керектігі туралы басты шешім қабылдайтын орган қоғамдық негізде (яғни жалақысыз) жұмыс істейтін болуы тиіс. Оның құрамына басқа жерден тиын-тебенін алып отырған депутаттар, тәуелсіз журналистер, қоғамдық ұйым өкілдері, тәуелсіз сарапшылар тартылсын. Ол өзі тоғыздан алтыға дейін кеңседе отыруы шарт қызмет емес қой. Меніңше, өзін патриот санайтын әрбір азамат мұндай миссияға атсалысуды өзіне үлкен мәртебе санар еді.
Ал қордың операторы, яғни күнделікті қаржылық құжаттарын реттеп отыратын құрылым ретінде Қаржы министрлігінің аппаратын белгілеуге болар еді.
Сонда қордың тыныс-тіршілігіне бір де бір тиын жұмсалмайды да, жиналған қаржы түгелімен халықтың игілігіне жаратылар еді!
Үшіншіден, қорға қаржы жинау принциптеріне қатысты өзекті, әлі де жауабын таба алмай жатқан сұрақтар бар.
Бұл өзі бір реттік акция ма? Әлде жыл сайын жиналатын жылу ма? Олай болса, ол қаржының көлемін кім анықтайды? Әр қалталы адам өзі шеше ме? Әлде, қапиталы мен бизнесінің көлеміне қарай ма?
Өйткені, миллиардерлердің бір-екі миллион доллармен шектелуінің өзі күлкілі жағдай емес пе?
Б.Назарбаев. Фото: ғаламтордан
Меніңше, президент өзі «халықпен бөлісуі керек» деген Қазақстанның қазба байлықтарын сату арқылы байлыққа кенелген олигархтарға тиесілі компаниялар мен кәсіпорындардан пиарға көбірек ұқсайтын осынау бір мезеттік науқанмен қаржы аудартқаннан гөрі, салық заңнамасы негізінде тұрақты түрде ел бюджетіне не Ұлттық қорға ресми төлемдерді төлетіп отырғаны жөн! Сонда ол жұмыс өркениетті әрі жүйелі түрде жүргізіліп, қазына тола түсер еді.
Төртіншіден, мәселенің моральдық жағы тағы бар.
Әгәрәки, белгілі бір байшыкеш осы қорға қаржы аудармаса ше? Мәселен, ол «бизнесім таза, тиісті салықтарды уақтылы төлеп жатырмын, басқаша қайырымдылық жасауға жағдайым жоқ» десе ше? Осы қорға ақша аударғандар, биліктің ілтипатына ие болып, ұзын арқан, кең тұсау тірлік кешіп, оның уығын қадасып, шаңырағын көтерісуден бас тартқандар «қара тізімге» ене ме? Қорға қол үшін бергендер заңды бұзып жатса, олар жауапқа тартыла ма, әлде қорға берген ақшасына бар кінәсін кешіретін индульгенция сатып алғаны ма? Орта ғасырда қазынаға қаржы жинау үшін Рим папалары қалталыларға «кешегі, бүгінгі және ертеңгі күнәларын кешіретін» осындай қағаздар сатқан жоқ па?!
P.S. Айтпақшы, біздегі ең бай адамдар – ресми түрде бизнесі жоқ, тек қана айлыққа қарап отырған әкімдер мен министрлер, ірі шенеуніктер екенін бәрі біледі. Олардың бар жиған-тергені не әйелдерінің, не мүлдем басқа біреудің атына жазылған. Ол қасқалар президентке деген ыстық сезімін қалайша білдірмек?!