Мұғалімдерді аттестаттау қашан бір жүйеге қойылады?
Мұғалімдер тапсыратын аттестацияның мың құбылып, сан мәрте өзгеріп жатқаны туралы айтылып жатыр.
Бұған дейін педагог-зерттеушілер өз деңгейінде қалатын болса, тест тапсырмайтыны айтылған. Кейін оның барлығын алып тастап, қайтадан тест тапсыратын болып шешілді.
Білім министрінің 2024 жылғы 2 сәуірдегі бұйрығымен Қазақстандағы педагогтарды аттестаттау ережелері мен шарттарының жаңа редакциясы бекітілген болатын.
Неге аттестацияға қатысты нақтылық жоқ? Ол қашан бір жүйеге қойылады?
NEGE тілшісі жолдаған сауалдарға Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі НАТАЛЬЯ ЖҰМАДІЛДАЕВА жауап берді.
– Бізде аттестацияның шартымен жұмыс жөнінде арнайы топ құрылған болатын. Оған 60-тан астам адам қатысты. Ол жерде тек педагогтар емес, білім саласында жұмыс істейтін Үкіметтік емес ұйымның өкілдері де болды. Аталмыш жұмыс тобы әртүрлі сұрақтарды талқылады, ғылыми жұмыстардан мысал келтірді. Қабылданған нормалардың көбі ұстаздар қауымымен бірлесе қабылданған.
Ал егер мұғалімдердің қалауы туралы айтатын болсақ, олардың қалауы мен жаңа ережелерге деген көзқарасы білім саласындағы зерттеулермен айналысатын ҮЕҰ өкілдерінің көзқарасымен сәйкес келе бермейді. Олар, жұмыс тобына бүгінгі таңда тестілеуден өту арқылы толығымен қайта аттестациялау қажеттілігі туралы дәлелдерді көрсетті.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ұстаздарымыздың жұмыс тиімділігі толығымен цифрландырылады және мұғалімнің жұмысы Ustaz электронды платформасында бағаланатын болады. Сонымен қатар, бағалаудың ең жоғары үлесі мұғалімнің практикалық іс-әрекетіне келеді – бұл оның сабағын талдауы, оқыту әдістері мен әдістемелерді тиімді қолдана білуі, сондай-ақ мұғалімнің сыныптарды оқыту сапасы. Бұл платформаға көшу үшін тестілеу кезінде мұғалімнің пән бойынша білімі ғана бағаланады, ал педагогика мен әдістеме мәселелері практикалық деңгейге көшеді.
Жұмыс тобы мұғалімдер 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін негізгі пән, әдістеме және психологиядан тест тапсыру арқылы аттестациядан өтеді деп шешті, – деп жауап берді Наталья Жұмаділдаева.