15 Мамыр 18:51

Көлік жүргізу құқығы жоқ ереже бұзғандар 7 жылға дейін құжат ала алмайды

Жүргізуші куәлігі
Фото: gov.kz

Мәжілістің жалпы отырысында екінші оқылымда қабылданған жекелеген көлік құралдарына қатысты заңнама бойынша енді жүргізуші куәлігі жоқ және оны алмай тұрып көлік құралын басқарған, оның ішінде алкоголь немесе есірткі қолданған мас күйінде жауапкершілікке тартылған тұлғалар 7 жылға дейін емтихан тапсыра алмайды.

Астана, NEGE. Қазіргі заңнама бойынша куәлігінен айрылғандар әкімшілік жазасын өтеген соң, емтиханды оп-оңай тапсырып, жүргізуші куәлігін ала алады. Енді осыған ұқсас айыптар бойынша жауапқа тартылған жүргізушілер 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады.

Бұл заң жобаларына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары бастамашылық еткен және олар биылғы 17 сәуірде бірінші оқылымда мақұлданған.

Заң жобаларымен жұмыс жасау барысында Мәжілісте төмендегі нақтылаулар енгізілді:

– мопедтерді мемлекеттік тіркеу заң қабылданған соң алты айдан кейін басталады;

– жүргізушіде А, В, С санатындағы куәліктері болған жағдайда мопедтерді жүргізуге бағытталған «А1» санаты автоматты түрде беріледі;

– қозғалтқышы бар велосипед ұғымы нақтыланады;

– қозғалтқышы бар велосипедті жаяу жүруге арналған жолдар мен тротуарларда жүргізуге тыйым салынады;

– көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізетін ұйымдарға қойылатын талаптар күшейтіледі. Олардың жұмысын беру тәртібі арқылы реттеу енгізіледі;

– көлік құралының габариттері мен салмағы бөлігінде жолдардағы цифрлық жүйелермен бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу тәртібі өзгеруде;

– жолаушыларды тасымалдау қауіпсіздігіне, көлік жүргізушілерін оқытуға бірқатар қосымша талаптар енгізіледі.

Аталған толықтыруларды баяндаған депутат Е.Смышляева осы және басқа да бірқатар ұсыныстар редакцияны жақсартып, заң жобасының мазмұнын толықтырады дейді.